Accessibility links

Үкіметтік емес ұйым өкілдері Қазақстан адам құқығы жөніндегі Еуропалық конвенцияға қосылуын қалайды


Қазанның 10-ы күні Алматыда үкіметтік емес ұйымдар Қазақстан президенті мен парламенті атына ашық хат жолдады. Онда олар Қазақстан жедел түрде адам құқығы жөніндегі Еуропалық конвенцияға қосылу керек деген мәселені көтеріп отыр. Аталмыш ұйымдардың мұндай қадамдарға баруына соңғы уақытта Шахтинскіде орын алған апат пен Шымкенттегі балалардың Вич инфекциясына шалдығу оқиғалары және Қазақстан азаматтарының Конституцияда көрсетілген азаматтық құқықтарының сақталмайтындығы, олардың бизнесін тартып алу деректерінің өсуі себеп болып отыр.

Алматы облысының Көксу ауданына қарасты Көксу-Платина ауылының тұрғыны, көп балалы ана Нұргүл Бекешова бизнесінен айырылып қалған Қазақстан азаматтарының бірі. Ол өзіне тиеселі 9,5 гектар шаруашылық жерінен 2004 жылы айырылып қалады.

«1997 жылы 9,5 гектар жерге аудандық жер комитетінен мемлекеттік АКТ алдым. Барлық құжаттары қолымда болды. Ол жерде мал шаруашылығымен айналыстым. 2002 жылы біздің Көксу ауданына Х. есімді әкім келіп, 2004 жылы менің жерімді алып алды.Менің малдарым бағусыз қалып, ақыры талан-таражға түсіп кетті», дейді Нұргүл Бекешова.

Мұндай оқиғалар қоғамының үйреншікті салтына айналғандығын алға тартқан үкіметтік емес ұйымдар кез-келген келеңсіздікті жою үшін Қазақстан ертеңгі күннен бастап адам құқығы жөніндегі Еуропалық конвенцияға қосылуы керек, дейді. Қазақстан президенті жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Ержан Досмухамедовтың айтуынша, Қазақстан осы уақытқа дейін адам құқығы жөніндегі 26 конвенцияға қосылған. Алайда, олардың барлығы бүгінгі таңда тек қағаз жүзінде қалып отыр екен. Ал Еуропалық конвенцияға тезірек көшу - демократиялық принциптердің орнауы мен адам құқықтарының қорғалуына кепілдік береді, дейді Ержан Досмұхамедов.

Ал жоғарыдағы кеіпкеріміз Нұргүл Бекешова жер дауымен облыстық сотқа дейін шағымданып, жеңіліп қалады.

Кәсіпкерлер мен меншік иелерін қорғау одағының президенті Василий Резван: «Қазіргі Қазақстан соттары сыбайласқан шенеуніктердің әрекетінен қарапайым азаматтардың құқұқтарын қорғайтын жағдайда емес. Өйткені сот жүйесі тәуелсіз емес», дейді.

Қазақстанда қандай да бір іс бойынша, ең соңғы үкім шығаратын Жоғарғы сот. Бұл Қазақстан азаматтары келіссе де, келіспесе де соңғы шешім шығаратын орын. Ал аталмыш конвенцияға бұдан 10 жыл бұрын қол қойған Ресейде мемлекеттің жоғарғы сотының шешіміне қанағаттанбағандар Еуропалық конвенцияның арқасында Страсбургтегі сотқа шағымдануға құқылы екен.

«Егер еліміз аталмыш халықаралық құжатты қабылдар болса бұл Қазақстан қоғамындағы жемқорлықтың азайып, шенеуніктер жауапкершілігінің артуына заңның жұмыс істеуіне түрткі болар еді, дейді Ержан Досмұхамедов. Оның айтуынша, Орталық Азияның бірде-бір мемлекеті бұл конвенцияға қосылмаған. Бүгінгі таңда Еуропалық конвенцияға әлемнің 46 елі қол қойса, оның 5 –еуі Азия мемлекеттері.
XS
SM
MD
LG