Accessibility links

Өзбекстан өкіметі бұл елге Канададан келген ұйғыр имамын Қытайға ұстап берді


Канада мұсылмандарының діни басшысы Өзбекстаннан Қытайға тапсырылған болатын. Ұйғырлар белсендісі ретінде ол онда өлім жазасына кесілуі мүмкін. Имам Хусейнжан Желилдің отбасы оның босатылуын талап етуде. Имамды босату ісінде Канада елі Қытайға мықты талап қоюы керек, дейді имам отбасының заңгері.

Осы жылдың басында имам Хусейнжан Желил Канададан Өзбекстанға үш баласымен кездесу үшін барған еді. Ол балалары қазірге дейін Қытайда тұрады. Алайда наурыздың 27-сі күні оны Өзбек үкіметі Қытай өтініші бойынша тұтқындаған болатын. Ташкенттегі түрмеге имамның отбасы мүшелері тұрақты түрде барып тұратын еді. Алайда маусымның ортасында ол жоқ болып кетті. Осы аптада Канаданың Сыртқы істер департаменті имамның отбасына оны Өзбекстанның Қытай тарапына тапсырғанын хабарлады.

АҚШ-та орналасқан Ұйғыр азаматтарының хұқын қорғау жобасының директоры Алим Сейтовтың айтуынша, Қытай өкілдері Шығыс Түркістанды қалпына келтіргісі келетін белсенділерге қарсы Қытай үкіметінің қолданып келе жатқан қатаң шараларын мысалға келтіруде. Канада Сыртқы істер департаменті болса, имамның Қытайда екендігін Бежіннің мойындауына күш салатындықтарын айтып отыр. Алайда осы отбасының заңгері Крис Маклед «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, талап бұдан да күшті болуы керек дейді.

- Канада үкіметінің Бежінге, біріншіден, имамның Канада азаматы екендігін ескертуін қалаймыз. Екіншіден, 2008-ші жылғы Олимпиада ойындарын өз жерінде өткізгісі келетін Қытайдың Канада азаматын тұтқындауы - қолайсыз іс. Мұның өзі Қытайдың адам хұқықтарына құрметін сынға салатын сәт болып отыр, - деді заңгер Маклед.

Ресей және Орта Азия елдерінің Қытаймен арнайы келісім шарты бар. Ол бойынша өз жерлеріне келген Қытайдың саяси диссиденттерін Бежін өтініші бойынша кері қайтаруға аталған елдер міндетті. Бұл жағдайды ресми Бежін ұйғыр жікшілдерінің жолын кесу үшін пайдалануда. Ұйғыр жікшілдігінің қандайда бір күш қолдануларына Желил имамның қатысы бар дегенді заңгер жоққа шығарып отыр.

- Оның Қытайдағы бар “қылмысы” - 18-ден төменгі жастағы ұйғыр балаларына өз ана тілін мен Ислам дінінің шарттарын үйретуге тырысқандығы. Және ұйғыр халқына қатысты қытай үкіметінің жүргізіп отырған басып-жаншу саясатын ашық түрде айтқандығы, - дейді отбасы заңгері.

Канада елінің азаматы ретінде Желил имам ол жерде де ұйғыр халқының қазіргі ахуалы жөнінде Канада үкіметіне кең тұрғыда айтып жүрді. Алайда Қытай тарапы Желил мырзаны бұдан 6 жыл бұрын Шыңжаң провинциясына келген Қытайдың мемлекеттік делегациясына жасалған шабуылға қатысы бар, деп айыптауда. Айып дәлелденсе, ол өлім жазасына кесілуі мүмкін.

Жағдайды ушықтырып тұрған тағы бір мәселе - қамаудағы ұйғыр белсендісі Исмайл Семедтің тергеу ісіне Желил жөнінде құжат тіркелген екен. Ол құжатта Желил имам Семедтің сыбайласы ретінде сипатталған. Ал, Семед мырза қазірдің өзінде өлім жазасын құшқан болуы мүмкін, дейді сарапшылар. Желил имамның мәселесіне байланысты Өзбек тарапы да, Қытай жағы да түсініктеме бере қойған жоқ.

Имам Желил Қытайдан 1990-шы жылы Түркияға қашып, одан кейін 2001-ші жылы Канадаға босқын ретінде келген болатын. 37 жастағы имамның алты баласының үшеуі Канадада тұрады. Әйелі Кәмила жетінші баласына аяғы ауыр екен.
XS
SM
MD
LG