Accessibility links

Сот күтпеген жерден айыпталушылардың соңғы сөзін тыңдауды ұйғарды


Талдықорғандағы Алматы облыстық сотында оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оқ қағары Бауыржан Байбосын және жүргізушісі Василий Журавлевтың өліміне қатысы сот ісінде тамыздың 23 күні жарыссөздер аяқталды. Одан кейін күтпеген жерден айыпталушыларға соңғы сөзін айтуға мұрсат берілді.

Сәрсенбі күні негізгі қылмыскерлердің бірі деп айыпталып отырған Рустам Ибрагимовтың екінші жақтаушысы Нұрлан Устемиров және негізгі айыпкерлердің тағы бірі деп отырған Виталий Мирошниковтың жақтаушысы Виктор Семин және осы қылмысқа тапсырыс берген деген айыппен сотқа тартылып отырған сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевтың жақтаушысы Алимакан Багдашкин сөз сөйлеп, олардың қылмыстары дәлелденбегендігі себепті сот оларды ақтау керек деген ойларын білдірді.

Ал айыпталып отырған Рустам Ибрагимов пен Виталий Мирошник өздерінің сөздерінде адам өлтірмегендерін тағы қайталап, сот барлық жағдайды ескеріп, әділ шешім шығарады деп сенетіндерін мәлімдесе, Ержан Өтембаев өз сөзінде «менде Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге деген ешқандай себеп болған жоқ және маған тағылып отырған айыппен келіспеймін, сондықтан соттан мені ақтап шығаруын сұраймын» деп қысқа қайырды.

Сәрсенбі күні жарыссөзде сөйлеген Нұрлан Устемиров те негізінен Серік Сәрсеновтың пікірін қолдайтындығын білдіріп, тергеу барысындағы кемшіліктерге қатысты бірқатар толықтырулар айта келіп, соттағы билер алқасына «үкім шығарарда, адамгершіліктеріңіз бен ар-ұяттарыңызға арқа сүйерсіздер деген сенім білдіремін» деп, өз сөзін үндеу білдіргендей болып аяқтады.

Мұндай сотта заңға емес, соттағылардың ар-ұяты мен адамгершілігіне сенім артуының себебін ол өзі былай деп түсіндірді:

«Сот төрағасы шешім қабылдағанда өзінің ар-ұятын басшылыққа алуы керек деп есептеймін. Өйткені, қазіргі өмір шындығында телефон құқығы деген бар, ұялы телефон болсын, басқа қоңырау болсын, оны естен шығаруға болмайды. Қарапайым мысал: мен соттың қылмысты терең қазбалауға шектеу қойған осы телефон қоңырауы деп бағалаймын. Ондай құбылыс бар, және бола береді. Олар негізгі қылмыскерлер табылды, жазасын алды деп істі жаба салғысы келіп отыр. Бірақ, қанша құпия болса да , ерте ме, кеш пе - әйтеуір бір шындық ашылады деген ертеде айтылған даналық сөз бар екен, соны ұмытпаған жөн».

Устемиров мырза өзінің жарыссөзін сейсенбі күні кешке қарай бастап, бірден «Ибрагимовты түрмеде де өлтіруге әрекеттер жалғасуда» деп мәлімдеме жасаған еді.

Ондай мәлімдемеге негіз болған құжат - Ибрагимовпен бірге түрмеде отырған Терлицкий деген азаматтың сотқа жазған хаты болыпты. Онда Хайдар Исхожин деген азамат өзіне лауазымды адамдар түрмеге келіп, Ибрагимовты өлтіру үшін 5000 доллар бермек болғаны туралы айтылады. Ондай тапсырмасы болғаны туралы Терлицкийге Бішкекке этаппен кетіп бара жатып Хайдардың өзі айтып кетіпті. Хайдардың айтуынша, ол тапсырманы орындаған соң оның да көзін жоятынын түсінген көрінеді. Сондықтан ол ондай тапсырманы орындамауға бел буып, оны камералас серігі 21 жастағы Терлицкийге кетерінде айтып кетіпті.

