БАҒДАД: Бағдадта қауіпсіздік шараларының күшейтілуіне қарамастан бүгін жаңа шабуылдар жасалды. Лаңкестер 8-інші ғасырда өмір сүрген әулие имам Муса Қадһимнің басына қажылыққа келген шийттердің тобына оқ жаудырып, олардың кемінде 14-і оққа ұшып, аз дегенде 200-і жараланды. Имамның сүйегі Бағдадтың Казимия ауданына жерленген. Өткен жылы қажылыққа жиналған 1 мыңдай шийт қаза тапқан болатын. Ирақтың қауіпсіздік күшері оқ атылған үйге басып кіріп, екі лаңкестің көзін жойып, қалған төртеуін қолға түсірді. Қаланың кейбір ауданында дүйсенбіге дейін автокөлікпен жүруге тыйым салынды.