Accessibility links

Түркияда түркі тілдес елдер басшыларының 8-ші саммиті өтуде


Қарашаның 17-сі күні Түркияның Анталия қаласында түркі тілдес ел басшыларының 8-ші саммиті басталды. Саммит аясында түркі тілдес мемлекет басшыларының отырысы өтіп, декларация қабылданбақ. Кейбір қазақстандық сарапшылар саммитте негізінен тіл, әліпбиге қатысты гуманитарлық-мәдени тақырыптар сөз болады десе, басқа сарапшылар бұл жүздесудің артында тек экономикалық мүдделер жатуы мүмкін деп есептейді.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Түркия түркі тілдес елдердің мәдени-рухани байланысын нығайту бойынша бастамалармен шықты. Оның ішіндегі ең маңыздысы – ортақ тіл қалыптастыру. Бірақ әзірге бұл мәселе сол күйі шешілмей отыр. Сондықтан, бұл тақырып саммитте көтерілсе, құба-құп болар еді дейді Қазақстанның Түркиядағы бұрынғы елшісі Балташ Тұрсынбаев:

- Егер келісім-шарт болатын болса, түркі тілдес елдер бір тілді қабылдайтын болса... Мысалы, көптеген еуропа елдері «ағылшын тілімен сөйлейміз» деп жалпы шешім қабылдады да, сол тілді пайдаланып жатыр. Егер осындай басқосуларда, дөңгелек үстелдерде бір тілді қабылдап алатын болса, түркі тілдес басқа мемлекеттер сол тілді қабылдайтын болса, онда 50-100 жылдан кейін сол бір тілде сөйлесуге мүмкіндік болады.

Түркі тілдес елдердің мәдени интеграциясынын нығайтатын ортақ тілді дамыту үшін ең алдымен сол елдердегі терминологиялық комитеттердің үйлестіру кеңесін құру керек деп есептейді «Зерде» гуманитарлық қорының президенті, Қазақстан парламентінің мүшесі Әлихан Байменов:

- Бұл әсіресе Қазақстан үшін өте өзекті мәселе. Сол себептен, түркі тілдес елдер тіл саясаты жөнінен бірлескен іс-қимыл қабылдау керек. Екінші, түркі тілдес мемлекеттердің бәрі латын харпіне көшкені дұрыс. Сондықтан, түркі тілдес елдер саммитіндегі ең маңызды мәселе осы деп ойлаймын.

Қазіргі таңда түркі тілдес елдерді жақындастыратын - олардың тілдері ұқсас болғанымен, бұл мемлекеттердің әртүрлі әліпбиді қолданулары осы елдердің етене байланыс жасауында кедергілер тудырып отырғандығын айтады халықаралық «Еуразия диалогы тұғырнамасы» мәдени жобосының Қазақстандағы өкілі Әли Челикбаш:

- Түркиядан біреу келсе, сөзді түсінгенімен, оның жазылғанын түсінбейді. Керісінше Түркияға барған адам, латын харпінде жазлығанды оқып, тікелей түсіне беруі мүмкін. Бұл тек қана адамдардың араласуына қатысты, ал әдебиетін, кино, кітаптарды алыңыз...Бәріне қолдана беруге болады. Латын харпін қолдану мәдениеттің, адамдардың араласуы үшін өте маңызды. Сондықтан, оған осы тұрғыдан алдын-ала қарау керек деп ойлаймын.

Парламент депутаты Әлихан Байменовтің пікірінше, Түркия мен Қазақстанның бастамасымен түркі тілдес елдердің ортақ телеарнасын ашу осы елдер арасындағы байланысты нығайта түсер еді дейді:

- Біз қазір көптеген халықаралық жаңалық алуда Ресейге тәуелді болып отырмыз. Сондықтан, халықтың көпшілігі әлі де әлемде болып жатқан оқиғаларға Ресейдің көзімен қарап отыр. Егер түркі тілдес елдердің ортақ арнасы болса, бұл елді ақпараттандыру жағынан алғанда үлкен іс болар еді.

Дегенмен, мәдени-гуманитарлық байланыс, тіл мен әліпби, ақпараттық кеңістік тәрізді тақырыптардың артында шын мәнісінде терең экономикалық мүдделер жатқандығын айтады «Мир Еуразий» журналының бас редакторы Эдуард Полетаев. Ол бұл жиынның Түркия мемлекет басшысының бастамасымен ұйымдастырылғанына ерекше назар аударады.

- Түркия осындай шаралар ұйымдастыру арқылы бір мезгілде өз тауарларын өткізу үшін жаңа базар іздейді. Екіншіден, мысалы, Түркия Қазақстанды өзінің жұмысшы күшін экспорттау үшін пайдаланады. Сонымен бірге олар бұл жаққа өзінің технологияларын, оның ішінде, ұялы телефон, құрылыс саласындағы қондырғыларын енгізуде. Оған қоса жақында «Баку-Тбилиси-Жейхан» мұнай құбырының пайда болғанынн білеміз. Ал елдегі орташа жалақы көлемі Еуропа мемлекеттерімен салыстырғанда айтарлықтай төмен Түркия, энергетикалық өнімдердің қымбаттауының зардабын қатты тартып отыр. Сондықтан, жаңа мұнай құбырының арқасында Орталық-Азия елдерімен байланыстағы барлық артықшылықтарды пайдаланғысы келеді, - дейді Эдуард Полетаев.

Түркі тілдес елдердің мемлекет басшыларының алғашқы саммиті 1992-ші жылы өткен. Бұл жолғы 8-ші жиынға Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан мемлекет басшылары мен Өзбекстан, Түркемнстанның ресми өкілдері қатысуда.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG