Accessibility links

Солтүстік Кавказ: Құпия түрмелерде отырғандардың естеліктері


Халықаралық Хельсинки федерациясы Ресейдің қауіпсіздік күштері мен олардың шешенстандық одақтастарының Шешенстанда құпия түрмелері және адамдарды заңсыз ұстайтын басқа да қамау орындары туралы жаңа есебін жариялады. Бұл баяндамада осындай орындарда ұсталып, түрлі азаптауға душар болғандардың айтқан деректері келтіріледі. Сондай жасырын түрме тұрғындарының бірі «Азаттық» радиосының Солтүстік Кавказ редакциясына берген сұхбатында 2004 жылы заңсыз қамауда отырған кездегі басынан өткен жайттар турасында бөліскен болатын.

Ресейдің әскери киіміндегі 50 шақты адам Шали ауданының бұл тұрғынын үйінен таңертеңгілік мезгілде келіп алып кеткен екен. Әскерилер оның көзін байлап тастап, өзін таяқтап, ұрып-соққан. Мұнан соң оны электр тогымен қатты соққы беріп , терең қазылған ұра-зынданға тастаған.

- Әлгі ұраның тереңдігі 8-10 метрдей болады, оған арқаннан жасалған баспалдақтар түсірілген. Әрбір 10-15 минут сайын олар мені зынданнан шығарып жауап алып, азаптап, қинап отырды. Бірінші рет олар мені ұраға тастағанда көзімді байлап қойып, егер мен көзімнің байлауын шешетін болсам, зынданға граната тастаймыз деп қорқытты. Соңғы рет зынданға көзімді байламай-ақ тастады, сонда мен оның қабырғасынан маған дейін осы зынданда отырған әйел, ер адамдардың тырнап жазып қалдырған көп аттарын оқыдым. Бұны жантүршігерлік жайттар деп атаса болады.

Венада орын тепкен Адам хұқтары жөніндегі Халықаралық Хельсинки Федерациясының жаңадан жарық көрген есебінде мұның өзі Шешенстанда сирек кездесетін жайт емес екендігі айтылады.

Баяндамаға сәйкес, мұндай сотсыз қамау орындары, жауап алатын, азаптап-қинайтын зындандар Ресейдің федералдық күштері мен олардың Шешенстандағы одақтастары толық бақылауына алғысы келетін бұл аймақта көптеп саналады. Жар асты зындандары, темір контейнерлер қарапайым азаматтарды қорқытып-үркітіп ұстау үшін Ресейдің Шешенстандағы екі соғысы кезінде де пайдаланылып келген.

Шали ауданында үйінен ұсталып әкетілген азамат өзін зынданға салғандардың шешен күрескерлері туралы ақпараттар алғысы келгенін айтады.

- Олар менен Шешен көтерілсшілері қай жерде орналасқан, есірткілерді кім сатады, қару-жарақ қайда сақталады деп сұрады. Мен оларға мұндай мәліметтерді білмейтіндігімді айттым, ал олар болса біз сенің есіңе түсіруіңе көмектесеміз деді. Сондай жауап алулардың бірінде олар менен тойда әуеге оқ атқан адамның есімін ата деді.

Бұл адамды есінен танып құлағанша электр тоғына отырғызып, ұстаған. Кешке қарай оны екі қолын артына байлап, жол үстіне тастап кеткен.

1999 жылы екінші Шешен соғысы басталғаннан кейін көп уақыт өтпей-ақ Ресейдің федералдық күштері бұл аймақта жасырын түрмелер жүйесін құра бастаған. Олардың көпшілігі жер асты зындандары мен қазылған терең ұраларға ұқсас қарапайым болған.

Сосын жылдар өте келе ол құпия қамау орындары жетілдіріліп, түрлендіріле түсті және олардың саны да артты, дейді Халықаралық Хельсинки федерациясының атқарушы директоры Аарон Родс.

- Мұнда көптеген заңсыз түрмелердің жұмыс істеп тұрғанын дәлелдейтін фактілер бар. Есепте көрсетілгендей олардың саны да, түрлері де көбейе түскен. Шешенстанда заңсыз түрмелердің көптеген түрлері қолданылады, - дейді Аарон Родс.

Ресей Европа кеңесінің Министрлер комитетінде төрағалық етуге даярланып жатқанда Мәскеудің Шешенстандағы құпия түрмелерге тергеу-тексеру жүргізуін талап ету қажет деп жазылған Хельсинки ұйымының баяндамасында.

Осы аптада Халықаралық Хельсинки ұйымы Американың Орталық барлау басқармасының құпия түрмелері жайындағы деректерге Европа кеңесі үшін тексеріс-зерттеу жүргізген швейцарлық сенатор Дик Мартиге өтініш жолдап, Шешенстандағы Ресейдің осындай қамау орындары туралы да зерттеулер - тексерулер жүргізуін сұрған.

Родс бұндай өтініштің өзі проблемаға Европа кеңесінің назарын аударту үшін жасалып отыр деп атап көрсете келіп, Европа кеңесі шешен мәселесінде айқынырақ бағыт ұстанады ғой деп үміттенеді.

AzattyqTV

Ресейдің "тыңшысы"

Kaspersky Lab. дауы

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG