Accessibility links

Әлемде талай қызық бар


Күн сайын бір планетаның ашыла бермейтіні анық. Дәл сол сияқты күн сайын бір планетаның жоғалып кетуі де мүмкін емес. Алайда осы аталған екі жағдай да осы апта ішінде, Прагада өтіп жатқан Халықаралық астрономиялық конференция барысында жүзеге асуы мүмкін екен. Бұл - апта ішіндегі қызықты ғылыми оқиғалардың біреуі ғана.

Әлем бойынша мектеп оқушыларына Күн жүйесінде 9 планета бар, деп оқытылып келеді. Алайда Халықаралық астрономиялық соңғы конференциядан кейін ол оқулықтардың қайта жазылуы да ғажап емес. Атап айтқанда, тамыздың 14-інен 25-іне дейін Прагада өтіп жатқан арнайы конференция барысында “Планета” деген сөздің анықтамасы қайта қаралуда. Соның нәтижесінде Плутонның Күн жүйесіндегі 9-шы планета екендігі немесе олай еместігі жөніндегі сауал қызу пікірталасқа себепші болуда.

АҚШ-та орналасқан Массачусетс Технология институтының планетари ғылымы бойынша профессоры Ричард Бинзелдің айтуынша Халықаралық астрономиялық одақ бұл сауалды екі жылдан бері талқылап келеді. Сауалмен арнайы құрылған Планета анықтамасы атты комитет айналысуда. Демек Плутонның тағдыры “планета” ұғымына берілетін анықтамаға тікелей байланысты болып отыр.

Прага басқосуында қабылданатын ол анықтама Күн жүйесі жөніндегі жер тұрғындарының ұғымдарын да өзгертуі мүмкін. Егер Плутон 9-шы планета ретінде қала беретін болса, онда келесі үлкен Зеена деген аспан денесі Күн жүйесіндегі 10- планета ретінде астрономиялық ұғымда пайда болуы да мүмкін. Ал, егер Плутонның өзі планета деген мәртебеге лайық деп табылмаса, онда Күн жүйесінде 8 планета ғана қалмақшы. Ғалымдар өздерінің соңғы шешімдерін тамыздың 25-сі, яғни конференция соңына дейін қабылдайды, деп жоспарлануда.

Оңтүстік Африкадағы Кейптаун қонақүйінің ресторандары тіл үйірер небір дәмді тамақтарды дайындайды. Алайда ресторанның біз сөз еткелі отырған қонақтары тамақ атаулыға мұрынын шүйіре қарайтындардың қатарынан емес. Ресторандардың тұрақты қонақтары боп кеткен мыңдаған жер құрттары кез-келген тамақты жей береді. Аранайы жасалған қорап сауыттарға салынған олар ресторандар мен ас үйлерден шыққан тамақ қалдықтарын түк қоймай жеп тастайды екен. Содан кейін өздерінен “құрт шайы” деген атпен белгілі болған арнайы зат бөліп шығарады. Ол “шай” әлгі қонақүйдің бақша-баулары үшін таптырмас тыңайтқыш болып тұр. Бұл жер құрттарының ұзындығы 15 сантиметр екен. Қалдық тамақтарды жай ғана төгіп тастасаңыз, ол өздігінен шіріп, бұзылып, соның нәтижесінде көмір қышқыл газын және метанды бөліп шығарады екен. Бұл екі газ түрінің ғаламдық жылымыққа тікелей себепкер екендігі белгілі. Ендеше қалдық тамақтарды жеп тастап, оны пайдалы тыңайтқышқа айналдыру арқылы әлгі жер құрттары ең бастысы Жер планетасын жылымық проблемасына ұрынудан сақтайды деседі. Алдағы айларды қонақ үй өкілдері құрт өсіру ісін одан әрі жандандырмақшы. Бұл іске ат салысқан кез-келген адам риза көңілде қалатынға ұқсайды. Осы жоба бойынша жұмыс істеп жүрген, табиғат қорғаушы белсенділердің бірі Мәри Мөрфи ханым “Құрттар әлемді сақтап қалады!” деп жар салуда.

Қырғыз Ыстық көлінің суы 1999-шы жылға дейін 150 жыл бойы біртіндеп азая бастаған еді. Аталған жылдан бері алайда, керісінше құбылыс байқалуда. Яғни Ыстық көл суы жыл сайын 12 сантиметрге көтеріліп келеді. Мұның нақты сырын ғалымдар анықтай алмай-дал. Көптеген мамандардың айтуынша, бұған ғаламдық жылымық проблемасы кінәлі. Көл айналасындағы ауа температурасы, соңғы 45 жыл ішінде Целси өлшемі бойынша бір және бір жарым градус шамасында көтеріле түскен. Мұның өзі жақын маңдағы мұздықтардың еруі үшін жеткілікті, дейді ғалымдар. Су деңгейі бұлай көтеріле беретін болса, онда Ыстық көл жағасындағы талай қонақүйлерге қауіп төнбекші, дейді олар. Бұл баяндағанымыз, тосын құбылыстарға толы мынау жалпақ әлемдегі, апта ішінде белгілі болған, кейбір ғылыми жаңалықтар жайы еді.
XS
SM
MD
LG