Accessibility links

Алматыда банк мамандарының халықаралық жиыны өтті


28 қыркүйекте Алматыда екі күнге созылған «Капиталдың халықаралық нарығы мен оның ТМД елдерінің қаржылық жүйесі мен экономикасын дамытудағы рөлі» атты банкаралық VII конференция өз жұмысын аяқтады. Әлемнің 30 елінен келген 400-ден астам мамандар ТМД елдерінің банк жүйесі жұмысының қыр-сыры туралы пікір алмасып және банктерге халықаралық рейтингтік агенттіктердің берген бағаларымен салыстырып көрді. Ресейлік мамандар «Қазақстан банк жүйесі даму жағынан ТМД елдерінің алдынғы қатарында болғанымен, оның да осал тұстары бар» деген пікір айтып отыр.

БанкТуранӘлемнің бастамасымен жыл сайын өткізіліп тұратын Алматыдағы банкаралық конференция биыл жетінші рет өтіп отыр және жылдан-жылға бұл конференцияның жұмысына қызығушылық танытатындар қатары да көбейуде көрінеді. Былтыр 25 елден 200-дей банк өкілдері қатысса, биыл 30 елден 250-дей банк өкілдері қатысып отыр.

БанкТуранӘлемнің ипотека бөлімінің вице-президенті Қайрат Алтынбаев конференция жайлы былай дейді:

- Конференцияда қаралып жатқан мәселелер біріншіден, жалпы Қазақстандағы банктердің ақша алу жолдары, оған қаржылық бақылау агенттігінің пікірлері, әлемдік тәжірибе қандай? Бір жаңалық - біздің компания «БТАипотека» Қазақстанда бірінші рет несиелерді секьюритизациялады. Ол дегеніңіз - біз ипотекалық несиелерді шетелдік инвестор арқылы төменгі бағамен келістіріп елге алып келуді енгіздік. Ол келешекте ипотекалық несиелердің пайыздарын төмендетуге көмек болады. Әрине, шетелден алған қаржылар тәуекелмен де байланысты. Осы конференцияда оны да талқылап, әлемдік тәжірибемен танысып жатырмыз.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарғы Тынық мұхиты елдерінің қаржы жүйесінің дағдарысы мен 1998 жылғы Ресей Банк жүйесінің дағдарысын еске ала келе, БанкТуранӘлемнің баспасөз хатшысы Валентина Владимирская қаржы жүйесінің тыныс-тіршілігі мен күре тамырының соғысын бақылап тұру - уақыт талабы дейді.

- Биылғы конференцияда ТМД елдеріне ортақ тақырып болып отырғаны сырттан қаржы тарту мәселесі мен тәуекелдік мәселесі. Бұл сырттан қаржы тартудың аяғы немен аяқталмақ? Егер мұнайдың бағасы құлайтын болса қарызды қалай қайтару керек? Пікірлер мен болжамдар сан алуан, әрі бір-біріне кереғар. Бір мамандар «бұл ТМД-ның алдындағы үлкен дағдарыс» десе, енді біреулері «бұл заңды құбылыс, тек тәуекелді мөлшерлей білу керек» деген ой айтып отыр. Қазіргі банктер қаржы жинауды қойып, оны сәтті орналастыру мәселесін қарастырып отыр. Бұл жерде де тәуекелсіз болмайды. Міне, осындай көптеген мәселелер бойынша мамандардың конференцияда айтқан пікірлері маңызды болмақ. Әрине, шетелдік мамандар үшін ТМД аумағындағы банк жүйесі қарқынды дамуымен қызықты, кіріс те мол, бірақ тәуекелі де зор болып отыр. Олар соны межелеу үшін келіп отыр, - дейді Владимирская ханым.

Алматыдағы конференцияға келген Мәскеулік «Банк Союзный» банкінің маманы Дмитрий Курбатский Қазақстан банктерінің жетістіктерін жоғары бағалап отыр.

- Қазақстан банк жүйесі ТМД елдерінің ішіндегі көшбастары. Мен Ресей банктері санының көптігі бойынша бірінші орында болғанымен дамуы мен сапасы жағынан Қазақстан бірінші орында дер едім. Бізге Қазақстаннан банктық реттеуді үйренуге болар еді. Бірақ, Қазақстан банктері құнды қағаздармен жұмыс істемейді деуге болады. Қазақстанда қор рыногы жетілмеген. Сондықтан бұл Қазақстан банктерінің алда игеретін мәселесі. Оған тиісті заңдар да қажет. Ол да жоқ дер едім, - дейді Ресейлік маман Дмитрий Курбатский.
XS
SM
MD
LG