Accessibility links

Шымкенттегі ВИЧ жұқтырған балалардың отбасыларына 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленбек.


Қыркүйектің 21-інде Оңтүстік Қазақстан облысына тағайындалған жаңа әкім Өмірзақ Шүкеев облыста ВИЧ дертінің жаппай жұқтырылуына байланысты, аймақта төтенше жағдай енгізу мүмкіндігін жоққа шығармайтынын мәлімдеген. Облыс әкімі оқыс оқиғаға қатысты жүргізіліп жатқан тексерудің медициналық және құқықтық жағын, яғни комиссиялардың жұмысын жеке бақылауына алып, қатерлі дертке шалдыққан сәбилердің отбасыларына 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленетіні жайында хабарлады. Ал сейсенбіде Шымкентте ВИЧ індетінің таралуына тосқауыл қою жайын талқылаған бейүкіметтік ұйымдардың өкілдері облыста нашақорлар мен қаңғыбастардан қан жинау үрдісі бұрыннан бар құбылыс дегенді мәлімдеген болатын.

Өмірзақ Шүкеев облыстың резервтік қорынан әр отбасына алғашқы кезеңде ғана 100 мың теңге төленеді деп мәлімдеді. Сонымен қатар, ВИЧ індетіне шалдыққан сәбилердің отбасыларын аралап, олармен жеке жұмыс жүргізу үшін вирусолог, психолог және дәрігерлерден тұратын топтар құрылмақ. Облыстық қан құю орталығына қажетті жабдық сатып алу үшін облыстық бюджеттен 63 млн теңге бөлінбек.

Шымкенттік «Сенімді тірек» атты бейүкіметтік ұйымның президенті Валентина Скрябина қалада тұрақты мекені жоқ қаңғыбастардан, нашақорлардан қан жинау үрдісі баяғыдан бар дегенді айтады.

- Біз бұрындары да мұндай жағдай бар дегенді еститінбіз. Бірақ мән бергеніміз жаңа ғана. Енді оны дәлелдеу әрине, мүмкін емес, барлық құзырлы орындар мұндай жоқ деп отыр. Мен араласып көрген нашақорлар мен қаңғыбастар өздері де, ақша жоқ кезде, барып қан тапсыратынын айтып жүретін.

Алайда, Шымкенттегі облыстық қан құю орталығының манаы Индира Шаменқызы мұның барлығы алып-қашпа әңгіме ғана екенін жеткізді.

- Жоқ, мұның барлығы жалған ақпарат. Біздің орталықта қан барлық ережеге сай жиналады. Ал 800 теңгеге кез-келген адам қанын тапсыра алады деген әңгімені журналистер қауымы үдетіп отыр. Алайда, оның барлығы шындыққа жанаспайды.

Шымкенттегі «Оралман» бейүкіметтік ұйымның басшысы Зулойхо Султонова 2004 жылы Өзбекстан мен Қазақстан шекарасында сауда-саттықпен айналысып жүргенінде, көрші мемлекеттен Қазақстанда сату мақсатында жиналған қан әкелінетінінің куәсі болғанын айтты. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы СПИД орталығы бас дәрігерінің орынбасары Күрші Құрбанов мұндай әрекет таңқаларлық құбылыс емес екенін алға тартқан. Шымкенттік «Сенімді тірек» атты бейүкіметтік ұйымның президенті Валентина Скрябина бұл туралы:

- Бас дәрігердің орынбасары – ақша қатынасы бар жерде – тауардың жүруі – теріс емес деді. Яғни, тауар ретінде қанды атап тұрған болуы керек. Өзбекстанда қан біздегіден 6 есе арзан. Ал осы жөнінде куәлік еткен «Оралман» бейүкіметтік ұйымның басшысы Зулойхо Султонова қазір тергеу орындарының сұрақтарына жауап беріп жатыр. Енді оны дәлелдеу де қиынға соғады. Тек қана сол қанды тасымалдауға тартылған көлік жүргізушілері табылмаса, бұл мәселенің де арты жауапсыз қалуы ықтимал, - дейді.

Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан обылысында 12 мыңнан астам бала қанын ВИЧ инфекциясына тексеру үшін тізімге алынған. Олардың барлығы қатер анықталған кезде ауруханаларды емделіп жатқан. Ал соңғы мәліметтер бойынша, дауасы жоқ дертке шалдыққан балалардың саны 55. Бұл сан 5 мың баланы тексеру кезінде анықталған. Жақын күндері балалардың барлығы анализ тапсырып болады деп хабарлайды Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі.

Шымкенттегі балаларға ВИЧ дертінің жұғуынан туған шатақ соңы осы аптада Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Болат Жылқышиев пен Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаевтың қызметтерінен босатылуына әкелді. Жаңадан облыс әкім болып Өмірзақ Шүкеев тағайындалса, министрліктің тізгінін Анатолий Дерновой алды.
XS
SM
MD
LG