Accessibility links

Қазақстанда тағы бір жаңа партия тіркеу құжаттарын мемлекеттік органға тапсырды


Қазақстанда жаңа оппозициялық партия мемлекеттік тіркеуден өтуге қажетті барлық құжаттарын әзірлеп, әділет министрлігіне тіркеуге тапсырды. Бұл туралы қазанның 23 күні Астанада, былтыр өткен президент сайлауында Н.Назарбаевқа басты қарсылас ретінде бірлескен оппозициялық күштерден сайлауға түскен саясаткер, Парламент Мәжілісінің бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбай хабарлады. Кейбір бақылаушылар, жаңа оппозициялық партияны құрудың мақсаты - алдағы сайлау науқандарына дайындық деген болжам жасап отыр.

«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының төрағасы Жармахан Тұяқбайдың айтуынша, әділет министрлігінің тіркеу комитетіне партияны тіркеуге қажетті құжаттармен қатар осы ұйымға мүше болам деген 127 мың азаматтың тізімі берілген. Қазір партия болып тіркелу үшін 50 мың адамның тізімі жеткілікті.

- Партия құрудың басты мақсаты - бүгінгі күні экономикамыздың өсуі тек қана басқа елдердің алдында біздің елімізді мақтан тұтып, тек қана ат төбеліндей азаматтардың мүддесіне сол байлық жұмсалу үшін емес, сол байлық халқымыздың әлеуметтік мәселелерін шешу бағытын қамтамасыз етуді көздейді. Халықтың көзін ашып, елдегі бар кемшіліктерді жеткізу. Оны жою жолдарын түсіндіру. Сол арқылы келешекте халықтың сеніміне ие болу. Тиісті түрде билікке өз ықпалымызды жеткізу, - деді Ж.Тұяқбай.

Саясаттанушы Болатхан Тайжан қазіргі қазақстандық оппозицияға қатысты өз пікірін былай деп жеткізді:

- Оппозиция басынан бастап халықтың ойынан шығатын мақсат-мүдделер айтқан жоқ. Бағдарламасын қарасаңыз - «Әділетті Қазақстанды» айтып отырмын - жалпылама сөздер, ал анық Назарбаевты құлатудан басқа нендей мақсат бар екенін білу қиын.

«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының баспасөз парағында жазылғандай, мақсаттардың ішінде адамдарды озбырлық пен әділетсіздіктен қорғау бар.

«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының баспасөз парағында жазылғандай жаңа партия өкілдері мемлекеттік өкілетті органды партияны алаламай тосқауылдарсыз тіркеуге шақырады. Бұған дейін оппозициялық «Алға» партиясы тіркеуден өте алмаған болатын. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдерінің айтуынша, болашақта жаңа оппозициялық партияның атауы өзгеруі мүмкін. Ж.Тұяқбайдың айтуынша, жаңа партия олигархтардың мүддесіне қызмет етпейді. «Отан» мен «Асар» сияқты билікке жақын партиялар бірігіп жатқан шақта оппозиция қозғалыстары бірікпей ме деген сұраққа Ж.Тұяқбай:

- Оппозициялық қозғалыстар да жаңа партияға бірігуі мүмкін, - деп жауап берді.

Ж.Тұяқбайдың айтуынша, бұған дейін президент Назарбаевпен өткен кездесуде ол билік пен оппозицияның қарым-қатынасы туралы сөз қозғаған және өзіне ештеңе сұрамаған. Кейбір бақылаушылар, жаңа оппозициялық партияны құрудың мақсаты - алдағы сайлау науқандарына дайындық деген болжам жасап отыр. Өйткені, сайлауларға «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының өкілі болғаннан гөрі партиялық тізіммен түскен оңай деген пікір айтады олар. Оның үстіне, бұған дейін Жармахан Тұяқбай ешбір партияның мүшесі болмаған, ал егер жаңа партия тіркелетін болса, онда ол осы партия лидері болып шығады. «Азаттық» радиосы тілшісінің «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы үмітті ақтамады ма, жоқ әлде бұл алдағы сайлау науқандарына дайындық па деген сұрағына Жармахан Тұяқбай былайша жауап берді:

- «Әділетті Қазақстан» қозғалысы президенттік сайлау алдында құрылған құрылым болғандықтан ол өз мақсатын орындады. Алдағы уақытта саяси науқан болатын болса, «Әділетті Қазақстан» қайтадан жанданатынына күмән жоқ. Партияның мақсаты «Әділетті Қазақстан» қозғалысының өз міндетін орындауына байланысты емес. Саяси алаңдағы социал-демократия сегментінің ашық тұрғандықтан осы бағытта саяси құрылым құру қажеттігіне байланысты.

Алайда, саясаттанушы Болатхан Тайжан бұл партия сайлау додасына түсуі үшін құрылып отыруы мүмкін дегенді айтады:

- Болашақта сайлауға қатысудың бір жолы. Ал тек сайлауға ғана ма, жоқ әлде тағы басқа ойы бар ма, оны айту қиын. Оны уақыт көрсетеді.

Ал Жармахан Тұяқбай болса, қазір Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төраға болуға тырысып жүрген билік оппозициялық партияны тіркеуге ниеті болмаса да тіркеуге мәжбүр болады деп санайды.
XS
SM
MD
LG