Accessibility links

Қазақстан келер жылдан бастап оң жақтан басқарылатын автокөліктерді елге енгізуге тыйым салмақ


Қауіпсіздік мәселелеріне байланысты келесі - 2007 жылдың қаңтарынан бастап рөлі оң жақтан басқарылатын автомашиналарды Қазақстанға енгізуге тыйым салынады. Екіншіден, жаңа жылдан бастап елдегі барлық ойын автоматтары мен казинолар ірі қалалардан арнайы орындарға шығарылады. Үшіншіден, жаңа жылдан бастап ипотекамен пәтер алу талаптары жеңілдетіледі. Бұл туралы Астанада қарашаның 13 күні президент Назарбаевтың төрағалығымен өткен қауіпсіздік кеңесінде хабарланды.

Қарашаның 13-күні Астанада өткен қауіпсіздік кеңесінің отырсында президент Назарбаев енді 3 жылдан кейін Қазақстанда басқару рөлі оң жақта орналасқан автокөліктерді пайдалануға мүлде тыйым салынатын мәлімдеді. Ресми мәлімет бойынша, қазір Қазақстанда мұндай автокөліктердің саны - 117000. Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің жол полициясы комитетінің төрағасы Өмірзақ Түсімовтың айтуынша, басқару рөлі оң жақта орналасқан автокөліктердің кесірінен соңғы 10 айда 600 жол апаты болып, онда 201 адам қаза тапқан.

- Оң жақтан басқарылатын автокөліктерді 2007 жылдың бірінші қаңтарынан бастап елге кіргізуге тыйым салынып отыр. Ал, осыған дейін әкелінген әлгіндей автокөліктерді қолдануға, енді 2-3 жылдан кейін мүлдем тыйым салынады, - деді Ө.Түсімов.

Автокөлік сататын делдалдардың пікірінше, жаңа ережелерден кейін барлық автомобильдердің құны қымбаттап сала береді. Астаналық такси жүргізушісі Қанат Шәріпұлы бұнымен өзінің келіспейтінін айтады:

- Онда машина қалтамызға шақ келмейді. Қазір жұмыс істеп, тұрақты мың доллар алып жүрген орташа адамдар жоқ. Ол, менің ойымша, ірі фирмалардың қызығушылығына жасалып жатқан лобби немесе Ресейдің жаңа машиналарын көбірек сатады. Енді алады ғой жұрт, мүмкін, несиеге алар. Бізде өзімізде машина жасайтын зауыт жоқ.

Жол полициясының өкілдері болса, бұл қауіпсіздік шаралары дейді.

- Қазір ереже бұзған жүргізушілердің тек 25 пайызы ғана жургізуші куәлігінен айырылады, қалғандары айыппұл төлеп құтылады, сондықтан заңды да қаталдатамыз. Мәселен, 3 рет машинаға мас болып отырған жүргізушілерге өмір бақи жүргізуші куәлігі берілмейтін болады. Сонымен бірге орта білім беру бағдарламасына жол ережелері жеке пән ретінде кіргізу ұсынылып отыр. Сонда мектеп бітірген балалар жүргізуші куәлігін қоса алып шығатын болады, - деді Қазақстан Ішкі істер министрлігінің жол полициясы комитетінің төрағасы Өмірзақ Түсімов.

Ресми мәлімет бойынша жыл сайын Қазақстанда 3 мыңнан астам адам жол апаттары кесірінен қаза табады және 17 мыңнан астам адам жарақат алады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жол апаттарының 80 пайызында жүргізушілер кінәлі болып шыққан. Қазір республикадағы машина саны жыл сайын 10-14 пайызға өсіп келеді.

Президент Назарбаевтың екінші тапсырмасы – құмар ойындарына қатысты айтылды. Астана казинолары Щучинск қаласына, ал Алматы казинолары Қапшағай қаласына көшіріледі.

Астана тұрғыны 25 жастағы Еркебұлан Тайжанов өзі үшін құмар ойны күн сайынғы кәсіп секілді болып кеткенін айтады:

- Ұтуын ұтасың, бергенде береді, бермегенде үйге қайтасың. Бүгін ұтылғаным - 500 теңге, тапқаным шамалы. Ойнаған адамға байланысты - білген адам ұтады, білмеген ұтпайды.

Қаржы министрі Наталья Коржованың айтуынша, таяу болашақты ойын автоматтары да, казинолар да ірі қалалардан шығарылады.

-Өйткені, көптеген елдерде бұл бизнеске есірткі саудасына салынған тыйымдар жүреді, - дейді министр.

Жергілікті сарапшылардың айтуынша, бүкіл дүние жүзінде ойын автоматтары бар орындар «табысының 80 пайызын тұтынушылар ұтып алуы керек» деген заңға бағынады. Қазақстанда олай емес. Ал, салық комитетінің мәліметі бойынша, осы құмар ойындарының мекемелері бірігіп, бюджетке қомақты салық түсірген. Казино иелері де осы пікірде.

Президент Назарбаевтың үшінші тапсырмасы – тұрғын үй саласы жайына арналды. Жаңа жылдан бастап ипотекамен пәтер алу талаптары жеңілдетілуі мүмкін. Қазақстанның индустрия және сауда министрлігінің құрылыс комитетінің төрағасы Қайсар Омаровтың айтуынша, президент Назарбаев Сингапур тәжірибесін зерттеуді тапсырған. Ондағы жұртшылық пәтер құнының бір бөлігін зейнет қорындағы ақшадан салуға құқылы екен.

«Қазақстанның ипотекалық компаниясы» болса 2006 жылы ипотека несиелерінің пайыздық мөлшерін 12-ге дейін азайтатындығын хабарлаған. Ал, компанияның негізгі серіктесі Астанадағы «Тұран Әлем банкінің ипотекалық компаниясы» өкілдігінің бастығы Шыңғыс Тұрлыбековтың айтуынша, ең төмеңгі пайыз 9,5 пайыз. Бірақ, бұл жағдайда сатып алушы пәтер құнының жартысын төлеуі шарт.

Осылайша, жарнамада жазылатын төменгі пайызбен көпшілік несие ала алмайды. Ал, Астанадағы ең арзан пәтерлердің әр шаршы метрі қолданыста болған шетелдік машинасының құнымен бірдей болған, дейді министрлік өкілдері. Президент Назарбаев осы құбылысты зерттеуді тапсырды деп хабарланып отыр.
XS
SM
MD
LG