Accessibility links

Алматы полицейлері қаладағы жезөкшелер мен олардың «жеңгетайларына» қарсы арнайы шара өткізді


Жезөкшелік, адам трафигі және Адам саудасының алдын алу мақсатында Алматы қаласының ішкі істер басқармасы арнайы операция жүргізіп, оның нәтижесінде 400-ге тарта жезөкше мен 7 жеңгетайлықпен айналысқан адамды қолға түсірді. Бұл туралы сәрсенбіде "Азаттық" радиосына хабарлаған Алматы ішкі істер басқармасының қызметкерлері жезөкшелік және оған қатысты қылмыс түрлеріне қарсы тұру үшін қазіргі заңдардың жетілмегендігін алға тартса, Дағдарыс орталықтары одағының басшылығы Қазақстанда жезөкшелікті заңдастыру - адам құқығын қорғау тұрғысынан алғанда қажет деп есептейді.

Алматы қаласының Саин көшесінде қаз-қатар тізіліп тұрған бойжеткендер полициейлердің қарасы көріне сала тұра қашады. Өйткені, олардың қолына түссең, осы жерден тапқан ақшаны соларға беруің керек болады, дейді жезөкшелердің бірі Жазира есімді әйел:

- Ал егер ақша бермесең, олармен демалуың керек. Болмаса, 30 күнге «приемник-распределительге жат», дейді. Менің оған жатқым келмейді! Сондықтан, еріксіз ақша беріп шығамын. 20-30 мың теңге берсем де, шығамын! Өйткені, үйімде балам бар.

Қыркүйектің 22-сінен бастап Алматыда жергілікті полицейлер арнаулы операция аясында 6 тәулік бойы қаладағы Саин және Сейфуллин көшелерін «түнгі көбелектерден» тазартуға кіріскен. Нәтижесінде 400-ден астам жезөкше мен 7 жеңгетайлықпен айналысқан адамның қолға түскендігін айтады Алматы қаласы ішкі істер басқармасының аға инспекторы Салтанат ӘЗІРБЕК:

- Мәселен, күнделікті Сейфуллин көшесінен Түрксіб аудандық ішкі істер басқармасына 50-70 жезөкше жеткізілуде. Оның ішінде 15-ке жуық жеңіл жүрісті қыздар қабылдап-тарату мекемесіне орналастырылды. Мысалы, полицейлер «Айнабұлақ-4» ықшам ауданындағы пәтерлердің бірінде екі қыздың тәнін саудалап келген екі жас азамат қолға түсті. Сондай-ақ, Чернышевский көшесіндегі өз үйінде осындай саудамен айналысқан 52 жастағы әйел тұтқындалды. Ал қаладағы қонақ үйлердің бірінің қауіпсіздік бөлімінің бастығын тінту кезінде одан жеңіл жүрісті қыздар үшін клиенттерден алынған ақша табылды.

Дегенмен, қазіргі заңға сай жезөкшелерді ұстау заңға қайшы деп есептейді «Адам құқықтары үшін хартиясы» қоғамдық ұйымының заңгері Амангелді Шорманбаев:

- Заң бойынша жезөкшелер қудаланбайды. Ондай заң бабы жоқ. Совет одағы кезінде болған. Сондықтан, оларды ұстау заңсыз. Тек келіп, сұрауға болады: «Құжатыңыз бар ма, жоқ па?» деп.

Ал жезөкшелердің кейбіреулері ВИЧ-инфекциясын жұқтырушылар болса, енді бір тобы көрші елден әкелініп, жезөкшелікке күшпен салынған қыздар екендігі анықталуда дейді полция қызметкері Салтанат Әзірбек:

- Айталық, Касина көшесіндегі бір әйел қолға түсті. Ол сырттан келген 2 қызды маусым айынан қыркүйек айына дейін күшпен ұстап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Бұл қыздар Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген. Жалпы, мұндай қыздар көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан әкелінеді. Мұндай көрші елден келген немесе құжаттары жоқ қыздар қабылдап-тарату мекемесіне орналастырылған. Мұндай фактілер жиі кездесіп жатыр. Бірақ, заңның жетілмеуі салдарынан мұндай қыздарды еш қылмыстық жауапқа тарта алмаймыз.

Егер полиция қызметкерлері жезөкешелікпен байланысты қылмыс түрлеріне тосқауыл қою үшін заңды қатайтып, оларға қатысты заң нормаларын енгізу керек десе, Алматы қаласындағы дағдарыс орталықтары одағының басшысы Зульфия Байсакова жезөкшелікті заңдастыру адам құқығы тұрғысынан алғанда бірнеше мәселелерді бірден шешуге мүмкін береді деп санайды.

- Біріншіден, бұл жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүр болған немесе өз еркімен онымен айналысатын әйелдердің денсаулығын қорғауға мүмкін береді. Екіншіден, статистикалық мәліметтерге қарағанда, орташа алғанда жылына бір ер адам 3-4 секс қызметкерін пайдаланады. Яғни, біз оларға қызмет көрсететін әйелдердің денсаулығын бақылауға алу арқылы оларды пайдаланатын ер адамдардың денсаулығын қамтамасыз етеміз. Ең маңыздысы – біз ВИЧ/СПИД ауруының таралуының алдын аламыз. Сонымен бірге жезөкшелікті заңдастыру елдің өз ішіндегі адам саудасына қарсы тұруымызға мүмкіндік береді. Мысалы, жезөкшелік заңдастырылған Голландияда адам тәнін оны қанау мақсатында пайдалану фактісі жоқ десе де болады, - дейді Зульфия Байсакова.

Алайда, ол бұл мәселенің даулы екендігін, қазақстандық әйелдер ұйымдарының өздері біржақты пікір білдірмейтіндігін айтады. Ал бұл кезде Алматы қаласында ұсталған жезөкшелер жаппай медициналық тексеруден өтуде. Олардың нақты қаншасы ВИЧ/СПИД инфекциясын таратушы, қаншасы адам саудасының құрбаны екендігі қыркүйектің 28-і күні жария болмақ.
XS
SM
MD
LG