Accessibility links

Ресей: соңғы патшаның анасын қайта жерлеу – Кремльдің өз абыройын көтеру науқаны емес пе?


1866-ншы жылдан бастап Ресей патшайымы Мария Федеровнаға айналған Дания ханшайымының сүйегі 28-інші қыркүйек күні С.-Петерборда қайта жерленеді. Ең ақырғы орыс патшасының анасы бәлшебектердің 1917-нші жылғы Қазан бүлігінен Данияға қашып барған соң, 11 жылдан кейін Копенгагенде жерленген болатын. Ресми Мәскеудің мәлімдеуінше, оның сүйегін қайта жерлеу орыс тарихының зұлымдыққа толы болған беттерін аудару болып табылады. Бірақ, бірқатар бақылаушының пікірінше, патшайымның сүйегін Ресейге қайта жерлеу – Кремльдің өз абырой-беделін көтеру мақсатындағы ресми науқанының құрамдас бөлігі болып табылады.

Сейсенбі – 26-ншы қыркүйек күні таңертең Мария Федеровнаның сүйегі жатқан табыт тиілгін Данияның соғыс кемесі орыс императорларының С.-Петербор түбіндегі жазғы тұрағы болған Петергофқа келіп жетті. Табытты Романовтар әулетінің 40-қа жуық ұрпағынан, Дания патшасы сарайының өкілдерінен және Дания мен Ресейдің ресми тұлғаларынан тұратын мәртебелі қауым салтанатпен қарсы алды. Мария патшайымның сүйегі ІІІ-інші Александр патшаға күйеуге шығып, С.-Петерборға алғаш аяқ басуынан тура 140 жыл өткенде және бәлшебектер төңкерісінен бас сауғалап Данияға қашқан жылынан шамамен 87 жыл өткенде Ресейге қайтып отыр. Оның ұлы – ІІ-нші Николай патшаны бүкіл отбасымен бірге бәлшебектер атып өлтірді. Мария Федеровнаның немересі, Данияда тұратын ханзада Дмитрий Романов үшін бұл рәсімнің айрықша мәні бар.

“Бұл - менің өмірімдегі ең маңызды сәт. Ең маңыздысы – Мария Федеровнаның осында оралуы... Бұл өте маңызды нәрсе! Ол осыны тілеп еді, Құдайға тәубә, солай болды”, -деп атап көрсетті Дмитрий ханзада.

Патшайымның табыты 28-інші қыркүйекке дейін Петергофтағы Александр Невскийдің шіркеуіне қойылады. Осы күні Мария патшайымның сүйегі, оның өз тілегі бойынша, С.-Петербордағы өзінің ері – ІІІ-інші Александрдың жанына қойылады. Атап айтқанда, 1928-інші жылы Копенгагенде қуғында жүріп дүние салған Дания ханшайымы Дагмардың сүйегі С.-Петербордың Петр және Павел соборындағы (шіркеуіндегі) Романовтар әулетінің зиратына қойылады. Орыстың православие шіркеуінің басшысы Патриарх ІІ-нші Алексий жаназасын шығаруға тиіс.

Мария Федеровнаны Ресейге қайта жерлеу бастамасын Романовтар әулетінің қазіргі ұрпақтары көтерді. Оның мақсатын “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Ресейдегі “Романовтар әулеті Ассоциациясының” жетекшісі Иван Арцишевский былай деп түсіндірді.

“Бүгінгі Ресей – патшайымға – Ресейге келіп, осы сөздің толық мағынасындағы орыс патшайымына айналған даниялық қызға – тағзым етуге тиіс. Өйткені, Мария Федеровна Ресейді сүйді, Ресейге деген сүйіспеншілігімен көз жұмды. Ол біздің халқымызды, біздің жерімізді сүйді. Міне сол себепті де, деп олаймын мен, бұл әйелдің алдындағы борыш өтелуге тиіс”, - дейді Арцишевский.

Ресей президенті В.Путин Мария патшайымның сүйегін Ресейге қайта жерлеу туралы Романовтар әулетінің бастамасын тез қолдай қойып, оған өзі де атсалысты. Осыдан 4 жыл бұрын ол Дания патшайымы Маргрэттен (Margrethe) Мария Федеровнаның сүйегін сұрады. Алайда, Дания үкіметі чешен сепаратистерінің өкілі Ахмед Закаевты Ресейге беруден бас тартқан соң, өз кезегінде В.Путин де Данияға жоспарлаған сапарынан бас тартып, патшайымның сүйегін қайта жерлеу рәсімі бірнеше рет кейінге қалды.

Мария патшайымды Ресейге қайта жерлеу туралы шешім, ресми түрде, 1917-нші жылы ІІ-нші Николайдың өз ықтиярымен патша тағынан бас тартуынан кейін, бәлшебектердің оны отбасымен бірге ату жазасына кескен тарихтың бетін аудару мақсатында қабылданып отыр. Жерлеу рәсімімен қарама-қатар Ресейдің әр түкпірінде көрмелер ашылды. Мария Федеровна мен оның балаларының суреттері қойылған Кремльдегі сондай көрменің біріне келген Людмила деген зейнеткер әйел патшайымның сүйегін С.-Петерборда қайта жерлеу туралы шешімді қолдайтынын мәлімдеді.

“Оның шынында да Ресейде қайта жерленуі өте дұрыс. Өйткені, ол Ресейдің патшайымы болған болса, онда өзінің отанында жерленуге тиіс”, - деп өз ойын айтты зейнеткер әйел.

Кремльдегі көрмеге келген басқа бір Елена деген әйел де бұл бастаманы мақұлдайды. Елена: “Ол өзінің ерімен бірге жерленгенін қалады. Оны өзі айтқан. Оған қоса, Ресейде оның орыс патшайымы болып тұрып, Копенгагенде өмірден қартайған қарапайым әйел болып өткенін ұмытпау керек. Сондықтан да, менің ойымша, өзі патшайым болған елге оралғысы келгені - әбден орынды”, - деп өз ойымен бөлісті.

Дегенмен де, кейбір бақылаушының пікірінше, қайта жерлеу рәсіміне Кремль саяси ұпай жинаудың мүмкіндігі ретінде қарайды. Мысалға, Ресейдегі Юрий Левада Сараптау орталығының әлеуметтанушы өкілі Борис Дубин былай дейді:

“Қалың бұқара халықтың арасында өткенді айқын аңсағандықты мен байқамадым. Зиялыларға жататын кейбір топтың бұл нәрсеге деген пәлендей сезімі болуы да мүмкін. Оған, ең алдымен, өткен совет дәуірімен, ол арқылы төңкеріс қарсаңындағы заманмен жақындасуды мақсат еткен қазіргі билік көбірек алаңдайды. Бұл, тағы бір жағынан, өздерін кешегі тарихи тұлғалардың ұрпақтары ретінде көрсеткісі келгені”.

Мария Федеровна Ресейде қайта жерленетін жалғыз адам емес. 1998-інші жылы ІІ-нші Николай патша мен оның отбасы да асқан құрметпен Петр және Павел соборына қайта жерленген болатын. Оның алдында Ресейдің соңғы патшасы мен отбасы мүшелерінің сүйектері халықаралық зерттеуден өтті. Ал 2005-інші жылдың қазан айында патша генералы Антон Деникиннің сүйегі әскери қошеметпен Мәскеудегі Донской шіркеуіне қайта жерленді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG