Accessibility links

Қазақстанда доллар бағамы жеті жыл бұрынғы межеге түсті


Маусымның 13-і күні Қазақстан қор биржасында сауда аяқталған сәтте, 1 АҚШ долларының бағамы 119 теңге 38 тиын болып белгіленді. Сөйтіп, сейсенбі күнгі көрсеткіш 1999 жылы мамырда тіркелген межеге қайта түсті. Қазақстанның нарығында қалыптасып отырған жағдайға елдегі шетелдік компанияларда жұмыс істейтін азаматтар мен АҚШ ақшасымен есеп айырысатын кәсіпкерлер алаңдаушылық білдіріп отыр.

23 жасар Әсел Қазақстандағы шетелдік құрылыс компаниялардың бірінде маркетолог болып жұмыс істейді. Елде жыл басынан бері доллар бағасының түсіп келе жатқанына Әсел ерекше алаңдаулы.

- Менің жалақым доллармен есептеледі. Сондықтан, оның бағасының төмендеуі менің табысыма кері әсерін тигізеді, - дейді Әсел.

Қазақстанда доллар құны төмендегенімен, Әсел өзі жұмыс істейтін компания басшылығы қызметкерлердің жалақысын көтеруге ықылас білдірмей отырғанын айтып, қынжылады. Әйткенмен, Қазақстан қаржы нарығында туындап отырған бұл жағдайға қуаныш білдірушілер де бар.

- Доллардың бағасының түскені баспана жалдап отырған маған пәтерімнің ақшасын төлеуге қолайлы, - дейді студент жас қыз.

- Мен кезінде банктен доллармен несие алған едім. Сондықтан, қазіргі бағамның төмендеуі - мен үшін тиімді болып тұр, - дейді ер адам.

Қазақстанда доллардың ең жоғарғы көрсеткіші - 2003 жылы, 157 теңге деңгейінде тіркелген еді. Биылғы жыл басында 1 АҚШ доллары 134 теңгеге бағаланды. Ал қазір оның бағамы 119 теңгеге төмендеп, осыдан тура 7 жыл бұрынғы межеге түсіп кетті.

Алматыдағы екінші деңгейдегі ірі банктердің бірінің валюталық нарық жөніндегі сарапшысы Дана Жолдасбекова мұндай жағдай ұзаққа созылмайды деп сендіреді. Қазақстанда доллардың тым құнсызданып кетпеуі үшін Үкімет тарапынан қандай да бір қадам жасалары анық дейді ол. Сонымен қатар, сарапшының ойынша, әлемдік валюта есебінде евро санала бастауы да ғажап емес. Дегенмен, доллардың құнсыздануынан Қазақстандағы шетелдік компанияларда жұмыс істейтін қызметкерлер зиян көреді, дейді сарапшы Жолдасбекова:

– Елімізде жалақысы доллармен есептелетін жұмыскерлер аз емес. Егер бағамды тезірек межелеп қоймаса, олардың барлығының табысы төмендейтіні анық. Ал қарапайым халық үшін аса үлкен өзгерістер бола қоюы екіталай. Тауарлардың бағасы төмендеуі мүмкін, бірақ ол, долларға шаққанда солай көрінеді, ал евромен есептегенде, ол баға, әрине, жоғары. Менің ойымша, жылдың аяғына дейін барлық бағамдар белгіленіп, теңге нығая түседі.

Биылғы жылдың мемлекеттік бюджетін бекітер кезде, былтыр Қазақстан Үкiметі, доллардың орташа жылдық бағамы 127 теңге болады деп жоспарлаған еді. Алайда, соңғы 1 айда Қазақстан қор биржасындағы жағдай көрсетіп отырғанындай, доллардың теңгеге шаққандағы бағамы межеленген көрсеткіштен 7 бағанға төмендеді. Қаржы маманы Дана Жолдасбекова бұл құбылысқа мынадай баға береді:

– Халық әлі де болса теңгеге қатты сене қоймайды. Сондықтан олар ақшасын жылжитын-жылжымайтын мүлікке, алтынға салып әлекке түсуде. Бұл, әрине, өз кезегінде инфляцияға әкеліп соқтыруы әбден ықтимал. Менің ойымша, доллар ары қарай құнсыздана береді. Ұлттық банктің өкілдері мәлімдегендей, 1 доллардың бағасы 100 теңгеге түскенше, сол деңгей жаңа жылға дейін сақталады. Ал ары қарай не болатынын ешкім болжап бере алмайды.

Дегенмен, Алматыдағы валюта айырбастау орындарында айтарлықтай дүрбелең байқалмайды. Мұндағы қызметкерлер доллар бағасының құбылуынан қорқудың реті жоқ дегенді айтады.

- Ешқандай үрей жоқ. Барлығы тыныш. Ал бағаның өсі-өспеуі жайында мен ештеңе айта алмаймын.

Сарапшы Дана Жолдасбекованың айтуынша, теңге бағамының өсуiнен, Қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдері бәсекеге қабілетсіз калуы мүмкін. Теңгенiң өсуi Қазақстандық тауарлардың өзiндiк құнының жоғары болуына әсер етедi. Ал бұл өз кезегiнде тауарлардың бәсекеге қабiлетсiздiгiне әкелiп соғады дейді маман. Сондай-ақ, елеулi факторлардың бiрi - экономиканың жоғары долларлануына байланысты, банктер мен қаржы институттары сырттан доллармен қарыз алуы. Бұл қаражаттар көлемi теңгеге айырбасталып, экономикада бос доллар саны ұлғаяды. Сондықтан да, доллар ұсынысы көбейiп, оның құны азаяды, деп тұжырымдайды сарапшы Дана Жолдасбекова.
XS
SM
MD
LG