Accessibility links

Саяси және экономикалық мүдделер тоғысып отырған Каспий теңізінің мәртебесін оның жағалуындағы бес ел түпкілікті белгілей алмай отыр


28 қыркүйек - дүниежүзілік теңіз күні. Бұл күн қоғамды, мемлекет пен жекелеген құрылымдарды теңіздер мен олардың биоресурстарын қорғау мәселесіне көңіл аударту мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымы енгізген халықаралық күндердің бірі. Ал Қазақстан үшін жәй теңіз ғана болудан қалып, «саяси теңізге» де айналып, көптеген елдердің мүдделерін шоғырландырып отырған Каспий осындай мәселелерден ада емес.

Каспиймен Қазақстаннан басқа Ресей, Иран, Түркіменстан және Әзірбайжан елдері шектеседі. Бірақ олардың Каспий теңізіне қатысты ұстанатын саясатында алшақтықтар бар. Бұл Каспий теңізін тиімді пайдалану жолындағы ең бірінші кедергі,-деген пікірді саясаттанушылар жиі қайталап жүр. Ал саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек болса, Каспий жайында бұдан бұрынғы патшалық Ресей мен Иран арасында келісімдердің ескіргендігін және жаңа конвенция қабылдауда Кеңес Одағы күйреуі нәтижесінде пайда болған елдердің 15 жылдан бері бір шешімге келе алмай жүргендігін айтады:

- Ресей мен Қазақстан өз аймағында бөлу туралы белгілі бір дәрежеде қол жеткізді. Ал Иран, Түркіменстан, Әзірбайжан тарапынан бұл мәселеде келісім болған жоқ. Әсіресе, Әзірбайжан мен Түркіменстан арасында, Әзірбайжан мен Иран арасында белгілі бір дәрежеде даулы мәселелер көп. Иран Әзірбайжанға күш көрсетті деуге болады. Бұл жағдайдың шиеленісуі аймақтағы елдердің біреуінде жанжал басталған кезде, ол үлкен даудың бастамасына айналуы мүкін, - дейді Шәріпбек мырза.

Мамандардың есептеуі бойынша, Каспий мұнай мен газдың қоры жағынан әлемде Парсы шығанағынан кейінгі орынды алады. Бірақ энергетикалық ресурстар теңіздің барлық жерінде бірдей таралмаған. Мысалы, Иран мен Түркіменстан бөлігінде басқа үш мемлекетке қарағанда көмірсутегінің қоры аздау деген дерек бар. Саясаттанушылар көршілес елдердің бастарының піспей, Каспий мұнайын бөлісе алмауын осымен байланыстырады. Ал «Табиғат» экологиялық қозғалысының төрағасы Мэлс Елеусізовтің пікірінше, теңіз мәртебесінің анықталмауының салдары экологиялық жағдайдың нарашлауына әкеліп, теңізге деген немқұрайлы көзқарас туғызып отыр:

- Мына екі өзеннен лай сулар келеді. Екіншіден Совет Одағы кезінде мұнай шығарамыз деп жер бұрғыланған. Кейін Каспийдің деңгейі көтеріліп, содан құбырлардан мұнай шығып жатыр. Ол да уландырып жатыр. Бір жағынан бізде браконерлер балықты қырып жатыр. Әсіресе, мына бекіре балықтарды. Аздан кейін осы бекіре балықтардан айырылу мүмкіндігіміз бар, - деп сақтандырады Қазақстандық эколог.

Каспий экожүйесін сақтап қалып, оның бар байлығын тиімді пайлану үшін бірлескен бағдарлама керектігін басқа да мамандар тілге тиек етіп жүр. Ал саясаттанушы, «Континент» журналының бас редакторы Сұлтан Әкімбеков Каспийді сақтау мен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін аймақ елдерінің ауызбіршілігі қажет екендігін айтып, ықпалдастықты күшейтуді алға қойған дұрыс, дейді.

- Аймақ елдері теңіз мәселесін шешудің жолдарын қарастыруда. Олар бір-бірімен жақсы көрші болуға тырысуда. Мысалы үшін, Қазақстан мен Ресей шекаралық мәселесін шешіп, теңізді секторларға бөлу құжатын бекітті. Біз бүгін мемлекеттердің үлкен қадам жасап отырғанын айтуымыз керек. Бұдан он жыл бұрын жағдай тіпті қиын болатын.

Алайда саясаттанушылар арасында Каспий геосаясатының күрделі екендігін және аймақтағы тыныштықты мемлекеттердің барлығы бірдей қолдай бермейді деп санайтындар да кездеседі. Мысалы, саясаттанушы Шәріпбек Әмірбектің ойынша, Каспий маңындағы тұрақсыздықты туғызып отырған бірнеше факторлар бар.

- Бірінші фактор Иранның атом қаруын жасауға ұмтылуы. Ал Американың атом қаруын жасатпауға байланысты мүмкіндігі бар. Екіншісі - Ресейдің Каспий аймағына үстемдік жүргізгісі келу ниеті. Тағы себеп бар. Бұл - Американың Каспий аймағын өзінің мүдде аймағы деп есептеуі, - дейді саясаттанушы.

Ресей, Қазақстан, Иран, Түркіменстан және Әзірбайжан елдері араларында Каспий теңізіне қатысты екіжақты келісімдер бар. Алайда, сол қабылданған заң аясынан шықпай, теңізді межелеуде табысты жұмыстар атқарып отырған жалғыз Ресей мен Қазақстан ғана дейді саясаттанушылар.
XS
SM
MD
LG