Accessibility links

Халықаралық валюта қоры сарапшыларының пікірінше қазақстандық банктер шет елден қарыз алып оны елдің ішінде несие ретінде беруді азайтпаса инфляция көрсеткіші өсіп күрт шаралар қажет болады. Бұл туралы Қазақстанда болған қор миссиясының есебінде хабарланады. Ал қазақстандық сарапшылардың айтуынша инфляция яғни ақшаның құнсыздану себептері бірнешеу. Елдің статистика жөніндегі мемлекеттік агенттігінің жорамалына сәйкес 2006 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 9 пайыз деңгейінде болады. Бұл экономика министрлігі белгілеген межеден бірнеше пайызға артық.

Халықаралық валюта қоры Қазақстанда айналымда жүрген ақша өсімін азайту үшін Ұлттық банкке несие талаптарын әрмен қарай күшейте беруді ұсынып отыр. Жалпы соңғы 4 жылда Қазақстан банктері берген несиелер 5 есеге өсіп 21 миллиард долларға жеткен. Астанадағы әлемдік банк өкілдігінің сарапшысы Ілияс Сәрсеновтың айтуынша Қазақстанда экономиканы несиелендіру өткен жылы 60 пайызға өскен, сондықтан Халықаралық валюта қорының ұсынысы орынды, өйткені несие көбеюі инфляцияға әкеп соғады, дейді ол.

Халықаралық валюта қорының есебінде жазылғандай бұл орайда Қазақстандағы «Самрұқ» және «Қазына» даму қорларының жұмысы елдегі экономикалық ресурстарды тиімді тарата алады. Естеріңізге сала кетсек «Қазына» даму қорының құрамына 8 даму институт кірді. Бұл даму институттарының ішіндегі тұңғышы Қазақстанның даму банкісі. Ол 20 жылға дейін 5 миллион долларға дейін жеңілдетілген пайызбен несие береді. Астанадағы әлемдік банк өкілдігінің сарапшысы Ілияс Сәрсеновтың айтуынша егерде Қазақстан Халықаралық валюта қорының ұсынысына құлақ асса, несие ресурстарының құны қымбаттайды деген сөз, несие пайыздары қымбаттамаса да төмендемейді, бұл жанама түрде тұтунышының қалтасынан соғады, дейді ол.

Несиелердің сыртында Халықаралық валюта қоры жаз айларынан бері теңге құнының едәуір әлсізденуі сыртқы саудада тауар бағасының өсуіне әкеп соғады деп хабарлайды, бұлда инфляцияға кесірін тигізеді, дейді мамандар. Қазақстан ұлттық банкі 2007 жылдың бюджетінде доллар құнын 116 теңге деп белгіледі. Халықаралық валюта қорының өкілдері бұған дейінде Қазақстанға теңге құнын нығайта беріңдер деген кеңес берген. Ұлттық банк өкілдері болса бұл кеңеске құлақ аспай отыр, дейді жергілікті экономистер.

Инфляцияға әсер ететін келесі ірі фактор ретінде азық-түлік құнының көтерілгені жатқызылды. Республикалық санақ агенттігінің төрағасы Бақыт Сұлтановтың айтуынша азық-түлік ішінде әсіресе екі түрлі тағамның бағасы көтерілген:

- Оның арасында қантпен жеміс жидек бағасының өсуі лидер болып тұр.

Ал қаржы министрінің орынбасары Асқар Елемесовтың айтуынша, Қазақстандағы баға өсудің негізгі себебі мұнай құнына байланысты:

- Мұнай бағасы тек Қазақстанда емес дүние жүзінде өсіп жатыр. Одан бензин, керосин, мазут өндіріледі. Оның бағасы өскенде ол әр туарға кіреді. Себебі қандай тауар болсада сіз оны қоймадан дүкенге әкелу үшін бензин қолданасыз, дұрыс па?

Ал кейбір қаржыгерлердің айтуынша ақшаның тез құнсыздануына азық-түлікпен қызметтер бағасының күрт қымбаттауы әсер етті. Мысалы монополистер өз қызметтерінің бағасын көтеріп тарифтердің жоғарлауына әсер етті, дейді Монополияға қарсы агенттік төрағасы Бақытжан Сағынтаев:

- Табиғи монополия субъектілері көмір, жанар-май сатып алған кезде кеніштен шыққан бағамен алмайды, олардың арасында делдал жүреді.

Қазақстанның статистика жөніндегі мемлекеттік агенттігінің жорамалына сәйкес 2006 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 9 пайыз деңгейінде болады. Өткен жылы елдегі тұтыну бағалары орта есеппен 7 жарым пайызға өскен.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG