Accessibility links

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын сараптайтын қоғамдық зерттеу тобы құрылмақ

Қазақстанда 1986 жылғы желтоқсан айында болған жастардың жаппай көтерілуін зерттеуге арналған ғалымдар мен қоғамдық ұйым өкілдерінен тұратын арнайы зерттеу тобы құрылатын болды. Бұл туралы 1 желтоқсанда Алматыда өткен "1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы: Қазақстанның ұлттық-қоғамдық және демократиялық дамуына әсері" атты қоғамдық ұйымдардың басқосуында мәлім болды. Бұл зерттеу тобы Желтоқсан оқиғасына қатысты даулы тақырыптар бойынша құжаттарды жинастырумен, сараптаумен, әлеуметтік зерттеу жүргізумен айналыспақ.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде нақты 19 адам қаза болғаны, жүздеген адамның жараланғаны мәлім деді, "Желтоқсан жаңғырығы" қоғамдық ұйымының басшысы, бұрынғы полция қызметкері Төлеген Әлжанұлы. Әйткенмен Желтоқсан оқиғасы кезінде жапа шеккендерді анықтау ісін әрі қарай жалғастыру керек деп есептейді ол.

– Мысалы, өткенде депутат Амалбек Тшанов қала сыртына шығарылған жүк машиналары жөнінде айтты. Өздеріңізге белгілі, қала сыртына жерленгендер болды деген сөз бар. Ол рас! Оның трактор жүргізушісін тауып алып келген – мен. Оның айтқаны бар: "иә, 2 жүк машинасы қала сыртына шығарылды. Бірақ, не бар екенін білмеймін. Маған "қазасың" деген, одан кейін "тегістейсің" деген нұсқау болды" деген. Ол осылай түсіндірме жазып берген. Бірақ біз оны тексере алмай қалдық...

Бұрынғы прокуратура қызметкері Дүйсенбек Баймаханов та Желтоқсан оқиғасы бойынша 70-тен астам қылмыстық іс қозғалу керек болғанын, бірақ кінәлілердің сол күй жазаланбағанын алға тартады:

– Өзім сараптама жасағанымда, өте көп материал болған. 74 адам орта дәрежеде және ауыр жарақат алған. Олардың жартысынан азы – мүгедек болып қалғандар. Ал денесі көгеріп қалған, басынан соққы алғандар – екінің бірі. Оны біз есепке алған жоқпыз, – деді Баймаханов.

Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Әлихан Байменов кінәлілерді іздеуден бұрын Желтоқсан оқиғасына дұрыс тарихи-саяси баға берілуі керек деп есептейді.

– Желтоқсан көтерілісінің қазақ халқының тарихындағы рөлі жөнінде терең, ғылыми зерттеу керек. Осы күнге дейін қарасаңыз, бір өкініштісі – бүгінгі тарих оқиғасы мен бүгінгі әдебиетімізбен тәрбиеленетін жас Желтоқсан көтерілісінің шынайы мән-мағынасын түсінбейді. Сондықтан, Желтоқсан көтерілісін зерттеу бойынша ғылыми топ құрылып, "Зерде" қоры соны қаржыландыруды қолға алып отыр, – деді Бәйменов.

Желтоқсан оқиғасының мән-мағынасын сараптауды қолға алмақшы болып отырған зерттеу тобының жетекшісі болады деп жоспарланып отырған тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдінің айтуынша, бұл сараптама тобының бірнеше бағыт бойынша жұмыс істемек.

– Ондағы ең басты жұмыс – Желтоқсан оқиғасына қатысты құжаттарды жинастыру. Содан кейін біз қоғамдық санадан қажет әлеуметтік сұраулар алуымыз керек. Көзі тірі Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен жұмыс істеуге тура келеді. Одан кейін бүгінгі күнге дейін дау тудырып келе жатқан мәселелерге сәуле түсіру үшін іргелі зерттеу жұмыстары жүруі керек деп ойлаймын, – деді ғалым.

Ал әлі тіркелмеген "Алға" партиясының лидері Асылбек Қожахметов Желтоқсан оқиғасын зерттеп, оған қатысты деректерді ашу аз, одан бүгінгі күнге үлгі болатын тұстарын анықтау керек деп есептейді.

– Біз қазір зерттейміз, талдаймыз, көп сөйлеміз. Кейбір фактілерді табамыз. Бірақ, ол не үшін? Шындық үшін. Бірақ, мәселе тек қана шындықта, тек қана зерттеуде емес, мәселе – одан біз өмірге қандай сабақ алатымызда! – деді Қожахметов.

"Желтоқсан" қоғамдық ұйымының мәліметтеріне қарағанда, 1986 жылғы желтоқсан айында Алматыдағы наразалық шеруіне он мыңнан астам жас қатысқан. Олардың 100-ден астамы кейін әртүрлі мерзімге бостандығынан айырылып, 8 мыңнан астам адам оқу орындары мен жұмыстан қуылған. Алайда, бүгінгі күнге дейін Желтоқсан оқиғасы не үшін болды, оны кімдер, қалай ұйымдастырды, қанша адам қайтіп жапа шекті деген тәрізді сауалдарға бірізді жауап жоқ.

XS
SM
MD
LG