Accessibility links

Президент Назарбаевтың үлкен қызы Қазақстанда президент құзыретін азайту керек деген ұсыныс жасады


Парламент депутаты Дариға Назарбаева Қазақстанда президент құзыретін азайтып, парламенттің өкілеттігін кеңейту керек деген ұсыныс жасады. Бұл туралы ол Астанада қазанның 9 күні демократия жөніндегі мемлекеттік комиссияның «Саяси партиялардың ролін арттыру» мәселесіне арналған отырысында хабарлады. Ал, кейбір саяси партия өкілдері бұл ұсынысқа қарсы шықты.

Парламент депутаты Дариға Назарбаеваның айтуынша, қазір билік ашық жұмыс істеп жатқан жоқ, ал парламентте бюджетті бекітетін құқы болғанымен оны қадағалайтын нақты механизмдері жоқ. Дариға Назарбаеваның айтуынша, президенттік басқару формасы сақтау керек, бірақ президент пен парламент арасындағы балансты реттеу керек.

Атқарушы билік құзіретінің бір бөлігін парламентке беру керек, ал президент би ролін атқару керек, ал бұл қатынасты Конституцияға енгізу шешімі бірінші кезекте мемлекеттік комиссия, сосын парламент, сосын президенттің келісу-келіспеуіне байланысты, дейді ол.

- Мысалы, парламенттік көпшілік үкімет мүшелерін, басшыларын тағайындайды. Енді ол үміткерді президент парламентке ұсына ма, әлде сайлауда жеңіске жеткен партия өз үміткерін ұсына ма - осы рәсімдерді әлі қарастыруымыз керек.

Алайда бұған елдің мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев бұған қарсылығын білдірді. Оған Азаматтық партия төрағасы Азат Перуашев те қосылды:

- Мен оған қарсымын, себебі қазір Қазақстанда президенттік жүйе деп айтуға болады. Бұл жүйеде өткен президенттік сайлауда 91 пайыз азаматтарымыз қолдады. Сондықтан саяси партиялар қанша ақылды болса да, елден ақылды емес қой деймін.

Парламент депутаты Дариға Назарбаеваның айтуынша, парламент пен президент арасындағы тепе-теңдікті реттеу үшін, парламентте 7 пайыздық белестен өткен партияға бюджеттен ақша бөліну керек. Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов неліктен барлық дерлік мемлекеттік органдардың қолдауын алып отырған парламенттегі монополист партияға қаражат беріледі, ал кедей партияларға бөлінбейді, деген пікірін алға тарты. Бұған «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев қосылды. Оның айтуынша, әкімдерде елге дегенін жасататын миллиондаған амалы бар:

- Қазір парламентте 80-90 пайыз бір партия болса - ол не? Бірақ, сол монополияны әрі қарай дамытпау керек. Үкіметте парламенттік көпшілік болса, біз баяғы компартияға қайтіп келеміз, ол демократия емес.

Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымовтың пікірінше, «Отан» партиясының құрамындағы мемлекеттік қызметкерлер жұмыс уақытында партия жұмысымен айналыспауы шарт. Қазір әкімдер де, министрлер де осы партияға кіруге ұмтылады, деді ол. Ал «Отан» партиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Жұмағұлов бұл пікірмен келіспейтіндігін жеткізді:

- Оның заңға қайшы келетін ештеңесі жоқ, қандай адам болса да, мейлі ол мемлекеттік қызметкер болса да, оған құқығы бар. Ол партияда жұмыс істеуге құқылы, бірақ партиядан ақша алуына болмайды.

Демократия жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі Олжас Сүлейменовтың айтуынша, олигархтар партияларға ие болмағаны жөн. Еуропада биліктің де, оппозицияның да партияларын мемлекет қаржыландырады, мәселен, Италияда әр сайлаушының дауысы 2 доллар тұрады, дейді ол. Бұған «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев қосылды:

- Бір партияны қолдап, қалғанын сыртқа тебу жөн емес. Барлық партияға үкіметтің көзқарасы тең болуы керек. Жаңа Олжас Омарұлы жақсы айтты, кейбір партиялар қалталылардың қалтасында кетіп жатыр, ал егер халықтың қамын ойлайтын болсақ, онда барлық партияға теңдей көмек бюджеттен бөліну керек.

Ал «Отан» партиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Жұмағұлов бұл пікірмен келіспейтіндігін жеткізді:

- Қазір олай десек, кім көрінген, жантайып жастыққа жатып алып, «бізге бюджеттен ақша төле» деуі мүмкін. Тек қана парламентке кірген партиялар 7 пайыздық белестен өтетін болса, тек қана соған ақша бөлу керек.

Қазақстанда ресми түрлде 12 партия тіркелген. Ал электораттың, яғни дауыс беруге құқы бар адамдардың саны 8 миллион.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG