Accessibility links

Қытайдың Іле мен Ертіс өзендерінің суын шектен тыс пайдалануы - Қазақстан үшін апатты жағдай тудырады дейді экологтар


Орталық Азия мен Ресейдегі қоршаған ортаны қорғаушылар Қытай Іле мен Ертіс өзендерін дұрыс пайдаланбай жатыр деп алаңдап отыр. Екі өзен де Қытайдан басталып, Қазақстанға дейін ақса, Ертіс өзені Ресейге дейін жалғасады. Қытай Батыс провинцияларындағы халық саны өскен сайын өзен суларын көбірек пайдаланып келеді. Бейжиндегі ресмилер Қытайдың батысындағы мұнай өнеркәсібін дамыту үшін екі өзеннің суын басқа жаққа бұру жоспары бар екенін айтқан. Бұл жоспар екі елдің арасындағы шиеленісті ұлғайта түспек. Қоршаған ортаны қорғаушы экологтар, Қытайдың өзен суын аса көп пайдалануы - Қазақстан үшін апатты жағдай тудыруы мүмкін деп ескертіп отыр.

Қазақстандық экологтар елдің қоршаған ортаны қорғау мен су қауіпсіздігі қауіп алдында тұр деп алаңдаушылық танытуда. Мәселе Қытайдың Қазақстанмен шекаралас Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық аймағынан басталатын екі бірдей өзен - Іле мен Ертістің суын шектен тыс пайдалануында болып отыр.

Түрік тілді мұсылман-ұйғырлар жікшілдігімен күресу мақсатында, Бейжин 2000 жылы “Батысқа бар” деген саясатпен жүз мыңдаған қытайлықты Шыңжаң Ұйғыр Автономиясына көшірген соң, ол жердегі тұрғындар саны күрт өсіп кетті. Бұл арада Бейжин елдің солтүстік шығысында мұнай аз өндіріле бастаған соң, Қытайдың батысындағы мұнай кеніштеріне барлау жасап, ол іздеу жұмыстары қымбатқа түсіп жатыр. Мұнайға аңсары ауған Қытайдың Шыңжаң аймағындағы мұнай кеніштеріне әлі қол тимеген. Оның үстіне, Турпан даласының мұнайы 10 млрд тонна болады деп бағаланып отыр. Бірақ, мұнай кеніштері шөл далада болғандықтан оны дамыту үшін көптеген адам мен аса көп су керек. Қазақстандағы Табиғат қозғалысының жетекшісі Мэльс Елеусізов «Азаттыққа» берген сұхбатында, Қытайдың Іле мен Ертіс өзендерінің суын пайдалануы алаңдаушылық тудырып отыр деп айтты.

«Бұл жерлер Қазақстандағы сияқты шөлейт жерлер. Олар көп суды талап етеді. Қытай ол жерді суландырып, онда өнеркәсібін дамытып жатыр. Халық саны өсе түскен. Соған сәйкес, Қытайдан бастау алатын Іле мен Ертіс өзенінен көп су алынатын болады. Судың азаюы Қазақстан үшін үлкен күрделі проблема», – дейді Елеусізов.

Ертіс өзені Қазақстанға жеткенге дейін Алтай тауларына дейін көтеріліп, Қара Ертіс деп аталады. Сосын ол Зайсан көліне құйылып, одан Ресейдің Омбы қаласына жетіп, ақырында Об өзеніне қосылады.

Ал Іле өзені болса, Шыңжаңнан басталып, Қазақстанның көп аймағы арқылы өтіп, Балқаш көліне құйылады. Бұл Балқаш көлінің 80 пайыз суын құрайтын үш үлкен су көзінің бірі. Балқаш көлі әлемдегі 16-шы, ал Орта Азиядағы екінші ең үлкен көл. Балығы көп Балқаш көлінің суы да суландыруға және үкіметтің инфрақұрылымына, оңтүстік Қазақстан қалаларын электр көзімен қамтамасыз етуге пайдаланылады. Алайда бұл судың деңгейі де 1960 жылдардан бері орасан көп қолданғандықтан төмендеп кеткен. Қазақстандық эколог Елеусізов Қытайдың суды шектен тыс пайдалануы салдарынан, Балқаш көлі де экологиялық апатқа ұшырап өлі шөлге айналған Арал теңізінің тағдырын кешуі мүмкін дейді.

Қытай әлі де Іле мен Ертістен су алуды жобалап отыр. Оның бір жобасы Шыңжаңдағы Қара Ертіс - Қарамай каналы. Көлденеңі 22 метр, ұзындығы 300 шақырым болатын ол канал да суды Ертістің жоғарғы жағынан алып, Ұйғырлар қаласы Үрімшідегі мұнайға бай аймаққа жеткізеді. Елеусізовтың айтуынша, судың бағытын бұрып әкету қоршаған ортаға қайғылы салдарын тигізеді.

«Егер Қытай тіпті екі өзеннен 15 процент су алса да онда Балқаш көлі жаңа Аралға айналады. Одан кейін ол жерде көп шығын болады. Экологиялық босқындар пайда болып, біз мұнда өлі шөл далаға ие боламыз. Алдымызда аса үлкен апат болады. Ол Аралдан да жаман болады», - дейді эколог Мэльс Елеусізов.

Ресейлік экологтар да қазақстандық маманның бұл айтқандарымен келіседі. Ресейдің экологиялық саясат орталығының президенті Алексей Яблоков, Мәскеуден «Азаттыққа» берген сұхбатында, Қытайдың Ертіс өзені суын тым көп пайдалануы салдарынан бүгінгі таңның өзінде Ресейдің кейбір аймақтары зардап шегіп жатыр деген.

«Ресейлік қоршаған ортаны қорғаушылар мен билік өкілдері Ертіс төңірегіндегі жағдайға алаңдаушылықпен бақылау жүргізген. Қытай үдемелі түрде Қара Ертіс суын суландыруға пайдаланып келеді. Қазірде Ресейге құйылатын судың көлемі екі есе азайған. Оның салдары Қазақстанға ғана емес Ресейге де тиіп жатыр», - деді ресейлік экологиялық саясат орталығының президенті Яблоков мырза.

Дегенмен, Бейжин ресмилері өздерінің Іле мен Ертіс өзендеріндегі су жобаларының қоршаған ортаға тигізер салдарын қарастырғандықтарын алға тартады.

Ал, Қазақстанның Қытайдағы бұрынғы елшісі Мұрат Әуезов, өзінің Бейжиндегі ресмилер елдің су саясатын өзгертер деген аздаған үміті болғанын айтады.

«Тақырып өте өзекті. Мұны біз бірінші жыл талқылап отырғанымыз жоқ. Бұл тезірек шешіле қоймайтын шығар, себебі оған Қытай сияқты үлкен ел қатысып отыр», - дейді Әуезов мырза.

Қазақстандық және ресейлік экологтар сонымен қатар, бұл мәселеде халықаралық қауымдастық Бейжинге қысым жасауы керек деп отыр. Бірақ олар, оның оңайға түспейтінін, өйткені Қытай БҰҰ-ның 1992 жылғы Халықаралық Көлдер мен Трансшекаралық су көздерін пайдалану мен қорғау туралы конвенцияға қосылмағанын айтады. Қазақстан мен Ресей оны 2001 және 1993 жылы бекіткен.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG