Accessibility links

Лоббизм туралы заң қандай болуы тиіс?


Мүдделік қолдау заңының қажеттілігі Қазақстанның Әділет министрлігі тарапынан қозғала бастады. Лоббизмді заңдастыру әрекеттері алғаш рет 1998 жылы жасалған болатын. Алайда, үкімет және парламент тарапынан пікірлер бір арнада тоғыспағандығы себебінен, заң жобасын талқылау кейінге қалдырылып келген. Қазақстандық кейбір сарапшылар лоббизмді көлеңкеден алып шығу қажеттігін айтуда. Тек, қалай болған күнде де, мүдделік қолдау заңы қоғамның емес, қалталы азаматтар мен қаржылық топтардың пайдасына жасалуы мүмкін деген қаупін заңды жақтаушылар да жасырмайды.

Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев өзін Лоббизм туралы заңның жақтаушыларының қатарына жатқызады. Саясаттанушы кезінде осы тақырыпта өзінің кандидаттық диссертациясын жазған көрінеді. Қазақстанда лоббизм бар, тек ол көлеңкелі деңгейде ғана дейді Досым Сәтпаев.

- Іс жүзінде Қазақстандағы лоббизмнің деңгейін біз түрлі астыртын шешімдердің қабылдануынан, түрлі қаржылық топтардың қатысатын жабық тендерлердің өткізілуінен көріп-біліп жүрміз. Ал лоббизм туралы қандай да бір заңдық күші бар құжат дүниеге келсе, азаматтық институттар үшін кішкене болса да заңнамалық процесске қатысуға мүмкіндігі пайда болады. Негізі, заң қабылданса да, қабылданбаса да – олигархтар мен қалталыларға одан келіп кетері жоқ. Кез-келген жағдайда олар ұтылмайды.

Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының атқарушы директоры Сергей Злотников болса, Қазақстанға лоббизм туралы заңның мүлдем қажеті жоқ деген пікірде.

- Қазақстан заңнамасы мұндай заңның қабылдануына мүлдем дайын да емес. Көп мемлекеттер осы заңсыз-ақ өмір сүріп жатыр ғой. Еуроодақта мұндай заң жоқ. Тек қана, мен білетінім, Америкада бар. Бірақ лоббизм заңын қабылдау үшін, біз біржола америкалық заң жүйесіне өтуіміз керек.

Мәжіліс депутаты Амангелді Таспихов лоббизм уралы заңның жоқтығынан, жемқорлық өсіп келеді дейді.

- Бұл заңның қоғам үшін маңызы зор болады. Лоббизм туралы заң дүниеге келсе, қалталылардың қолы шамалы болса да қысқарады.

Лоббизм туралы заң саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, қоғамның, мемлекеттегі әрбір азаматтың заң шығару процесіне тікелей араласуы қажеттігінен туындап отырғандығынан көрінеді.

- Қазақстандық заңнама лоббизм туралы заңның жасалуына дайын емес деген бос сөз. Қазақстандағы әрбір азаматтың партиялар, депутаттар, қандай да бір басқа құрылымдар арқасында, мемлекеттің саяси өміріне қатыса алатындығы жөнінде Конституцияда да айтылған. Шикі болса да, лобби туралы заң қабылдануы тиіс.

Мәжіліс депутаты Тито Сыздықов болса, мұндай заңның парламентке өтуі екіталай деген пікірде.

- Мен лоббизм туралы заңның жобасын жасауға қатысқан да емеспін, оның мәтінімен де таныс емеспін. Одан кім пайда көретінін де айта алмаймын. Оның қабылданбақ түгіл, парламент қарауына өтеді дегенге де күмәнданамын.

Еуропалық елдерде лоббизм туралы заң жоқ, Францияда ол – қылмыс түрі. Үндістанда лоббизм – жемқорлық деп саналады. Көршілес Ресейде лоббизмді заңдастыру 1992 жылдан бері сөз болып келеді. Бірақ, әлі күнге дейін бұл мәселе шешілмеген. Қазақстанда «Лоббизм туралы» заңды талқылау үкіметтің 2006 жылғы жұмыс жоспарына кіргізілген. Сондықтан, жыл аяғына дейін заң жобасының тағдыры белгілі болатын сияқты.
XS
SM
MD
LG