Accessibility links

Қазақстан Ливандағы өз азаматтарын іздестіріп, оларды елге жеткізу қамына кірісті


Шілденің 20-күні Ливаннан Мәскеуге таңертең келіп қонған ұшақпен Қазақстанның 10 азаматы келді. Қазақстан сыртқы істер министрлігінде Ливанда жүрген 39 қазақстандық тіркелген. Олардың 12-і Сириядағы Ресей елшілігіне жеткізіліпті. Ал, тағы 20 қазақстандық жайлы сыртқы істер мекемесінде әзірге хабар болмай отыр.

Сайлаубек Есқалиевтің әпкесі Әсел осыдан 3 жыл бұрын Ливан азаматына тұрмысқа шығып, сол елде қалып қойыпты. Енді Таяу Шығыста шырғалаң басталған соң, Әсел елге қайтуға асығуда дейді оның бауыры Сайлаубек шілденің 20-күні «Азаттық» тілшісіне.

- Біз кеше онымен телефонмен тілдескенімізде, ол Мәскеуге ұшқалы жатқан еді. Онда бүгінгісін жетіп қалар деп отырмыз, бірақ әлі телефон соққан жоқ. Ал оның күйеуі қазір Қазақстанда, Атырауда жұмыс істейді. Ол керісінше, Ливанға ұшып кете алмай отыр. Ол жаққа әуе жолдарын жапқандықтан, жездеміз әзірге осында, Атырауда қалмақ. Біз үй-ішімізбен Әсел үшін алаңдап отырмыз, - деді Сайлаубек.

Израиль мен Ливанның Хезболла тобы арасындағы қарулы қақтығыстар басталған соң, Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ливандағы азаматтарын елге қайтару мақсатында Ресеймен келіссөздер жүргізе бастады. Осы келісімнің нәтижесінде Қазақстанның 5 азаматшасы 5 баласымен бірге Ливандағы Ресей Федерациясы елшілігінің автобусымен Сирияға жеткізілді, ал тағы 3 азамат Сирияға өз күшімен барған. Ливандағы діни мектептерде білім алып жатқан 4 қазақстандық студенттің 2-уі елге оралып үлгерген, ал қалғандарымен әзірге байланыс орнатылған жоқ, деп хабарлады бейсенбі күні Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз-хатшысы Болат Ибраханов «Азаттық» радиосына:

- Кеше түнде Қазақстанның 10 азаматы Мәскеуге Таяу шығыстан ұшып келді. Олардың 5-еуі ересек адамдар, қалғаны бала-шаға. Біздің Мәскеудегі консулдарымыз оларды күтіп алды. Әлі де Сирияда қазақстандықтар қалып отыр, рейстер әлі де ұйымдастырылады.

Сыртқы істер мекемесінің өкілі тағы бір қазақстандық азаматша Ливаннан кетуден бас тартып отырғанын айтты.

- Ол кісі араб азаматында тұрмыста болуы керек. Отбасын тастағысы келмегендіктен, Қазақстанға қайтудан бас тартты. Сонымен қатар, бұл азаматша Бейруттен алысырақ, соғыс әрекеттерінен алыстау, орта қалалардың бірінде тұрып жатыр деген ақпарат бар, - деді Болат Ибраханов мырза.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің деректері бойынша, Ливаннан кетуге өз кезегін күтіп жүргендердің арасында Қазақстан азаматтары әлі де бар. Сыртқы істер мекемесі Ресей Федерациясындағы Қазақстан елшілігінде отандастарды қабылдауға және қажетті көмек көрсетуге арналған арнайы штаб құрылып, дипломаттар қазақстандықтарды қабылдау, уақытша орналастыру және оларды елге қайтару жұмыстарына кіріскенін хабарлап отыр. Қазір Ливанды тастап шыққан қазақстандықтардың бірнешеуі Сириядағы Ресей елшілігін паналап отыр екен. Олардың барлығы Мәскеуге ұшуға өз кезектерін күтіп отыр, дейді сыртқы істер министрлігінің баспасөз-хатшысы Болат Ибраханов. Ливанға жол тартқан қазақстандықтардың министрлікте тіркелгені - 39, сонымен қатар, тіркелмеген азаматтар да бар, дейді баспасөз хатшысы:

- Олардың саны 10 шақтыдан астам болуы керек. Ливанға Қазақстаннан бір топ консулдық қызметкерлер кетті. Олар байланысқа шықпай отырған 20 азаматты тауып, қажет болса, көмек көрсетуі керек.

Сонымен бірге Израиль мен Палестинада да Қазақстан азаматтары бар көрінеді. Олардың басым көпшілігі – сол жақта оқитын студенттер мен шетелдіктермен тұрмыс құрғандар. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі хабарлағандай, ол жақта тіркеуде тұрған 150 азаматтың барлығы әзірге Қазақстанға қайтуға тілек білдірмеген.
XS
SM
MD
LG