Accessibility links

Қазақстанның адам құқығы жөніндегі ұлттық орталығына азаматтардан түскен арыз-шағымның тек үштен бірі ғана қанағаттандырылады


Қазақстандық омбудсмен кеңсесіне биылғы жылдың соңғы екі тоқсанында азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдардың тек 27 пайызы ғана қанағаттандырылған. Бұл туралы Астанада шілденің 10 күні Қазақстанның адам құқығы жөніндегі ұлттық орталық жетекшісі Вячеслав Калюжный хабарлады. Ал, шетелдік заңгерлердің айтуынша дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70 пайыздан асып жығылады.

Айман Тоқаева Арқалық қаласының тұрғыны. Ол Астанадағы адам құқығын қорғау ұлттық орталығына өзінің жеке меншік кәсібін бұрынғы әкім туысына алып берді деп шағым айтып келіп отыр. Бірақ, қазақстандық омбудсменның сыртында басқа да органдар бұл мәселені шешпегендіктен енді тек президентке үміт артып отырмын, дейді Айман Тоқаева:

- Бас прокуратураның, президент әкімшілігінің мемлекеттік құқық бөлімінің тексерістерінен біраз өткенімен де олардан бізге ешқандай нәтиже болмай келе жатыр осы уақытқа шейін. Осы заңды бұзғаны туралы дәлелдейтін қаншама құжаттарымыз болса да ол кісілер көздерін жұмып, бізді бәлен жыл бойы жүргізіп қойып отыр.

Қазақстандық омбудсменге азаматтардан келетін осыған ұқсас шағымдар жыл сайын көбейіп барады деп хабарланып отыр. Бірақ, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық соңғы екі тоқсанда тұрғындардан түскен 500 шағымның тек 27 пайызын ғана қанағаттандырған. Ұлттық орталық жетекшісі Вячеслав Калюжныйдың айтуынша, мұның себебі – заң бойынша омбудсмен тек кеңес берумен ғана шектеледі.

- Ал оның кеңесін мемлекеттік орган қабылдаймын десе де, қабылдамаймын десе де өзі біледі, дейді В.Калюжный мырза.

Қазір Қазақстанда жүрген Испанияның халық қорғаушысы яғни омбудсмендерінің бірі Антонио Мороның айтуынша, көптеген елдердегі омбудсмендер тек кеңес берумен шектеледі.

- Бірақ, Еуропа омбудсмендерінің ұсыныстарына құлақ аспаған үкімет жұмысы кем болып есептеледі, - дейді ол.

Антонио Мороның айтуынша, оның елінде азаматтардан түскен шағымдардың 70 пайызы қанағаттандырылады екен.

- Өйткені, омбудсмен 23 жылдан бері жұмыс істеп келеді, оның құзыреті, қызметкерлері және қаржысы көбірек, ал, Қазақстанда қызметкерлері аз және бюджеті де кішкентай, - дейді Антонио Моро.

Қазақстанда осыдан үш жарым жыл бұрын президент қаулысынан кейін дүниеге келген омбудсменнің жылдық бюджеті 30 миллион теңгеден аспайды. Оның сыртында жергілікті омбудсменнің құзіреті кішкентай деп хабарланып отыр. Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталық жетекшісі Вячеслав Калюжныйдың айтуынша, азаматтардан келіп түскен шағымдарда айтылған кейбір жайттарды қарау олардың өкілеттіктеріне жатпайды. Мәселен, сот, үкімет, орталық сайлау комиссиясы, конституциялық кеңестің шығарған шешімдерін өзгертуге омбудсменнің құқығы жоқ.

Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішев Қазақстан заңдары адам құқықтарын сақтауға жұмыс істейді деп санайды:

- Қазақстанда адам құқықтарын сақтау деңгейі халықаралық стандарттарға жақындастырылған.

Ал, Қазақстандағы Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Башимов болса, Қазақстан заңдары тек қағаз жүзінде халықаралық стандарттарға жақындастырылған деген уәж білдіреді:

- Көп заңдар халықаралық стандарттарға сәйкес, ал тәжірибеде жиі бұзылады.

Ресми мәлімет бойынша Қазақстанның адам құқығы жөніндегі ұлттық орталығына жыл сайын азаматтардан 1000-ға жуық арыз-шағым келіп түседі екен. Негізінен шағымдардың үштен бір бөлігінде тұрғындар сот органдарының шешіміне наразылық білдіреді.
XS
SM
MD
LG