Accessibility links

Қазақстанда жүрек-тамыр жүйесі дертіне шалдыққандар саны артып отыр


Өткен жылы Қазақстанда жүрек-тамыр жүйесінің індеттеріне шалдыққан 53 мың адам көз жұмды. Бұл туралы Астанада шілденің 21 күні үкімет отырысында хабарланды. Осы жиында айтылғандай қазір елде бұл ауруымен 1 миллион 300 мың адам ауырады екен, ал ондай науқастарға емдеу мекемелерінде арналған төсек саны бұл көрсеткіштен 500 есе кем.

Жыл сайын Қазақстанда медицинаны қаржыландыру 30 пайызға ұлғайып келеді, деді Қазақстан премьер-министрі Д.Ахметов. Бірақ, 2001 жылдан бері елде жүрек-тамыр жүйесінің індеттеріне шалдыққандар саны өсіп келеді. Қазір олардың саны 1 миллион 300 мың адамға жеткен. Бұл - бүкіл қазақстандықтардың 9 пайызы. Олардың ішінде жұмыс істеуге, яғни Қазақстан экономикасына септігін тигізуге қабілетті деп саналатындар саны 850 мың адам немесе барлық жұмыскерлердің 11 пайызы деп есептелген. Олардың құрамындағы жүрек-тамыр жүйесінің індетіне шалдыққан Раушан Жайынбаеваның айтуынша қазір емделу қиын:

- Емделуге түк ыңғайы келмейді. Ауруханаға барсаң - орын жоқ, адамдар, кезектер. Дәрімен емделеміз, ал дәрі болса қымбат, операция да қымбат. Көптеген адамдар жұмыс істейді, ал менің жүрегім ауыратындықтан жұмыс істей алмаймын.

Алматыдағы ұлттық медицина орталығында тіркелген халық емшісі Ұлбосын Жайламысованың айтуынша бұл ауруға туа біткендерді есептемегенде көбінесе стресстік жағдайда жүргендер, психикасы әлсіздер шалдығады:

- Мен оны анау-мынау дәрімен емдемеймін, тек қана аруағыммен, алланың берген құдіретімен, қолымның биотогымен емдеймін. Осы күні жастардың бәрі жүректен не үшін ауырады деп ойлайсың, оның бәрі - ойдан, тұрмыс тауқыметінен, ақшаның жетіспеуі, т.т.

Ал, Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаевтың айтуынша хирургиялық араласуға қажет қаржының бір бөлігі бюджеттен бөлінеді:

- Осы жылдан бастап 700 стенд қоямыз, біз бюджеттен бөліп отырмыз қаржыны.

Ал, санақ мәліметі бойынша, Қазақстанда өткен жылы 53 мың адам осы індеттің кесірінен көз жұмған. Бұл өлім көрсеткіштерінің ішіндегі ең үлкені деп хабарланады. Бұл туралы Алматыдағы ішкі ауруларды емдейтін Кардиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Әлихан Жүсіпов хабарлады:

- Қазір осы уақытқа шейін республикамызда кардиохирургиялық жәрдем өте нашар болатын болса өлім жөнінен жүрек-қан тамырлары аурулары бірінші орында және мүгедектік жағынан да алдыңғы қатарда тұр.

Осылайша аурулар көп, ал оларды емдейтін төсек орындары тапшы, дейді мамандар. Өйткені аурулардың ішінде дереу хирургиялық араласуды талап ететіндердің өзі 150 мың адамнан асады, ал, емдеуге қажет төсектердің саны бұдан 60 есе төмен, небәрі 2500-ден асады деп отыр мамандар. Алматыдағы Кардио ғылыми зерттеу институтының директоры Әлихан Жүсіпов жағдайды реттеуге болатынын айтады:

- 14 кардиохирургиялық орталық стенд жасайтын операциялар жасалынады. Оның бәрі 2007-2008 жылдары жоспарда болады. Оның бәрі өлімнің азаюына септігін тигізеді.

Осы есептеулерді жүргізген министрлік өкілдері барлық жұмыстарды жүзеге асыру үшін 3 миллиард теңгеден астам қаржы керек деген өтініш жасады. Ал, Қазақстан премьер-министрі Даниял Ахметов әзірге дереу шараларға деп үкімет резервінен 860 миллион теңге бөлуге келісімін берді. Бұл қаржыға Қазақстанның Батысы, Шығысы, Солтүстігі мен Оңтүстігінде орталықтар ашылады. Бірақ, осы шараларды жүзеге асырған күннің өзінде Қазақстан адамдарға жыл сайын операция жасау көрсеткіштерінен дамыған елдерден 4 есе артта қалып келеді, деді денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев:

- Біз жаңа 4 орталық ашсақ онда 490 төсекке шейін барамыз. Бірақ, Дүниежүзілік денсаулық ұйымының ұсынысына қарағанда жыл сайын бір миллион адамға 500-дей операция жасау керек. 2007 жылы біз 1,5-2 мың операция жүргіземіз, сонда әлі 3-4 есе жетпей тұр.

Жалпы денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері айтып өткендей елде жүрек-тамыр жүйесінің індеттеріне шалдыққандарды емдеу үшін ғимараттар, жабдықтар және мамандар жетпейді.
XS
SM
MD
LG