Мұны Рустам Ибрагимовтың өзі де растап отыр. Ол өзінің жарыссөзінде «мен түнде Хайдардың бірнеше рет менің төсегіме жақындағанын байқап қалып, оянып кеткен кездерім болды. Онан соң мен оған енді қайтып менің төсегіме жақындайтын болсаң ұрып құлатамын деген соң ғана, ол камерада түнделетіп жүргенін қойды. Сөйтсем, оның мені өлтіруге деген тапсырмасы бар екен» деп атап өтті. Ибрагимов өзінің адам өлтірмегенін, Өтембаев оған А.Сәрсенбайұлын ұрып-соғуға немесе өлтіруге ешқандай да тапсырыс бермегенін, ал алпыс мың доллар шынымен ортақ бизнес үшін алынғанын айтты. Сондай-ақ ол соттағы билерге «мен сіздерді түсінемін, қанша жылғы еңбектеріңіз бар, жоғарыдан келетін үкімді орындамасаңыздар... жылы орын, қанша жылғы еңбектеріңіз... бәрі рәсуә болатынын білемін...» деп аяушылық білдіргендей болды.

Ал негізгі айыпкерлердің тағы бірі деп отырған Виталий Мирошниковтың жақтаушысы Виктор Семин де «қылмыстары дәлелденбегендігі себепті сот Мирошниковты ақтауы керек» деген ойын білдірді.

Мирошниковтың өзі де «ешқандай адам өлтіруге қатысым жоқ, ал тергеу барысындағы көрсетулерге әйеліңді түрмеге қамаймыз деп қорқытқандықтан қол қойған шығармын» деді.

Оның жақтаушысы Семиннің айтуынша, Мирошников оған «менің жарыссөзде айтатындарымды әйелім естісінші, басқалардың сенген-сенбегендері маған қажет емес, әйелімнің алдында мен бұл қылмысқа қатысымның жоқ екенін дәлелдегім келеді» деп өтініш білдіріпті.

Ал Ержан Өтембаев жарыссөзді өзінің жақтаушысынан бұрын айтып, жеті пунктен тұратын қысқаша сөзінің негізгі мазмұны «менде Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге деген ешқандай себеп болған жоқ, ондай қылмысқа тапсырыс берген жоқпын, және маған тағылып отырған айыппен келіспеймін, сондықтан соттан мені ақтап шығаруын сұранамын» дегенге саятын болды. Оның жақтаушысы Алимакан Багдашкин «Өтембаевтың айыбы жоқ, ал оның өзін-өзі қаралап, президентке хат жазғаны оның денсаулығының нашар жағдайда болғанынан» дей келіп, соттан Өтембаевты ақтауын сұрады. Өтембаевтың екінші жақтаушысы Владимир Малякин де оның адамгершілік қасиеттерін атай келіп, «қандай да бір газеттердегі сын мақалаларға өкпелеп кек сақтады деген ақылға симайтын себеп, ондай айыпқа Қазақстан халқы да сенбейді» деп, соттан Өтембаевты ақтауды сұрады.

Тағы бір айта кетерлік жағдай, Устемиров мырзаның сейсенбі күні жасаған тағы бір мәлімдемесі - белгісіз бір азаматтың оған телефон шалып, қылмыскердің де кім екенін, тапаншаның да табылатынын айтқаны туралы хабар болды. Осы жасалған телефон қоңырауына байланысты ол үш түрлі болжам айтты. «Біріншіден, бұл полициялардың кезекті құйтырқы ойыны болуы мүмкін, екіншіден, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің кезекті арандатуы болуы мүмкін, үшіншіден, бәлкім, шынымен де осы сот ісінің қалай өтіп жатқанына көңілі толмаған адал азаматтың бірі болуы мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды» деген болатын Устемиров.

Сәрсенбі күні айыпкерлердің пікірталастарымен бірге сот, күтпеген жерден, олардың соңғы сөздерін де тыңдауды ұйғарды. Сотқа бақылаушы ретінде қатысып отырғандар соттың мұндай асығыс шешіміне таңданыс білдіріп, оған не себеп болғанын әркім әртүрлі болжады.

Айыпталушылардың барлығының ақтық сөзі қысқа болды. Олардың барлығы соттан әділ шешім күтетінін білдірді. Рустам Ибрагимов өзіне тағылып отырған Қылмыстық кодекстің 96-шы бабына ("Адам өлтірді") қатысты істі құзырлы органдардың тексеруіне берілуін сұрап, қалған баптар бойынша өзін ақтауды өтінді. Ал Ержан Өтембаев өзінің жасы 50-де екенін айта келіп, сотқа айыпты деп тартылып отырған өзге адамдардың барлығы жас екендерін ескеруді өтініп, сот төрешісінен объективті шешім қабылдауды сұрады.

Бұдан кейін сот 31-ші тамызда сағат 10-да үкім шығарылғанға дейін үзіліс жариялады.
XS
SM
MD
LG