Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.28.2006 жыл


Жұма күнгі баспасөз Байқоңырдан ұшқан «Днепр» ракета тасығышы неге құлады деген сұраққа жауап іздеген. Сонымен бірге басылымдар Қазақстан аумағында ғасырда бір рет болатын қарақұрт көші жүріп жатқанына назар аударса, тағы бір газетте Оңтүстік Қазақстан облысындағы ВИЧ инфекциясының жаппай таралуына медициналық аспаптардың тазаланбауы себеп болғандығы жазылды.

Шілденің 27-күні Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған Ресейдің «Днепр» атты ракета тасығышы ұшудың 74-ші секундында двигательдің бірінші сатысы істен шығып, ауада жарылып кеткендігі туралы «Егемен Қазақстан» газеті былай деп жазды: «Днепр» бұл жолы өзімен бірге «БелКА», «Бауманец», «УниСат-4», «ПикПот», «КубСат» деп аталатын Ресей, Белорусь, Италия, АҚШ және Колумбия елдерінің 18 кішкене космостық аппараттар жиынтығын аспан аясына апара жатқанда құлаған. «Орын алған апаттың қоршаған ортаға әсерін тексеру үшін арнаулы комиссия құрылды. Бізге белгілісі, ракета қалдықтары түскен өңірлердегі қоршаған орта мен елді мекендер түгел аман, оларға еш зиян шеккен жоқ, деп хабарлады Ресейдің «Роскосмос» агенттігінің баспасөз хатшысы Игорь Панарин. Айта кететін бір жайт, «Днепр» ракета тасығышының бұл жолғы жұлдызды аспан көгіне шығаратын жер серіктері арасында «БелКА» спутнигіне артылған жүк айрықша көп болғанға ұқсайды» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

Апатқа ұшыраған бұл аппарат әдепкіде орбитаға маусымның 28-і күні жөнелтілмек болғандығы «Айқын» газетінде айтылды. Бірақ «ракета тасығыштың бортты цифрлы есептегіш кешенінде кезіккен олқылықтар» мерзімді кейінге шегертіпті. «Днепр» ракета тасығышы жауынгерлік континентаралық баллистикалық «Воевода» ракетасының базасында жасалған. Кеңес Одағы кезінен бері қолданыста келе жатқан корабль соғыс мақсатында пайдаланылатын ракеталық қару ретінде құрастырылып шығарылған. Ал 1999 жылдан бері ракета тасығыш аздаған өзгерістер арқылы бейбіт мақсаттағы жұмыстарға көшірілген. Сол кезден бастап оған азаматтық «Днепр» аты берілген. Дегенмен оны кез келген уақытта бұрынғыдай жауынгерлік сапқа қайта қоса салуға болады» деп жазды «Айқын» газеті.

«Мамандар «Днепр» ракета тасығышының сәтті ұшырылымына 100 пайыз сенімді болған» делінген «Комсомольская правда: Казахстан» газетіндегі мақалада. «Бұған дейін аталған ракета тасығыш бірнеше мәрте сынақтан сәтті өткен. Соған қарамастан Белорусь мемлекеті өзінің ракетасын сақтандырып қойған. Енді белорусь жағы өтемақысын талап ете алады. Белорусь Ұлттық ғылым академиясының президенті Михаил Мясникович кешегі сәтсіздікке қарамастан Ресеймен бірге ғарышты игеру бағдарламасын жалғастыра бермек екендігін айтқан. «БелКА» ғарыш аппаратын ұшыру жобасына 8 жарым миллион доллар жұмсалған. Қазақстандық аппараттың құнымен салыстыра қарасақ «КазСАТ» жобасына одан сегіз есе көп қаржы жұмсалған болатын» делінген «Комсомольская правда» газетіндегі мақалада.

«Днепр» ракета тасығышының Қызылорда облысына қарасты Қармақшы ауданының аумағына құлағандығына орай Үкімет басшысы Даниял Ахметов оның салдарын тексеретін арнайы комиссия құру туралы шешімге қол қойғандығы «Казахстанская правда» газетінде хабарланған. «Үкіметтік комиссияның мақсаты – шұғыл түрде апаттың экологиялық және техногендік салдарын анықтап, оның тигізген зиянын жою үшін шағым түсіру» деп жазды «Казахстанская правда» газеті.

Бұл уақытта Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ-инфекциясының жаппай таралуы оқиғасына орай жасалған болжамның бірі расталғандығын «Караван» газеті хабарлады. Аймақтағы 15 бала СПИД кеселіне таза емес медициналық құралдар арқылы жұғуы мүмкін екендігін Республикалық қан құю орталығы растаған. «Аталған орталықтың директоры Ерлан Қосаевтың айтуынша, облыстық медициналық мекемесіндегілер бір ғана құралмен бірнеше адамға қан құятын болған. Оңтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасында құралдарды дұрыс тазартпайтындығын арнайы комиссия анықтап отыр» деп жазды «Караван» газеті.

Аталған газет сонымен бірге ғасырда бір рет қайталанатын қарақұрт көші Қазақстанда жүріп жатқандығына назар аударған. Бұған дейін осындай жағдай республика аумағында 1895-1904 жылдар аралығында болыпты. «Сол кезде Қазақстанның орталық облысындағылар қарақұрттың уынан малдарын сақтап қалу мақсатында басқа өңірлерге көшкен екен. Зоология институтының маманы Александр Громовтың айтуынша, дәл осындай жағдай Қазақстанда тағы қайталанып отыр. Арахнологтың пікірінше, қарақұрттардың көбеюіне бұған дейінгі жылдары шегіртке көшінің болуына байланысты. Мамыр-шілде айларының аралығы - қарақұрт көшінің ең қауіпті мерзімі саналады. Көш кешкісін, түнде немесе таңертең жүреді» деп жазды «Караван» газеті.
XS
SM
MD
LG