Accessibility links

Вашингтон Астананы өзіне жақын тұта бастады ма?


АҚШ-тың Орталық Азиядағы әскери базасына байланысты әртүрлі бөгет пайда бола бастағандықтан АҚШ ресмилері Вашингтонның осы аймаққа қатысты саясатын қайта қарап жатыр. 2005-ші жылы Өзбекстан үкіметі АҚШ әскерлерін Қаршы-Ханабад әуе базасынан шығарып жіберген болатын, ал Қырғызстан үкіметі Манас әуе базасының жалдық ақшасын 100-есеге көбейтуді талап етті. Қазір осы мәселеге байланысты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алайда аймақтағы кейбір ақпарат құралдары Вашингтон Астанадағы ресмилермен келіссөз өткізіп, әскерлерін Қазақстанға көшіруі мүмкін деп хабар таратып отыр.

“АКИ-пресс” ақпарат агенттігі мен parohod.kg Интернет басылымы егер Қырғызстанның Манас әуе базасына қатысты келіссөз сәтсіз аяқталса, онда Вашингтон АҚШ әскерлерін көршілес Қазақстанға көшіруі мүмкін деп хабарлады. Бұл хабарлар Манас әуе базасын АҚШ-тың жалға алуына байланысты Вашингтон мен Қырғызстан арасындағы келіссөздер созылып кеткендіктен тарап отыр. АҚШ-ы Манас әуе базасын 2001-ші жылы жариялаған “лаңкестікке қарсы соғысы” үшін пайдаланып келеді.

Көптеген бақылаушылардың айтуынша, АҚШ-тың Қазақстанмен қарым-қатынастары бұдан да бұрын жақсы болған, Манас әуе базасына қатысты келіссөздің нәтижесі қандай болуына қарамастан АҚШ пен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастар одан әрі жалғаса береді.

Вашингтондағы ресми мәлімдемелерге қарағанда, Қазақстан АҚШ-тың Орталық Азиядағы маңызды одақтасына айналуда. Таяуда АҚШ Қорғаныс министрілігіндегі Еуразия бойынша хатшысының көмекші орынбасары Джэймс МакДугал лаңкестікке қарсы күрес мәселесіне Қазақстанның қосып жатқан үлесін жоғары бағалаған болатын.

“Қазақстан Орталық Азиядағы қуатты және тұрақты ел ретінде аймақтағы тұрақтылықты сақтау және лаңкестікке қарсы тұру мәселесінде жетекші роль атқара алуға қабілеті бар”, - деді МакДугал.

Ал кейбір талдаушылар АҚШ-тың Орта Азиядағы басқа ел үкіметтерімен қарым-қатынасы әлсірей бастағандықтан ол Қазақстанмен ынтымақтасуға ұмтылуда дейді.

Вашингтон Қазақстанмен әскери саласында ғана ынтымақтасып қоймай, ол, сондай-ақ, Қазақстанның табиғи ресурстарына да қызығушылық танытып отырғаны белгілі.

Өткен айда АҚШ вице-президенті Дик Чейни Қазақстанға ресми сапар жасап, Ресейді айналып өтетін жаңа мұнай мен газ құбырларын салу мәселесін алға тартқан болатын. Ал АҚШ президенті Джордж Буш Әзірбайжанды Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыр жобасына Қазақстанның қатысуын қолдауға шақырды. Ал бүгін президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұнайын осы құбыр арқылы Батыс елдеріне айдау мүмкіндігін растады.

Вашингтон Қазақстандағы баспасөз бостандығы ахуалына, оппозияцияның жағдайына, жалпы демократиялық реформалардың онша жүзеге асырылмай жатқандығына көз жұмбақшы ма сонда?

АҚШ-та орналасқан Джон Хопкинс Университетіндегі Орталық Азия мен Кавказ бөлімінің директоры Сванте Корнеллдің айтуынша, Вашингтонның Орталық Азияға қатысты саясатында демократиялық мәселелер мен қауіпсіздік және энергия мәселелері бәрі бірдей маңызды деп есептеледі.

“Қауіпсіздік пен энергетика саласы және адам хұқтары мен демократиялық мәселелерге қатысты мүдделерінде қарама-қайшылықтар бар деп өте жиі айтылады. Бұл қате ұғым деп ойлаймын, өйткені біріншіден, пост-советтік елдердің бірден демократиялық қоғамға айнала қоюы мүмкін емес”, - деді Корнелл.

Оның айтуынша, Қазақстан көп бағытты саясатты ұстануын одан әрі жалғастыра береді, сондықтан Қазақстан АҚШ-пен де, Ресеймен де, Қытаймен де, және тағы басқа алпауыт елдермен арадағы ынтымақтастығынан жемісін көре береді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG