Accessibility links

Қазақстанда мүлікті заңдастыру жөніндегі рақымшылық заңы күшіне енді


Шілденің 3 күні парламенттегі заң жобасы қабылданғаннан кейін Қазақстанда мүлікті заңдастыру басталды. Рақымшылық мерзімін пайдаланып өз еркімен мүліктерін заңдастырып алғысы келетін адамдарға бір жыл уақыт беріледі деп хабарланып отыр. Ал, кейбір сарапшылардың айтуынша бұл шара қарапайым халыққа емес қалталы адамдарға қолайлы.

Қазақстанның әділет министрі Зағипа Балиеваның айтуынша 3 жыл бойы жасалған мүлікті заңдастыру жөніндегі рақымшылық заңының әлеуметтік маңызы көп. Балиеваның мәліметінше, заңдастыру рәсіміне көп құжат талап етілмейді: мүлік, жер актісі және құрылыс актісі. Ал, бұл құжаттарды комиссия қарастырады деп хабарланып отыр. Бұл заңсыз құрылыс жасап жатқан жер үй иелеріне қолайлы деп хабарланған. Қала тұрғындарының сыртында елді мекендерде рәсімделмеген үйлері бар адамдар үйлерін заңдастыру мүмкіншілігін алады. Тұрғындар тек үй құнының 10 пайызын мемлекетке төлеуі тиіс, делінген әлгі ақпаратта. Ал, саясаткер Дос Көшімнің айтуынша бұл ақшасы бар адамдардың Қазақстаннан кетпесін, капитал шет жаққа шықпасын деп жасалып жатқан мәселе.

«Бұлай кейде шетелдерде де болады. Бірақ, ол уақытта мемлекетке түсетін ақша қомақты болады. Ал, Қазақстанда он-ақ пайыз сұрап отырғаны - ол тек қана биліктің қасында жүрген байлардың кезінде халықтан тонаған дүние-мүлікті заңдастыруы деп ойлаймын», - дейді Дос Көшім.

Ал, Әділет министрлігінің тіркеу комитетінің маманы Талғат Тағажайдың айтуынша, керісінше, 10 пайыз көп болуы мүмкін:

- 10 пайыз - ең тиімді. Көбісі ауылды жерден, кейде 10 пайыз көп болады деп санаймын. Сосын президент өз жолдауында 10 пайыз деп айтып қойған.

Ресми мәлімет бойынша мүгедектер, көп балалы аналар және үйлерінен табыс таппайтын елді мекен тұрғындары бұл төлемнен босатылады. Ал, «Жер тағдыры» қозғалысының өкілі Хамзи Аймурзиннің айтуынша, бұл заң халыққа еш пайда әкелмейді:

- Халықтың аты жақсы болды бұларға. Ал, ауыл халқының баяғыдан өзінің үйі бар. Кететіндері кетті. Бұл ауылдың атын пайдаланып бүркемелену.

Әділет министрлігінің тіркеу комитетінің маманы Талғат Тағажай, керісінше, бұл заң ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін жасалған деп отыр:

- Біз инвентаризация өткізгенбіз: елде шамамен бір жарым миллион жылжымайтын мүлік тіркелмеген екен. Соның 80 пайызы - ауылдық жерде. Олардың проблемасы - мүлікке құжаттары жоқ.

Қазақстан жұртшылығы өкілдерінің бұл мәселеге қатысты көзқарастары әр түрлі:

- Байлар өздеріне үйлерді алып, енді жекешелендіру анау-мынау жасайды. Қалай байлар болды, солай болады. Кедейлер қаланың шетінде тұрып жатыр. Бұрын менімен істеген оралмандар Моңғолиядан, Қытайдан келген, олар киіз үйде тұрып жатыр. Оларға біздің үкімет көмектесуі керек. Президент өткен жылдары айтып еді: қазақтар өзіміздің елімізге келсін деп. Ал, келді, енді кедей болып ойланып жүр. Көбісі кетті қайтадан Моңғолияға, Қытайға. Меніңше кедейлерге көмек беру керек. Әлеуметтік жағынан көп жақсылықтар бар президенттің жоспарында, ал, олар орындалмай жатыр.

- Меніңше, заңдастыру деген үкіметтің саясаты дұрыс. Содан кейін оған салуға кезінде рұқсат болмады ғой. Қайта үкіметке сен рахмет айтып, үкіметке тиесілі қаражатыңды төлеп, заңдастыру керек. Ал, қазір бәлен пайыз деп дауласуға болмайды. Ал, егер үкімет алып қойса қайтар едің? Бұрын Кеңес одағы кезінде сен үйшік сала алмайтынсың, ал, қазір сен заңсыз үй салып, оған дауласып отырсың.

Елдің әділет министрі Зағипа Балиеваның айтуынша, ауылдықтар шаруашылық техниканы заңдастыруға қажет құжатқа төленетін жиналымдардан да босатылады. Ресми мәлімет бойынша республикада әділет органдарында рәсімделмеген 450 мыңға жуық тұрғын үйлер бар. Ал, рақымшылық акциясы барысында 20 миллион долларға жуық қаржы түседі деп болжамданған. Және мүлкін заңдастырған адамдар жауапкершіліктен босатылады. Ресми мәлімет бойынша қазақстандықтарға қозғалмайтын мүліктің сыртында қозғалатын мүлікті, құнды қағаздар және қаражатты заңдастыруға рұқсат етіледі.
XS
SM
MD
LG