Accessibility links

Иран халықаралық ұсынысқа өз жауабын беруге әзір екенін білдірді


Техранның ядролық бағдарламасына байланысты жасалған халықаралық ұсынысқа “ біз байсалды сөйлесулерге әзірбіз” деп, Иран сейсенбіде жауап берді. Техрандағы кездесу барысында Иранның Жоғарғы Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Ларижани ол ұсынысқа жазбаша түрдегі жауапты Қытай, Ресей, Британия, Германия, Франция, АҚШ атынан қатысқан Швейцария өкілдеріне тапсырды.

Иранның ядролық сөйлесулер бойынша бас өкілі, Иранның Жоғарғы Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Ларижани жазбаша түрдегі жауапты сейсенбіде бергеннен кейін “ядролық сауалдар бойынша келіссөздерді 24 сағат ішінде бастауға болады”, деді. Осыған орай Иран мәселесін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тапсыру-заңсыз, деген Техранның көзқарасын ол тағы да қайталады. Иранның бұл жазбаша жауабының егжей-тегжейлері әлі беймәлім күінде қалып отыр.

Сәуірдің 11-і күні Иран президенті Махмуд Ахмадинежад ирандықтар уранды ядролық электр стансасына қажетті деңгейге дейін байытты, деп жариялаған болатын. Тамыздың 20-сы күнгі баспасөз мәслихатында Сыртқы істер министрі Хамид Реза Асефи “Иран уранды байыту үдерісін тоқтатуды, тіпті қарастырып та жатқан жоқ”, деді. Ал, елдің рухани көсемі Аятолла Әли Хаменей болса тамыздың 21-і күні сөйлеген сөзінде “Америка бастаған өркөкірек мемлекеттер Ислам елдерінің ілгерішіл қадамдарынан қорқады және Иранның ғылыми-технологиялық дамуына кедергі жасағысы келеді”, деді. Ол сондай-ақ Иран ядролық істерін одан әрі жалғастыра береді, деді.

Халықаралық ұсынысты Еуропа одағының Сыртқы істер және Қауіпсіздік бойынша бас өкілі Хавиер Солана маусымның 6-сы күні, Техрандағы кездесу барысында, Иран ресми өкілдеріне тапсырған болатын. Аталған ұсыныс халықаралық зерттеу агенттігімен Техранның толық әріптестік орнатуына, уранды байытудың барлық үдерістерін тоқтатуға және ядролық қаруды таратпау келісімін жүзеге асыруды қайта қолға алуға шақырған. Оған жауап ретінде Қауіпсіздік кеңесіндегі Иранның ядролық бағдарламасына байланысты сөйлесулерді тоқтатуға 6 ел уәде берген еді. Және Техранның бейбіт мақсаттағы бағдарламасын қолдауға уәде берген болатын. Ол құжатта саяси және экономикалық ұсыныстар да болған еді. Иранды халықаралық экономика саласына тартпақшы да болған. Еуропа одағымен сауда және әріптестік орнату келісімшарттары да бар болатын.

Егер Иран уранды байытуды одан әрі жалғастырып, 1696-шы қарар шарттарын орындамаса, онда БҰҰ-ның Жарғысындағы 7-ші бапқа сәйкес қауіпсіздік кеңесі Иранға коммерциялық және дипломатиялық тиымдар сала алады. Алайда Иранға байланысты қандай да бір тиымдар жариялауға Қауіпсіздік кеңесінің өзі аса құлықты бола қоймаса керек. Оған қарсылық Мәскеу мен Бежін тарапынан жасалуы мүмкін. Оның басты себебі, Құрама Штаттармен олардың геосаяси жарысы болып отыр. Еуропа мемлекеттері Ираннан мұнай алады. Және Иран базары- Еуропа заттары үшін маңызды сала. Тиым салынса, Иран өз мұнайын сыртқа шығаруын азайтуы мүмкін. Әлем бойынша мұнай қорының 10 пайызы осы Иран жерінде екен. Иран- ОПЕК-тегі сыртқа мұнай шыраушы екінші ел. Ресми Техранның ядролық бағдарламасына әскери түрде қысым көрсету де- мүмкіндігі аз шаруа, дейді Азаттық радиосының сарапшысы Бил Сәмии.
XS
SM
MD
LG