Accessibility links

Ресей мен Грузия арасындағы текетірес ушыға түсті


Қазанның 3-і күні ресми Кремль Грузиямен арадағы барлық көлік және пошта байланыстарын тоқтатты. Бұл шектеулер өткен аптада ресейлік 4 офицердің Грузияда тыңшылықта айыпталып, тұтқындалғандығына байланысты салынып отыр. Ал, қазанның 2-сі күні ресми Тблиси ол офицерлердің Ресей түрмесіне өткізілуіне келіскен болатын.

Ресей Қорғаныс министрі Сергей Иванов елге қайтарылған барлау қызметі офицерлерін қахармандар ретінде қарсы алды.

“Мен сіздерді Грузия тұтқынынан туған жерлеріңізге оралуларыңызбен құттықтаймын. Мен сіздерге Ресей офицеріне тән батырлық пен табандылықтарыңыз және абыройларыңызды сақтай білгендеріңіз үшін алғыс айтамын. Бұл ұшақтың биылғы жылы Грузиядан Ресейге келіп қонған соңғы ұшақ екендігін де мен жоққа шығармаймын”, - деді.

Ивановтың “соңғы ұшақ” деген сөзі сес көрсетуден де мықтырақ болатын.

Ал, Аэрофлот өкілдері болса, қазан айының соңына дейін Грузиямен арада барлық ұшақтардың тоқтатылғандығын мәлімдеді. Пойыз, аутокөлік және қайық арқылы байланыстар да толық тоқтатылған. Грузия Сыртқы істер министрінің орынбасары Николоз Натбиладзе байланыстарды бұлайша біржақты түрде тоқтату екі ел арасындағы келісімге қайшы келеді, деді. Оның айтуынша, Ресей ұшақтарының Грузияға қарай ұшпайтындығына қарамастан ол елдің әуе жолдары Ресей ұшақтары үшін ашық күйде қала береді.

Ресей және Грузияның қос азаматтығын алған бір жарым миллиондай грузиндер Ресейде өмір сүріп, жұмыс істеуде. Олардың тек 10 мыңдайы ғана ресми түрде тіркелген. Бұл азаматтардың Грузияға қанша ақша жібергендігі жөнінде екі ел түрлі мәліметті ұстануда. Ресей мәліметтеріне қарағанда, ол көрсеткіш 2 миллиард доллардай. Ал, Грузия жағы болса оны 219 миллион АҚШ доллары көлемінде, деп көрсетіп отыр.

Ресейде жұмыс істеп жүрген грузин азаматтарына Ресейден шығарылып жіберу қаупі төнуде. Қазанның 2-сі күні Федералдық көші-қон қызметі Мәскеуде заңсыз жұмыс істеп жүрген 13 грузин азаматын қамады.

Грузия бұдан бұрын да өзіне Ресей тарапынан салынған тиымдардан зардап шеккен болатын. Мысалы, үстіміздегі жылдың көктемінде ресми Мәскеу грузиялық вино, минералды су және ауыл шаруашылық тауарларының әкелінуіне тиым жариялаған еді. “Бұл қадам денсаулық сақтау шараларына байланысты жасалып отыр”, дейді Ресей тарапы. Ал, ресми Тблиси болса, ол әрекеттердің саяси астары бар, дейді. Бұл экономикалық тиымдардың қаншаға созылары белгісіз.

Михайл Саакашвили 2003-ші жылы билікке келгелі бері екі ел қарым-қатынасы нашарлап кетті. “Жікшілдік бағыттағы Оңтүстік Осетия және Абхазия аймақтарына қолдау көрсетуде” деп Ресейді Грузин үкіметі айыптап отыр. Ал Ресей болса Грузияның өз ықпалынан шығып, НАТО-ға қосылғысы келетіндігіне ашулы.

“Әрине, Грузия аталған тиымға қарсы тұрады. Алайда бұл- өркениетті елдердің бір-бірімен сөйлесу тәсілі емес”, - деді қазанның 2-сі күні сөйлеген сөзінде Грузия парламентінің спикері Нино Бурджанадзе.

Бұған дейін өзара мықты байланыста болған қос елдің қайсысының мұндай сабырлылыққа шақырған сөздерге құлақ асатыны белгісіз.
XS
SM
MD
LG