Accessibility links

9 желтоқсан – Халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күні


2003 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы үкіметті, жеке секторды, бұқаралық ақпарат құралдарын және азаматтық қоғамды жемқорлық мәселесіне көңіл аударту мен оған қарсы күрес жүргізуге шақыру мақсатында желтоқсанның 9-ын әдейі Халықаралық жемқорлыққа қарсы күн деп жариялаған болатын. Биыл, осы атаулы күн қарсаңында, 8-желтоқсанда Алматыда, «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қоры жыл сайынғы «Дүниежүзілік жемқорлықтың барометрі 2006» зерттеуін жария етті.

«Транспаренси Қазақстан» ұйымының қоғамдық пікірді негізге ала отырып жүргізетін «Дүниежүзілік жемқорлықтың барометрі - 2006» зерттеуіне Қазақстан түсіп көрген емес. Алайда, ресми көрсеткіш болмаса да, Қазақстанда жемқорлық деңгейін жоғары деп есептейтіндер көп болып отыр. Соның бірі Қазақ Ұлттық Университетінің 4 курсында оқитын Мариям есімді студент өзі емделіп жүрген емханада дәрігерлердің әр түрлі жолдармен ақша тауып жүргендігін былайша баяндайды:

- Студенттік емханада дәрігерлер әсіресе, қыздарды дұрыс тексермейді. Олар бізге әдетте, дәрілерін қымбат бағаға сатады. Ал сол дәрілерді тексерсек, олар басқа аптекаларда әлдеқайда арзан болып шығады. Қазірде перзентханаларда «аман-есен босандырып шығарамын» деп, аяғы ауыр әйелдерден ақша алып жататын кездер жиі кездеседі. Ал оның бәрін студенттердің қалталары көтере бермейді, - дейді студент қыз.

Жемқорлықтың, ең біріншіден кедейлер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға ауыр соғып отырғанын «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қоры басқарма төрағасы Виталий Воронов та айта келіп, тек Қазақстан емес, дүние жүзі халқы арасында да жемқорлықты жеңуге болады дегенге сенетіндер аз дейді.

- «Транспаренси Интернэшнлдың» дүние жүзінде жүргізген зерттеуінде, респонденттердің 69 пайызы билік жемқорлықпен дұрыс күреспейді немесе жемқорлықты қолдап отырады деп есептейді. Ал олардың 22 пайызы ғана биліктің жемқорлықпен жүргізіп жатқан жұмыстарына көңілі толады. Және респондентер жемқорлық жайлаған қоғамдық институттардың ішінен саяси партияларды алдыңғы орынға қойған, - дейді Виталий Воронов.

Ал Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Қазақстандағы елшісі Ивар Викки жемқорлыққа қарсы бірігіп күрескеннің бұл күнде тиімді болып отырғанын айтып, Қазақстанның жалғыз өзінің жемқорлыққа шамасы келмейді дейді.

- Жемқорлық экономиканы қиратып, тұрақтылықты бұзып, халықтың сенімін жоғалтуға алып келеді. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жемқорлықты жеңбей, қоғамда тұрақтылық орнамайды. Бүгінде жемқорлықпен күресудің тиімді жолы халықаралық заңдарға қосылып, бірігіп жұмыс істеуде болып отыр. Бұл жерде мен, ең бірінші, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жемқорлыққа қарсы конвенциясын айтар едім. Алайда, Қазақстан осы құжатқа әлі қосылған жоқ. Осы құжатқа кіру арқылы әр мемлекет, заңсыз, жемқорлық арқылы шетелдерге кеткен өз активтерін қайтара алады, - дейді Ивар Викки мырза.

Ал «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қоры төрағасының атқарушы директоры Сергей Злотниковтың пікірінше, Қазақстанның осы конвенцияға қосылмауы жемқорлық деңгейінің өсуіне ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның кейбір халықаралық ұйымдарға кіре алмауына да әсер етуі мүмкін.

- Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіру үшін Қазақстан алдымен жемқорлық саласында қабылданған көптеген құжаттарға қосылуы керек. Онсыз Қазақстан сауда ұйымына кіре алмайды. Қазақстанға осы конвенцияны қабылдау, ешбір қиындық тудырмайды. Себебі, бұл конвенцияға заңдық та, саяси да кедергілер жоқ. Сонымен қатар, осы конвенция жемқорлықтың субъектісі деп, жеке секторды, компанияларды, саяси партияларды, халықаралық ұйымдарды да атаған. Осылардың барлығымен күресу арқылы ғана жемқорлықты азайтуға болатын сияқты. Әйтпесе, бізде тек бірлі-жарым шенеуніктерді ғана кінәлі қылып көрсетеді, - дейді Сергей Злотников.

Біріккен Ұлттар Ұйымының жемқорлыққа қарсы конвенциясын 2003 жылы Бас Ассамблея қабылдаған болатын. Осы күнге дейін бұл халықаралық құжатқа 140 ел қосылып, оның 80-і конвенцияны ратификациялаған.
XS
SM
MD
LG