Accessibility links

Биыл Қазақстанда мемлекет қаржысына білім алуға 32490 грант бөлініп отыр


Биылғы жылы Қазақстанда мемлекеттік білім гранттарының ішінен жетім балаларға арналған квота 1 пайыз мөлшерінде болады. Бұл туралы Астанада 7 тамызда Қазақстанның білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова Мемлекеттік білім гранттарын тағайындау жөніндегі байқау комиссиясының бірінші отырысында хабарлады. Ал, ата-аналар комитеттерінің өкілдері бұл көрсеткіштерге наразы екендіктерін айтады.

Байқау біріңғай ұлттық тестілеу балдары бойынша өткізіледі. Ең көп балл жинаған түлектер еркін өтуге тиіс. Ал алтын белгі алған және республикалық олимпиадада жеңімпаз атанған талапкерлерге жеңілдік жасалған. Олардың құжаттары бірінші кезекте қарастырылады. Білім министрлігінің мәліметі бойынша биыл мектеп бітірген түлектердің 60 пайызы қазақ мектебін тәмамдаған. Олардың ішінде елді мекендерден келген талапкерлерге гранттардың 30 пайызы мөлшерінде квота ескерілді. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Кәрімбек Құрманәлиеватың айтуынша осы сияқты квоталар депутаттардың, министрліктердің, ұлттық компаниялардың ұсыныстырмен жасалады:

- Биыл ұлты қазақ, бірақ республика азаматы болып табылмайтын қазақ диаспорасы үшін 2 пайыз квота сақталды. Ол 622 орын осы қазақ диаспорасына бөлініп отыр. Сосын, жетім, ата-анасынан қамқорсыз қалғандарға гранттың 1 пайызы – 311 орын. Ал, енді мүгедек балалар үшін жарты пайыз ,ол 156 бірлікті құрайды

- Мүгедектерге, жетім балаларға квота неге аз?

- Бұл енді парламент арқылы бекітілді. Бекіткенде мүдделі мекеме мен ведомствалардың, сосын ұлттық компаниялардың мемлекеттік грантты қалыптастыру барысында ұсыныстары ескеріледі.

Оның сыртында министрлік мәліметі бойынша Президент Назарбаевтың тапсырмасымен Тәжікстан және Қырғызстан шәкірттеріне деп Қазақстанның жоғары оқу орындарынан 200 орын резервке алынды. Ал, бірден екі қарындасын грантқа оқытпақшы болған Астанадағы ата-аналар комитеттерінің өкілі Қалампыр Исабекова бұл көрсеткіштерге наразы екендігін айтады:

- Былтыр тест тапсырғанда тестің балдарын көтергені ұнамаған, біріншіден. Екіншіден, биылғы жылы 32 мың грант бар. Соның тек бір пайызын жетім балаларға берген. Оның жарты пайызын мүгедек балаларға берген. Ал ойлап қарасаңыз бұл өте аз. Өйткені, Қазақстанда мүгедек те, жетім балалар да көп. Олардың мүгедек болғанына, жетім болғанына кінәсі жоқ. Сосын, біздің естуіміз бойынша, Тәжікстан, Қырғызстанға 100 орыннан беріліпті. Ол мемлекеттің ішіндегі жағдайды жөндеп өз балаларымыздың оқу деңгейін жөндеп алмай, басқа шетелге берген дұрыс емес деп ойлаймыз.

Ал, бұған дейін білім министрі болған Әйелдер педагогикалық институтының ректоры Шәмшә Беркімбаеваның айтуынша Қазақстанда жетімдердің білім алуына жақсы жағдай жасалған:

- Жетімдерге біздің мемлекетімізде жақсы көмек жасалып жатыр. Біздің институтта 5-6 жыл болды сол жетімдерге арналған дайындық бөлімі бар. 200 адам біз аламыз. Тегін тамақ үкіметтен, тегін жатын орын, тегін оқытамыз. 1 жыл дайындап олар келесі жылы кешенді емтихан тапсырып түседі. Ал, 1 пайызды аз деп есептемеймін. Себебі басқада оқығысы келетін дарынды балалар барғой. Сондықтан керісінше барлық мемлекеттерде дарынды жастарға мүмкіншілік жасайды. Себебі, ол сол қоғамның мемлекеттің болашақта алтын қоры болады.

Жалпы, Мемлекеттік білім гранттарын тағайындау жөніндегі байқау комиссиясы 75 мыңнан астам талапкердің құжаттарын қарайтын болады. Ал, гранттардың саны 32 мыңнан ғана асады. Яғни, бір орынға 2 жарым адам таласады деп хабарланып отыр. Биылғы жылы Қазақстанда техникалық мамандықтар және кластерлік салалардағы мамандықтар бойынша білім гранттары ұлғайтылып 10 мыңнан асты. Министрлік мәліметі бойынша комиссияың грантты тағайындауына наразы болғандардың өтініштері қабылданбайды және аппеляциялық комиссиялар құрылмайды.

XS
SM
MD
LG