Accessibility links

Қазақстан президенті Н.Назарбаев Брюссельде энергетика мәселесін талқылады


Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың Брюссельге келген сапарының ең басты мақсаты энергетикалық қауіпсіздік проблемасы болды. Еуропа Одағы өзінің қуат көздеріне деген сұранысының ¼-ін Каспий теңізі аймағының есебінен қанағаттандыруға үміт артып отыр. Өз кезегінде қазақ лидері Брюссельге сапармен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері Кеңесінің 2 күн жалғасатын, яғни 4-5-інші желтоқсан күндері жалғасатын мәжілісімен тұспа-тұс келді. Оның мақсаты – сыртқы істер министрлерінің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның 2009-ыншы жылы төраға болуға берген өтінішін қанағаттандыруына ықпал ету болса керек.

Дүйсенбі күні (4-інші желтоқсанда) Еуропа Одағының басшылары Н.Назарбаевтан Қазақстанға деген қызығушылықтың, ең алдымен, қазақ елінің орасан зор оның мұнай және газ қорынан туып отырғанын жасырмады. Еуропа Одағының атқарушы билігі болып табылатын Еуропа Комиссиясының президенті Жозе Мануэль Баррозу Н.Назарбаевпен кездескен 4-інші желтоқсан күні осы жайтты ашық айтты.

Ж.М.БАРРОЗУ: “Энергетикалық қауіпсіздік – Еуропа Одағының саяси күн тәртібінің жоғарғы бетінде тұрған мәселе. Ендеше Еуропа Одағы Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасын кеңейтуге ұмтылады, біз бұл әріптестікке үлкен мән-мағына береміз. Іс жүзінде Н.Назарбаевпен кездесуіміздің барысында оның осы проблемалардың барлығын да бірыңғай прогматикалық және тек экономикалық тиімділігі тұрғысынан қарап көруге дайын екенін айтқанда, біз дән риза болдық”.

Екі жақ - ресми Астана мен Брюссель – энергетика саласы мен атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану ісінде ынтымақтасу туралы келісімдерге қол қойды. Ж.М.Баррозумен кездесуінен кейін Н.Назарбаевтың атап көрсеткеніндей, Еуроодақтың мұнай мен газға деген сұранысының ¼-ін Каспий теңізі аймағының есебінен қанағаттандыру жоспарын Қазақстан қолдайды. Н.Назарбаевтың айтуына қарағанда, көмірсутегі шикізатын сыртқа тасымалдаудың түрлі бағытын қарастыру туралы Брюссельдің ұсынысы Қазақстанның көңілінен шығады. Қазақстан, деп мәлімдеді Н.Назарбаев, кез-келген экономикалық өміршең бағытты қарастырады. Қазір Қазақстан өзінің мұнай шикізатын Ресей арқылы өтетін мұнай құбырларымен, Каспий теңізі арқылы мұнай танкерлерімен және Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы Түркияға қарай тасымалдайды.

Осы күні Еуропа Одағы мен Америка Құрама Штаттары Қазақстан мен Түркияның арасын қосуы мүмкін Транс-Каспий газ құбырын тарту жобасының техикалық-экономикалық негіздемесін қаржыландыру үстінде. Алайда соңғы кезде Қазақстан Транс-Каспий жобасының болашағына күдікпен қарағандай сыңай танытып келеді. 4-інші желтоқсан күні Н.Назарбаев бұл идеяның өзіне “ұнайтынын”, бірақ оның жай-жапсарымен әлі таныс еместігін айтты. Сонымен қатар қазақ лидерінің атап көрсетуінше, Астана Еуропа Одағымен арадағы қазіргі қарым-қатынасын жаңа белеске, жаңа сатыға көтеруді көздейді және “стратегиялық әріптестік туралы” жаңа келісімге келуді ұсынады.

Н.НАЗАРБАЕВ: “Біз Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық туралы 1995-інші жылы қол қойылған құжатқа сәйкес іс атқарып келеміз. Қазір мен келесі құжатты біздің, тек бір энергетика саласындағы ғана емес, “стратегиялық әріптестік туралы құжат” деп атауды ұсындым”.

Қазақстанның 2009-ыншы жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуға берген өтінішін мақұлдауы үшін Н.Назарбаев таяу болашақта Еуропа Одағы мен оған мүше елдердің көңілін аулаумен болады. Еуропа Одағы мен оған мүше елдердің басым көпшілігі Қазақстанның өтінішін қолдағанымен де, оған қарсы елдер де жоқ емес, оның ішінде Америка Құрама Штаттары ресми Астананы 2009-ыншы жылдан кейінгі жылдың біріне өтініш беруге көндірмек болды. Бірақ дүйсенбі күні Н.Назарбаев қазіргі өтінішін кейін қайтарып алмайтынын мәлімдеді.

Н.НАЗАРБАЕВ: “Соңғы 7 жылда Қазақстан өзінің экономикасын 3 есе ұлғайтты және жылына 9-10 пайыз қарқынмен дамып келеді. Ашық экономикасы бар. Міне мұның барлығы біздің 2009-ыншы жылы төраға болуға ұмтылғанымызға және одан бас тартпайтынымызға дәлел болып табылады”.

Қазақстанның “гүлденген” экономикасына қоса президент Н.Назарбаев өткен 15 жылдың ішінде қазақ елінің өте құбылмалы да күрделі геосаяси аймақта бірқалыпты бейбіт өмір сүріп келгенін мысалға келтірді. Қазақстанның “өте күрделі” аймақта орналасқанын 4-інші желтоқсан күні Еуропа Одағы мен НАТО басшылары да мойындады. Мысалға, Еуропа Комиссиясының президенті Ж.М.Баррозудың мәлімдеуінше, Қазақстан өзінің реформаларында әлі көп “жетістікке жетуге” тиіс. Бірақ ол Қазақстанның қайсыбір кемшілігін нақты атап көрсетпеді және ешқандай сын айтпады.

Саяси бақылаушылардың айтуынша, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері 4-5-інші жетоқсан күндері Брюссельде жан-жақты пікіралмасты, бірақ Қазақстанның осы мәртебелі ұйымға 2009-ыншы жылы төраға болуға берген өтінішін талқылауды кейінге қалдыруы мүмкін.

Н.Назарбаев 4-інші желтоқсан күні НАТО-ның Брюссельдегі Штаб-пәтеріне келгенде басты назар қазақ елінің НАТО-мен арадағы әріптестігінің жекелеген жоспарын жүзеге асыру мәселесіне аударылды. Президент Н.Назарбаевтың айтуынша, Қазақстанды өзінің болашақ бітімгершілік батальоны өкілдерінің тіл мен басқаруға жаттығуы барысы қызықтырады. НАТО-ның Бас хатшысы Яап де Хооп Схеффер Қазақстанды Орта Азия аймағындағы “ең белсенді одақтасымыз” деп мақтады. Оның пікірінше, Орта Азияның өзге елдері Еуропа Одағымен және Трансатлантикалық ұйымдармен ынтымақтасудан ашықтан-ашық жасқанады.

AzattyqTV

Қырғыз суретшісі

Лаймен салынған портрет

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG