Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.25.2006 жыл


Сенбі күні жарық көрген баспасөз беттерінде Алматы қаласында лаңкесші деген күдікпен Тәжікстан азаматы ұсталғаны туралы мақалалар жарық көрген. Сондай-ақ, басылымдарда Қызылорда облысының жай-күйіне байланысты мәселе көтеріліпті.

«Айқын» басылымының дерегінше, Алматыда қолға түскен адам Тәжікстанның хұқық қорғау орындары тарапынан террорист деп күдіктеліп, оған халықаралық іздеу жариялаған. 31 жастағы тәжікстандық азаматқа өткен ғасырдың 90-жылдарында, сол елде аса қатыгездікпен бірқатар ауыр қылмыстар жасаған деген айып тағылғаны жазылыпты. «Қазір оның Қазақстанда кімдермен байланысты болғаны, мұнда не үшін келгені және Қазақстанда жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда» деген бұл туралы «Айқын» газетіне сұхбат берген Алматы қалалық ішкі істер департаментінің қызметкері Арман Жусанбайұлы.

«Литер» басылымы болса, Алматыда қолға түскен күдікті 16 жасында Тәжікстандағы соғыс кезінде Ауғанстанды паналап, сол елдің содырлар лагерінде дайындықтан өткен деген деректер келтіреді. Кейіннен Тәжікстанға қайтып оралған ол дала командирі Резванның жасақтарына қосылған. «Тәжікстандық лаңкесші өзіне тағылған барлық айыппен келіседі. Бірақ, бірнеше жыл бойы қолына қару алмағанын және болашақта да жамандық жасағысы келмейтінін айтады», - деп жазады «Литер».

Ал, «Экспресс-К» басылымы Ресейдің саяси және әскери талдау институты, ұлтаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі Сергей Маркедоновтың терроризмге қатысты пікірін жариялапты. Сарапшының айтуынша, терроризм – бұл әдіс. Сондықтан онымен күресуден еш нәтиже жоқ. Оның орнына терроризмді өз мақсатына жету үшін қолданатындармен күресу қажет. Яғни белгілі бір жүйемен және саясатпен,- дейді Сергей Маркедонов. Түптеп келгенде терроризм деген – бұл көпшілік алдында жасалатын саяси астары бар әрекет. Ал бұқаралық ақпарат құралдары терроршының ұлтын жария ету арқылы үлкен қателік жасайды. Өйткені, бұл ақпарат ұлтаралық араздықтың тууына әкеліп соқтыруы мүмкін, - дейді Сергей Маркедонов «Экспресс-К» басылымына берген сұхбатында.

«Егемен Қазақстан» басылымының дерегінше, Қызылорда облысы электр қуатының тапшылығын көріп отыр. Облыс осы уақытқа дейін, тапшы электр қуатын Бішкектен алып келген. «Қарашаның 15-і күні Қазақстанның Энер¬гетика министрлігі оңтүстіктегі 4 облысқа өзбек газымен жұмыс істеп тұрған Жамбыл ГРЭС-інен жарық алуды міндеттеген бұйрық шығарды. Сол күннен бастап Бішкектегі энергетиктер Қызылордаға беріліп келген қуаттың көлемін күрт қысқартқан». Сондай-ақ, басылым дерегінше, отандық электр қуатын өндірушілер жарықтың бағасына келісе алмауда. Сондықтан, «Қызылорданың қараң¬ғылық құшағында қалғып тұратын шағы әзірге тоқтала қоймайтын сияқты», - деп болжайды «Егемен Қазақстан».

«Литер» басылымы Қызылорда облысына экологиялық қауіп төніп тұрғанын жазады. Газет дерегінше, «мұнай өндірудің көлемін арттыру салық түсімдерін көбейтіп қана қоймай, техногенді зілзалаға да әкеліп соқтыруы мүмкін. Мысалы, осы жылы мұнайшылар 10-11 миллион тонна қара алтын өндірген. Мұнайдың осындай үлкен көлемде алынуы салдарынан жер қабаттарында бос қуыстар пайда болған. Тіпті сейсмологтар мұнай кен орындарында әлсіз жер асты толқулары болғанын анықтапты. Мамандар, болашақта жер сілкінісінің бұдан да күшті болатынын жоққа шығармайды», - деп жазады «Литер».

«Экспресс-К» газеті Қызылорда облысының жалпы жетістіктері мен кемшіліктеріне назар аударады. Экологиялық көрсеткіш бойынша, Қызылорда облысында зиянды заттардың ауаға таралу көлемі аз. Сондай-ақ облыстың тағы бір жетістігі қылмыс деңгейі төмен. Екінші деңгейдегі банктер шағын және орта бизнес субъектілеріне несие беруде үлкен көрсеткіштерге қол жеткізуде. Ал Қызылорда өңіріндегі проблемалар мыналар: аналар мен балалар өлімі өте жі кездеседі. Туберкулезбен сырқаттанушылар саны өте көп. Макроэкономика артта қалған. Ғылыми жұмыстарға қаржы жеткілікті деңгейде бөлінбейді, - деп жазады «Экспресс К» басылымы.
XS
SM
MD
LG