Accessibility links

Қазақстан әйелдерінің еңбек жағдайы кемшін қалып отыр


Қазақстандағы әйелдердің еңбекақысы ер адамдарға қарағанда 40 пайызға кем. Бұл туралы Астанада қарашаның 8 күні Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев хабарлады. Оның айтуынша халықаралық ұйымдардың қатысуымен 2006 жылдың 9 қарашасында өтетін тұңғыш Қазақстан еңбекші әйелдерінің конгресінде әйелдерді жынысына қарап кемсіту мәселесі көтеріледі.

Қазақстанның статистика агенттігі 2005 жылы мемлекеттік қызметкерлердің 57 пайызы - әйелдер деген мәлімет таратқан. Ал, әйелдер құқын қорғау жөніндегі ұйымдардың мәліметі бойынша әйелдер тек орташа қызметтерде көпте, ал, басшылар қатарында аз. Гендерлік саясат саласындағы кейбір мамандардың пікірінше, Қазақстанда Шығыс дәстүрін сылтауратып, әйелдерді жынысына қарап кемсіту, бар, деп есептейді. Ал, үйін тігу арқылы банктен несие алып, сол қаражатты ұқсатып, бала - шағасын асырап отырған Қымбат Асылбекқызының пікірінше Қазақстанда әйелді жынысына қарап кемсіту жоқ:

- Біз отырып, ойбай, мемлекет кінәлі, деп төңірегімізді кіналауға тырысамыз. Негізі, кінәнің бәрі ішкі дүниемізде.

Ауыл шаруашылық министрлігін қаржылай қолдау қорының есепшісі болып 5 жыл жұмыс істеген Гүлжан Тайжанова мүлдем қарама қайшы пікірді ұстанады. Гүлжанның айтуынша оған жұмыс берушісі декрет демалысына тиесілі қаражатты бермей отыр:

- Аяғым ауыр болып мен декретке шығам дегенмін. Бірақ, жұмысымның басшысы бермеймін деп бетімді қайтарып тастады.

Кәсіподақ өкілдерінің айтуынша, олар халықаралық ұйымдардың қатысуымен 2006 жылдың 9 қарашасында өтетін тұңғыш Қазақстан еңбекші әйелдерінің конгресі қарсаңында елдегі әйелдер құқын қорғау деңгейін тексеру мақсатымен сауалнама өткізген. Оның нәтижесін Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев былайша суреттейді:

- Біздің мемлекетімізде жұмыссыздықтың пайызы 7 пайызда. Соның 50 пайыздан артығы әйелдер. Оның ішінде 35 жасқа дейінгі әйелдер. Әйелдердің еңбекақысы еркектермен салыстырғанда 61 пайыз деңгейінде. Жұмыстан босатар кезде қысқартар кезде бірінші әйелдерден бастайды, әсіресе баласы бар әйелдерден. Әйелдердің өздерінен де құлшынбай жарайды енді, көппен көрген ұлы той деген бейқамдығына байланысты.

Қазақстан президенті Назарбаевтың кеңесшісі Айткүл Самақованың айтуынша, Қазақстанда әйелдердің денсаулық индексі төмен. Олардың өлу көрсеткіштері төмендеп келе жатқанымен Еуропа Одағы елдерімен салыстырғанда және әлемдік денсаулық сақтау ұйымының деңгейінен әлдеқайда төмен, дейді президент кеңесшісі. Қазақстан президенті Назарбаевтың жанындағы отбасы және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Жұмагүл Солтиеваныңда пікірі осыған саяды:

- Еңбекақыға байланысты, жұмысқа қабылдау кезінде дискриминация бар екенін өздеріңіз де білесіздер ғой. Содан кейін, трафик мәселесі әйелдердің, қаншама азап шегіп жатқандары бар. Отбасында да адамдар бар. Бұл жерде гендерлік саясаттың теңдігі керек.

Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашевтың айтуынша, әйелдерді жынысына қарап кемсіту мәселесін шешуге болады:

- Ондай компанияларда кәсіподақ ұйымы болатын болса кәсіподақ ұйымы қатыса алады, өйткені олармен келісім-шарт, ұжымдық шарт жасалады. Бірақ өкінішке орай біздің жеке меншік компанияларда кәсіподақ ұйымдары жоқ. Бізде мемлекеттік стандарт, әлеуметтік стандарт болу керек. Сонда барлық әйелдердің мәселесіде қаралуы керек. Қорытынды құжат қабылдағанда соны көтереміз. Сосын әрі жылжытамыз.

Ресми мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда жоғары немесе арнайы оқу орындарын бітірген әйелдер саны ерлерді басып озған. Ғылыммен айналысатын әйелдер қатарыда жыл өткен сайын артып келе жатқан көрінеді. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 50-ге жуық әйелдер ұйымдары бар.
XS
SM
MD
LG