Accessibility links

Баспасөз шолуы. 05.20.2006 жыл


Баспасөз бетінде мемлекет есебінен бөлінетін қаржының қайда кетіп жатқандығы туралы сөз етілген. Бұдан бөлек, Қазақстандағы демалыс орындарының жағдайы да журналистердің назарына ілігіп отыр.

Мемлекеттің жүздеген миллион ақшасы Қарағандыдағы медициналық қызмет орындары басшыларының қалтасына түскен деп жазады Караван» газетінде басылған мақалада. «Қарағанды облыстық арнайы диагностикалық мекемеге тегін медициналық қызмет көрсеткені үшін жыл сайын кем дегенде 82 миллион теңге бөлінеді. Бұл ақшаның қалай өтеліп жатқандығын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Аталған орталық бақылаудың жоқтығын пайдаланып, қосымша пайда табудың әдісін жасап алған» делінген мақалада. «Мәселен, тегін емделетін рұқсаты бар адам келеді, ал тіркеуде адам оған кезектің жетуіне 2-3 апта барын айтады. Оған келіспесе, ақылы бөлімде барлығы жылдам бітетіндігі қоса ескертіледі. Содан жұрттың барлығы ағылып төлем орнында кезекте тұрғаны. Пайда табудың осындай әдісі Қарағандыдағы барлық ауруханалар мен емханаларға жайылған» деп жазады басылым. Мақалада сонымен қатар диагностикалық бірлестік ақылы қызметі үшін ай сайын 4 миллион теңге табатындығы, заң бойынша оның 4 пайызы әкімшіліктің қазынасына түсетіндігі айтылған. «Бұл істің ақиқатын прокуратура анықтайды» деп жазады «Караван» газеті.

Мемлекеттік тапсырыс үшін өткізілетін тендер жүйесінде олқылықтың көптігі туралы мақала «Новое поколение» газетінде басылды. Мақалада бұрынғы көлік және коммуникациялар министрі Нығметжан Есенғариннің «Қазақстандағы жолдардың сапасы сын көтермейді. Барлық мәселе тендерді өткізу жүйесінің кемшіліктерінде» деген мәлімдемесі келтірілген. Оның пікірінше, тендердегі жүйесіздіктің салдарынан жол жөндеу жұмыстары кім-көрінгеннің ісіне айналған. «Жолға қатысты тендерге қатысатындардан оның инженерлік, өндірістік ақуалын анықтап алу керек. Осы нәрсе орындалмаса, жол мәселесін біз ешуақытта шеше алмаймыз. Қыруар ақшаны желге ұшырамыз, ал күткен нәтижеге жетпейміз. Айтылған әңгіме жол мәселесіне ғана қатысты емес» деп түйіндейді «Новое поколение» газеті.

Аталған басылымда сонымен қатар Қазақстандағы емделу орындарының жағдайына қатысты мәліметтер келтірілген. «Кеңес өкіметі тұсында денсаулық сақтау министрлігінің қарамағында 220 санаторий болыпты. Ал республикалық кәсіподақ басқармасына қарасты ірі 20 санаторий жұмыс істеген. Жекешелендіру кезінде бұл жүйе толығымен құлады. Көптеген санаторийлер нарық талабына төтеп бере алған жоқ. Қазір Қазақстандағы санаторийлердің саны жүзге де жетпейді» делінген мақалада. Және бұрындары емделушінің әрбір қадамы дәрігерлердің қадағалаауында болғандығы айтылады. «Ал қазір ақшаң болса болды, ешқандай дәрігердің нұсқауынсыз, тікелей емделу орнына бара береді. Ал бұл дегеніңіз емделушінің денсаулығына ешкім жауапты емес деген сөз» деп жазады «Новое поколение». Нарық проблемаларымен қатар емдеу орындарында тағы бір мәселе пайда болды, ол – экология. «Өндіріс қалдықтарының сыртқа тасталуынан Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Оңтүстіқ Қазақстан облыстарындағы емдік бұлақ көздері ластанып жатыр. Бұл проблеманы санаторийлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдау арқылы ғана жөнге келтіруге болады» деп қорытады «Новое поколение» газеті.

Ал «Панорама» газетінде Қазақстандағы демалыс орындары туралы сөз болды. Қазақстанның туризм индустриясы өткен жылы шамамен 11 миллион адамға қызмет көрсетіпті. Соның ішінде Алматыдан шетелге 58 мың адам барса, келгендерінің саны 42 мың екені айтылған. Мақалада Алматы қаласының жылына 300 мың туристі қабылдауына шамасы жететіндігі жазылған. «Өткен жылы Қазақстаннан Ыстық-көлге демалушылар аз болды, соның есесінен Бурабайға барушылар көбейген. Ал Түркияда 100 мың қазақстандық болып қайтыпты. Жалпы алғанда Қазақстанда демалыс орындарына деген сұраныс жылдан-жылға өсіп келеді» деп жазады «Панорама» газеті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG