Accessibility links

Иран үкіметі даулы Сиванд су қоймасын 2007-ші жылдың көктемінде іске қоспақ ниетте


Иранның даму жобасының бірі Сиванд су қоймасын 2007-ші жылдың наурызының соңына қарай іске қосуды ресми орындар көздеп отыр. Бұл әрекет барысында ежелгі тарихи жәдігерлер және Пасаргаде қаласының орны су астында қалуы мүмкін деп, бірталай ирандықтар мен мәдени қайраткерлер дабыл қағып отыр. Ал, Иран ресми өкілдері болса даулы су қоймасын экономикалық жағынан қорғаштауда.

Иранның дау туғызып келе жатқан Сиванд су қоймасы ежелгі Парсы астанасы Персеполис жұртынан 60 километр, ал ежелгі Ахаменидтердің алғашқы астанасы Пасаргадеден 12 километр қашықтықта орналаспақшы. Қазіргі карта бойынша ол жер Фарс аймағындағы Болағи жазығында әлгі құрылым жүзеге асырылмақшы. Мәдени жәдігерлерді қорғаушылардың айтуынша, ол су қоймасына су толтырылғаннан кейін тарихи орындар су астында қалуы мүмкін. Белгілі заңгер Мұхамед Әли Дадха: “Пайдасы ең көп дегенде 50 жылға жетуі мүмкін жалғыз ғана даму жобасын жүзеге асыру үшін 3 мың жылдық тарихы бар мәдени жәдігерді жоюға болмайды. Кир патша мавзолейі кірпішінің бір сынығы- Сиванд су қоймасынан әлде қайда құнды. Себебі ондай су қоймасын елдің кез-келген бұрышында орнатуға болады. Ал, тұтас әлемде Кир патшасының мавзолейі бір ғана жерде”, дейді.

Белсенділер сондай-ақ Пасаргадені де су басуы мүмкін, деп отыр. Бұдан бұрын “Пасаргадедегі Кир патшаның мавзолейіне де қауіп төнуде”, деп ирандықтар дабыл қаққан болатын. Кир патша - Парсы империясының негізін салған билеуші. Ол адам хұқы жөніндегі алғашқы қаулыны қабылдауымен де тарихта қалған тұлға.

Персеполис тарихи орындарының директоры Мазиар Каземидің пікірінше, су қоймасының толық биіктігі, теңіз деңгейімен салыстырғанда 1830 метрлік биіктікте болуы мүмкін. Ал, Пасаргаде болса 1850 метрлік биіктікте орналасқан. Сондықтан оған су басу қатері төніп тұрған жоқ, дейді ол. Дей тұрғанмен Каземи мырза Болағи жазығындағы 130 тарихи орындардың 80 пайыздайының су астында қалатындығын мойындап отыр. Ол жерлерге жүргізіліп жатқан зерттеулер қорытындысы және ақпараттар болса, тарихи құндылық ретінде соның өзі де сарапшылар үшін жеткілікті болар, дейді ол.

БҰҰ 2003-ші жылы археологтарға арнайы үндеу жасаған болатын. Атап айтқанда, сол Болағи жазығын су қаптамас бұрын ондағы тарихи құндылықтарды аршып алу және олар жөнінде ақпарат жинауға асығуға шақырған еді. Содан бергі аралықта Иран және әлемдік аргеологтар тарихи жәдігерлерді аршуға кіріскен болатын. Оның ішінде бұдан 4000 жыл бұрын адамдар өмір сүрген үңгірлер мен тастан салынған су құбырлары, метал бұйымдар және ежелгі қабірханалар да бар.

Кейбір Иран ресми тұлғалары бұл жерлердің тарихи маңыздылығын төмендеткісі келгенімен, көптеген археологтар мен тарих жанашырлары осы аймақты зерттеуге тағы біраз уақыттың берілуін талап етуде. “Бұл ақпараттардың Иран тарихы жөнінде берері мол”, дейді олар.
XS
SM
MD
LG