Accessibility links

Американың заң шығарушылары Өзбекстанға жаза қолдануға үндейді


Өзбекстанның Әндіжан қаласында 2005-інші жылдың 13-інші мамырында болған қанды қырғынның 1-жылдығы қарсаңында америкалық сенатор Джон Маккейн мен конгрессмен Кристофер Смит 9-ыншы мамыр күні Орта Азия аймағындағы демократия ахуалына байланысты заң жобасын тағы ұсынатындарын мәлімдеді. Егер бұл жоба мақұлданатын болса, онда адам құқықтары саласында айтарлықтай оң өзгеріс болмай және Әндіжандағы қанды оқиғаның жай-жапсарын халықаралық деңгейде тергеуге мүмкіндік берілмей Өзбекстанға АҚШ жағынан ешқандай қаржылай көмек берілмейтін болады. Сондай-ақ аталған заң жобасында президент И.Кәрімовтің отбасы мүшелері мен ресми биліктегі үзеңгілестеріне АҚШ визасын бермеу мәселесі де қарастырылған.

2008-інші жылғы президент сайлауына Республикалық партиядан үміткер болып түсуі әбден мүмкін деп саналатын сенатор Дж.Маккейннің аузынан И.Кәрімовтің саяси режимі туралы онша көп жылы сөз шықпады. “Азаттық” Радиосының және “Корнеги Қорының” демеуімен ұйымдастырылған форумда сөйлеген сөзінде Маккейн өткен жылдың ішінде Өзбекстандағы адам құқықтарының жағдайы бұрынғы нашар халінен де ауырлай түсті деп мәлімдеді.

“1 жыл бұрын Өзбекстанда ешбір тәуелсіз баспасөз құралы немесе нағыз оппозициялық партия болған жоқ-ты; үкіметтің адам құқықтары бойынша есебі сұмдық болды; саяси құқықтар туралы да тіпті ешқандай мәлімет жоқ. Үкімет “исламшыл лаңкестеріне қарсы күрес” деген желеумен көбіне өзінің тәртібіне қарсы келгендерді тұтқындаумен айналысты, кейде тұтқындарды қинап-жәбірледі. Енді, 1 жыл өткеннен кейін, мұндай нәрселер одан да нашарлай түсті”, - деп атап көрсетті АҚШ сенаторы.

“Әндіжан қантөгісінен” бері қарай Дж.Маккейн “саяси режим қарусыз халықтың бейбіт наразылығын хайуандықпен басып-жаншуға кірісті, оппозиция өкілдері мен адам құқын қорғайтын белсенділерді жаппай тұтқындап, оларды қинап-зорлаумен шұғылданып, “Сталин заманын еске түсірді”, -деп айыптап келеді. Өзбекстандағы адам құқықтарының жайы “Әндіжан қантөгісінен” бұрын да ауыр болғаны туралы пікірмен конгрессмен Кристофер Смит те келісті. Сондай-ақ Смит Өзбекстанға және жалпы Орта Азия аймағына ислам ұйымдарының, оның ішінде “Өзбекстанның ислам қозғалысы” мен “Хизб-ут-Таһрир” тобының айқын қатері төніп тұрғанын мойындады, бірақ, сонымен бірге, “қинау-зорлаудың кең етек жаюы” мен “мұсылмандарға қарсы жорық” осы ахуалды тек ушықтыра түскенін атап көрсетті.

“И.Кәрімовтің репрессияларды табанды түрде жүзеге асыруы, менің сенімім бойынша, елдегі ахуалды ауырлата түседі және, бәлкім, радикалды топтар мен лаңкестік ұйымдар қатарының өсуіне түрткі болды”, -деп мәлімдеді конгрессмен Смит.

К.Смиттің келтірген уәждерін сенатор Дж.Маккейн әрі қарай жалғастырды. Сенатордың пікірінше, Өзбекстандағы адам құқықтарының жайы осы елдің ғана ішкі ахуалын нашарлатып қоймай, АҚШ-тың Орта Азия аймағындағы қауіпсіздік мүддесіне кесірін тигізді. Дж.Маккейн Америка Құрама Штаттарын Еуроодақтың ізімен жүруге шақырды. Сенатор Маккейн:

“Ресми Ташкенттің іс-әрекеті біздің қауіпсіздік жөніндегі мүддемізге қайшы келетіні анық. Және олар шетелдердегі азаттық пен демократияны дамытуға бағытталған біздің күш-жігерімізге тосқауыл болып отыр. Менің есептеуімше, Өзбекстаннан көріп отырғанымыздай асыра сілтеушіліктерге біз, америкалықтар ретінде, үнсіз қарап отыра алмаймыз. Еуропа Одағы үнсіз қалған жоқ. Өткен жылдың қазан айында Еуроодақ шектеу қойды, оның ішінде Өзбекстанға қару-жарақ сатуға тыйым салу, қантөгіске жауапты шенеунектерге виза бермеу және олардың банк активтеріне құлып салу шаралары бар. Кем дегенде біз де осындай жаза қолдануға тиіспіз”, - деп атап көрсетті.

Конгрессмен Смиттің айтуынша, Дж.Маккейнмен бірлесіп ұсынған “Орта Азиядағы демократия мен адам құқықтарын ынталандыру Актісі” деп аталатын заң жобасында виза бермеу және қару-жарақ экспортына тосқауыл қою сынды Еуроодақтың қабылдаған заңында қарастырылған ерекшеліктер де бар. Өткен жылы АҚШ Өзбекстанды қару-жарақпен қамтамасыз еткен жоқ. Бірақ К.Смиттің айтуынша, мұндай тәжірибені заңдастыру керек.

“Тыйым салу баптары өзбек шенеунектері мен олардың отбасы мүшелерінің және олардың “Әндіжан қырғынына” немесе адам құқықтарын аяққа таптаған басқа да жайттарға қатысы бар сыбайластарының банк активтеріне құлып салуды да қамтиды”, - деп түсіндірді конгрессмен Кристофер Смит.

Аталған заң жобасын алғаш рет өткен жылдың шілдесінде К.Смит енгізді. Оның ең маңызды тұсы – барлық қайырымдылық емес көмек, оның ішінде әскери көмекті президент Дж.Бушты Орта Азияның барлық 5 республикасына түгел демократияландыру үдерісі мен адам құқықтарын саласында анық алға жылжу болғанда ғана бөлуге міндеттейді. Заңның жаңа үлгісінде адам құқықтарын жетілдіру мен демократияны дамытуға 118 млн. доллар, сондай-ақ “Азаттық” Радиосы мен “Америка дауысы” Радиосына” қосымша 15 млн. доллар қаржы бөлу қарастырылған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG