Accessibility links

Парламенті Мәжілісі Еңбек кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдады


Қазақстан Парламенті мәжілісінің депутаттары Еңбек кодексі жобасының 298 бабына мыңға жуық ұсыныс енгізуді мақұлады. Екінші оқылымда қабылдаған Еңбек кодексіндегі жаңа толықтырулар мен өзгертулерге сай, еңбек қатынасындағы жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшы арасында теңдей болуы қажет. Сонымен қатар, жаңа кодексте кәсіподақтарға үлкен маңыз берілген. Алайда, осы саланың кейбір мамандары Қазақстандық кәсіподақтар жұмысшылардың құқығын қажетті деңгейде қорғай алмайды деген пікір айтады.

Атыраулық 26 жастағы Аслан Қадырбаев мұнай өнеркәсібінде жұмыс істеп келе жатқанына 4 жыл болды. Осы уақыт ішінде шетелдік компаниялардың қатысуы бар өз кәсіпорнында еңбек қатынастары қиындап кетпесе, жеңілдеген жоқ дейді. Сонымен бірге, батысқазақстандық мұнайшы өңірде жұмыссыздық белең алып тұрған кезде, шалғайдан мамандар таситынына наразы.

- Мен жаңа заң құжатында осы мәселе нақты шешімін табатындай бап неге қосылмағанына таңым бар. Бізде жақында ғана Атырауда болған қақтығыстар мұнай компанияларында жиі кездеседі. Оған қарағанда, әрине, шағындау, бірақ, ондай қиындықтың бар және белең алып келе жатқандығын қанша жасыра беруге болады? Мен жұмысберушінің жұмыскерлерге жалақыны өзі тағайындауға заң жүзінде ерік беріп қойғандығына қарсымын. Бірдей істелген жұмысқа – теңдей етіп ақшасын да төлеуі керек. Ал бізде тіптен олай емес, шетелдік жұмыскерлер қазақстандықтан 3 есе артық жалақы алады, - дейді А.Қадырбаев.

Асланның айтуынша, азаматтарды еліне қарап бөлектеу, тек қана жұмысқа қабылдап, жалақы төлеуде ғана емес, сондай-ақ демалыс беруде де байқалатын көрінеді.

Еңбек кодексінде жаңа жобасында шарттық қатынастардың ролін арттыруға, еңбек адамының мүдделерінің қорғалуына және кәсіподақтар жұмысына маңыз берілген.

Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Валентина Сиврюкова кәсіподақтар жұмыскерлердің құқығын қорғауда әлсіздік танытады деп отыр.

- Кәсіподақтар жұмыс берушілердің басқаратын емес, шын мәнісінде жұмысшылардың құқығы мен мүддесін қорғайтын ұйым болуы керек. Біздің сараптамаларымыз бойынша, біздегі кәсіподақтар, бюджеттік ақшаны санап, әлеуметтік жағын ойлаумен, түрлі мәдени шараларды ұйымдастырумен ғана шектеледі. Көптеген жеке кәсіпорындарда кәсіподақ деген атымен жоқ, - дейді В.Севрюкова.

Мәжіліс депутаты Валерий Котович Еңбек кодексінде қабылданған өзгерістер мен толықтырулар ең алдымен әріптестікті күшейтеді деп таныстырған болатын. Валентина Сиврюкова болса, мұндай ереженің еш құны жоқ дейді.

- Сонда, еңбек қатынасындағы дау-жанжалдарды, тартыс-таластар кімнің пайдасына шешілмек? Ондай кикілжіңдердің алдын алатын механизмді мүлдем жоққа шығаратын норма деп санаймын, кодекстің жобасы шикі, әлі де өзгерістер енгізу керек.

Қазақстан жұмысшылары кәсіподақтарының Федерациясы төрағасының кеңесшісі Валерий Кожевников Еңбек кодексінде ескерілмеген жағдайлардың көптігіне қарамастан, ұжымдық әріптестікті күшейту жағы жақсы ойластырылған дейді.

- Кодекс жобасы, әрине, үкіметтің онсыз да мардымсыз ықпалын одан сайын шектей түседі. Үкімет «Еңбек туралы» заңда да кепілдіктер тұрғысынан, тағы бірнеше тараптан өзінің мүмкіншіліктерін азайтқан еді. Алайда, жұмыс берушінің жалақы тағайындауына ерік берілгеніне қарсымын. Бірақ, Кәсіподақтар, ұжымдық әріптестік турасындағы баптар мұны реттеуге құзыры жететін болады деп санаймын.

Мәжіліс депутаттарының жыл сайынғы еңбек демалысының ең төменгі шамасын 18-ден 24 күнге ұзарту, ауылдық жерлердегі азаматтық қызметтегілердің жалақысын кемінде 25 пайызға көбейту, сондай-ақ, зейнетке шығуына 3 жыл қалған жұмыскермен еңбек келісім-шартын бұзуда жұмысберушінің әрекетін шектейтін нормалар енгізуін үкіметтегілер құптап отыр. Валерий Кожевников Кәсіподақтар тарапынан да бұл толықтырулардың орынды санайтынын жеткізді.

- Кәсіподақтар өкілі болғандықтан, мен жұмыс беруші мен жұмысшының мүдделері бірдей деңгейде сақталуы қажет деп санаймын. Дегенмен, жұмысберушінің мүддесі әрқашан да жоғары тұратынын да мойындаймын. Ал жаңа кодекс жобасында кәсіподақтар жағы да, депутаттар да еңбек қатынасында екі жақтың тілектері қамтылуын ескерген.

Алайда, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Валентина Сиврюкова мұндай пікірмен келіспейді.

- Өкінішке орай, кодексті депутаттар істің байыбына бармай қабылдай салды. Өз кезегінде олар, басқарылатын парламент екенін тағы мәрте дәлелдеді. Бұл заң емес, нұсқау деңгейіндегі құжат, - дейді ол.

Еңбек кодексінің жобасы Мәжілістен Сенаттың қарауына өтті.

Қазіргі күні Қазақстанда ең төменгі жалақы деңгейі – 9200 теңге. Қазақстан бойынша 700-дей кәсіподақ ұйымы тіркелген.
XS
SM
MD
LG