Accessibility links

2006 жылы мемлекеттік тапсырыспен жазылатын материалдарға бюджеттен 10 жарым миллиард теңге бөлінбек


Биыл Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тапсырыспен жазылатын материалдарға бөлінетін қаржы ұлғайтылды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев министрліктің алқа отырысында хабарлады. Оның айтуынша бұған 10 жарым миллиард теңге көзделеді. Ал, қайсібір сарапшылардың айтуынша министрдің редакциялық саясатқа жоғар жақтан медиа жоспар түсірумен, міндетті түрде басылатын мақалаларды жарыққа шығартуы күні ертең онсызда жағдайы мүшкіл сөз бостандығына кесірін тигізуі мүмкін.

Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша 2005 жылы мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыруға барлық 90-ға жуық электронды бетке ұстар бұқаралық ақпарат құралдары қатысқан, ол кезде бюджеттен 8 миллиард 800 миллион теңге бөлініді, биыл қаржы ұлғайды, дейді министр. Ертісбаевтың айтуынша 2006 жылы мемлекеттік тапсырыспен жазылатын материалдарға бюджеттен 10 жарым миллиард теңге бөлінеді.

Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев мұның артында үлкен саясат жатыр деп санайды:

- Мемлекеттік емес газеттерге де тапсырыс бергелі жатыр. Онда сол газеттер сол министрліктің саясатын жүргізеді деп айтуға болады ашық. Біз оның астарын білеміз. Қазір мен білемін, көп газеттер айтады, анау «Новое поколение» деген газет бар ғой, тиражы бар, оларға да айтыпты: сендер мемлекеттік тапсырысты алыңдар деп, олар айтыпты жоқ редакциялық саясатты біз өзіміз жүргіземіз деп.

Ал, «Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамының президенті Жұмабек Кенжалиннің айтуынша, мемлекеттік тапсырысқа бөлінетін қаржы барлық бұқаралақ ақпарат құралдарына беріле бермейді, екіншіден, ақпарат таратуда тек кемшілік емес, басқа да мәлімет таратылу керек.

- Мемлекеттік тапсырыс деп отырғанымыз мемлекеттің саясатын жүргізіп отыратын бұқаралық ақпарат құралдарына берілетін тапсырыстар. Мысалы, біздің еліміздегі оң тәжірибедегі оң бағыттағы парламент, үкімет тарапынан, жалпы мемлекет атынан жұмыс істейтін адамдардың осы бағыттағы сол газет, журнал, телевизия бетінде көрсетуге берілетін тапсырыстар. Оны жарнамалық мақсаттағы акция деп түсіндіруге болмайды, ол - қате түсінік. Біз осы мемлекетте отырған соң оның түтіні түзу шығуы керек. Бізде тек қана кемшілік емес, оң тәжірибелер көп қой, соны жақсылап көрсету керек. Елу елдің қатарына не үшін кірейін деп жатырмыз, жақсылығымызды, жасампаздық әрекетімізді көрсетуіміз керек, сол үшін, - дейді Жұмабек Кенжалин.

Ал, өз есімін жасырған журналистің айтуынша, жаңа министрдің бұл әрекеті дұрыс, бірақ тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсетпей, оларды да барлық шараларға шақырған абзал болар еді, дейді ол:

- Мысалы, мына жанымыздағы Қытайды алсақ, олар елдерін насихаттауға өте шебер, содан кейін оларға инвесторлар көп келеді. Ал, басқа шетелдерде министрлерді жамандаған газет, журналдар болса, олар сол редакциямен соттасады немесе отставкаға кетеді. Сөз бостандығы сол жерде жатыр деп ойлаймын. Бізде де насихат пен сол тепе-теңдік болса дұрыс болады. Ақша бөлінгені дұрыс, бірақ, тәуелсіз газет, журналдарға бостандық берсе. Мысалы, түрлі шараларға шақырғанда тек өздеріне керектілерді ғана шақырады, ал, дами алмай жатқандарды жауып, сотқа беріп, сынайды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің алқа отырысында хабарланғандай биыл бюджеттен министрліктің шығысына деп 22 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал, министр Ертісбаевтың айтуынша бұл қаржының тең жартысына жуығы мемлекеттік тапсырыспен материал шығаруға жұмсалмақ.
XS
SM
MD
LG