Accessibility links

“Жеңіл су реакторы” деген не және ол Иранды қызықтыра қоя ма?


Дипломаттардың айтуына қарағанда, Иранды уранды байыту өндірісін тоқтатып, “ауыр-су реакторының” құрылысынан бас тартуға көндіру мақсатында Еуропа Одағының жетекші 3 елі - Германия, Ұлы Британия және Франция – Теһранға оны ынталандырудың құрамдас бөлігі ретінде “жеңіл-су реакторын” ұсынуды жоспарлап отыр. Реакторлардың осы екі үлгісінің бір-бірінен қандай айырмашылығы бар және ресми Теһран “жеңіл су реакторына” қызыға қоя ма? “Азаттық” Радиосының тілшісі Оксфорд зерттеушілері тобының мүшесі, британдық ядролық физика ғалымы Фрэнк Бернэбимен (Frank Barnaby) осы сауалдар бойынша сұхбаттасқан болатын.

“АЗАТТЫҚ” Радиосы: - “Жеңіл су реакторы” мен “ауыр су реакторының” ең басты айырмашылығы неде? – деген сауал қойды. Оған Фрэнк Бернэби былай деп жауап берді.

БЕРНЭБИ: - Осы 2 үлгідегі реактор да плутоний өндіреді және бұл плутонийді қолданыстан шыққан отын элементтерінен бөліп алып, ядролық қару жасау үшін пайдалануға болады. Басқа жағынан қарағанда, “ауыр су реакторы”, жалпы айтқанда, ең қуатты ядролық қару жасауға қажетті плутонийді әлдеқайда екпінді өндіреді. Айталық, Сіз ядролық қару жасағыңыз келсе, оған “ауыр су реакторы” жақсы. Бірақ оған “жеңіл су реакторы” да жарайды.

“АЗАТТЫҚ”: - Бұл – азаматтық атом электр стансаларының барлығы да “жеңіл су реакторымен” жұмыс істейді дегенді білдіре ме?

БЕРНЭБИ: - “CANDU” немесе “Си-Эй-Эн-Ди-Ю” -деп аталған Канаданың реакторлары – “ауыр су реакторлары”. Барлығы емес, бірақ электр қуатын өндіретін реакторлардың басым көпшілігі – “жеңіл су реакторлары”. Әлбетте, дәл қазір орыстар Иранның Бушерінде “жеңіл су реакторын” салып жатыр.

“АЗАТТЫҚ”: - Мерзімі біткен “ауыр суды” және “жеңіл суды” не істейді?

БЕРНЭБИ: - “Ауыр су” мен кәдімгі (жеңіл) судың бір-бірінен айырмашылығы – кәдімгі H2O суы үйреншікті “дұрыс” сутегі изотопын пайдаланады. Ауыр су – табиғаттан табылған “дұрыс емес” сутегіні – дейтерийді қолданады. Демек Сіз, “ауыр су” алғыңыз келсе, дейтерийді өндіріп, оны оттегімен араластыруға тиіссіз”.

“АЗАТТЫҚ”: - Иран Арақта “ауыр су реакторын” салып жатыр және оны ізденістер мен басқа да бейбіт мақсатқа қолданатынын мәлімдейді. Сіздің пікіріңізше, оны осылай деп түсіндіруге бола ма?

БЕРНЭБИ: - Бұл – зерттеулер үшін жақсы ауқым. Одан сәл үлкені, бәлкім, басқа жерде және зор ауқымда істеліп жатқан болар. Бірақ, ол жерде, шынында да, ядролық қару жасауға жарайтын плутоний өндіреді. Демек, бұл, іс жүзінде, екі түрлі мақсатты көздейді.

“АЗАТТЫҚ”: - Егер, шынында да, Иран электр қуатын өндіру мен ізденістерді мақсат еткен болса, онда неге “ауыр су реакторын” салуға ұмтылады? Соған тиянақты жауап бар ма?

БЕРНЭБИ: - Иранның көзқарасы бойынша, “ауыр су реакторының” артықшылығы – ондай реактор Иранның өзінде бар табиғи уранмен қоректенеді. Оның қоректенуіне қажетті уранды Сіз байытуға тиіс емессіз. Бұл, Иранның көзқарасы бойынша, артықшылығы”.

“АЗАТТЫҚ”: - Иранның Бушеріндегі зауыт секілді “жеңіл су реакторлары” – отын ретінде байытылған уранды қажет ете ме?

БЕРНЭБИ: - Шынында да, “жеңіл су реакторлары” 235-інші уран шикізатының 3.5 пайызға байытылған уран отынын талап етеді. Алайда, ядролық қаруға – 90 пайыздан да жоғары байытылған уран қажет. Міне, ол жерде зор айырмашылық бар. Демек, Иран өзінің “ауыр су реакторына” отын ретінде табиғи уранды пайдалана алады. Бірақ олар ғылыми ізденістері үшін “жеңіл су реакторын” салуға барса, онда уранды байытуға тиіс болады.

“АЗАТТЫҚ”: - Тоқетерін айтқанда, Иранның табанды түрде “ауыр су реакторын” ғылыми ізденістер мен бейбіт мақсатта ғана салуын, бәлкім, байытылған уранның сырттан импортталуына тәуелді болғысы келмеуімен түсіндіруге бола ма?

БЕРНЭБИ: - Ия, әрине, осылай деп түсіндіруге де болады.

“АЗАТТЫҚ”: - Ал, бірақ, Сіз соған сенесіз бе?

БЕРНЭБИ: - Дәл қазір, шынында да, не олай, не бұлай деуге ешқандай айғақ жоқ. Иранның ядролық қару жасап жатқанын байқатқандай “түтіні шыққан” ештеңе жоқ. Басқа жағынан келгенде, оның бағдарламасы ядролық қаруға қолын жеткізуі мүмкін. Демек, менің есептеуімше, ол жайында әркім ашық пікірде болуға тиіс.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG