Accessibility links

Астана соты жас оппозиционер Махамбет Әбжанды 3 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды


Оппозициялық жастар атынан мәслихат сайлауына қатыспақшы болған жас оппозиционер Махамбет Әбжанға желтоқсанның 11-күні сот үкімі шығарылды. «Қазақстанның Отаншыл жастар одағының» бірінші хатшысы Махамбет Әбжан сайлау науқанындағы насихатқа бюджеттен бөлінетін қаржыны өзге мақсатқа жұмсады деген айыппен 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Астанада желтоқсанның 12-күні сот үдерісінде белгілі болды. Прокуратура өкілдері күдіктелушіні айлакерлік жасады деп айыптаса, оппозиция өкілдері бұл саяси қуғын-сүргін үдерісі деген пікірде.

Бастапқы кезде Астана прокуратурасы айыпталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды, мүлкін мемлекет пайдасына алуды және бостандыққа шыққан соң 3 жыл бойы қоғамдық жұмыспен айналыспауын сұраған еді. Астананың екінші аудандық сотының судьясы Асқар Кішкенбаев дүйсенбі күні Махамбет Әбжанды 3 жылға бас бостандығынан айыруға сот үкімін жария етті.

«Бұл мерзімге тұтқындалу уақыты да қосылады. Махамбеттің мүлкі мемлекет пайдасына алынады және бостандыққа шыққан соң 2 жыл бойы қоғамдық жұмыспен айналысуына тыйым салынды. Сот үкімін 15 тәулік ішінде аппеляцияға берілуге болады», деді судья Кішкенбаев.

Көз жасын тия алмаған жас оппозиционер Махамбеттің анасы сот үкімі оқылып жатқан кезде есінен танып қала жаздады. Оны ұстап қалған Махамбеттің әкесі Мұратбек Әбжанның айтуынша, ол әзірге сот үкімімен таласуға қарсы:

- Білмеймін, адвокат берейік дейді. Мен өзім тағы береміз деп бірдемені былықтырып аламыз ба деп қорқам. 7 жылдан кейін шошығам, енді 7 жыл 3 жыл емес қой. Қазақ айтады ғой «Қылышын шығарамын деп, былышын шығарды» деп, сол сияқты апелляцияға береміз деп былықтырып аламыз ба деп қорқам.

Қолына кісен салынған «Қазақстанның Отаншыл жастар одағының» бірінші хатшысы Махамбет Әбжанның өзі журналистерге бұл мерзім қалыпты екендігін жеткізіп үлгірді.

Жас оппозиционер Махамбеттің заңды қорғаушысы Василий Садықов, сот үкім еткен мерзімге тұтқындалу уақыты да қосылған соң ар жағында 2 жыл қалғанын айтады.

- Заң бойынша мерзімнің үштен бір бөлігі өтсе, колонияда отырып шыққан оппозиционер Ғалымжан Жақиянов сияқты, колония сыртында тұруға болады және жарты жылдан соң шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға болады, - дейді адвокат.

Бірақ, адвокаттың айтуынша, егерде бұқаралық ақпарат құралдарын шақырмағанда, оппозиция туралы айтылмағанда, мерзім бұдан да кішкентай болар еді. Ал жас оппозиционер Махамбеттің әкесі Мұратбек Әбжан, өз баласының оппозициялық көзқарастарын қолдайтынын және баласын бағытынан тайдырмайтынын айтады. Сот үкімінің өзінде саяси тапсырыс көрініп тұр, дейді ол.

- Енді қоғамдық жұмыспен айналыспа дегенде білініп тұр. Бағана прокурор айтқан - бұл саяси тапсырыс емес, экономикалық іс деп. Енді білініп тұр саяси тапсырыс екені.

Адвокат Садықовтың айтуынша, ол кезінде колонияда отырып шыққан оппозиционер Ғалымжан Жақияновты қорғаған.

- Онда билік құрылымдарының тапсырысы байқалды, ал бұл жерде сот 4 ай бойы өтті. Тапсырыс болса 2 аптада бітетін еді, - дейді адвокат.

Сот үдерісіне жәбірленуші ретінде қатысып отырған мәслихат депутаттығына үміткер болған Асқар Досановтың айтуынша, онда ақшаны кеш алғанынан басқа шағымы жоқ. Онда да бұған Махамбет кінәлі емес, дейді ол. Бұрынғы оппозиционер Асқар Досанов билікпен күрескеннен пайда жоқ, дейді.

- Билік барлығын қолында ұстап тұр. Жастар және басқа да қозғалыстар кішкентай. Мұндай процесстер қаншама? Болат Әбіловты айтса болады. Алтынбек Сәрсенбайұлы, мысалы. Заманбек Нұрқаділовпен де қатынаста болып, Махамбетпен бірге үйінде де болғанбыз. Мұндай адамдарды аяйсың, олар белгісіз жағдайда жоғалып кетеді, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында аз басылады, - деді ол.

Сот үдерісіне жәбірленуші ретінде қатысып отырған мәслихат депутаттығына үміткер болған Асқар Досанов, Қазақстанда саяси көзқарасы өзге адамдарды тұқыртып ұстайтын режим қалыптасқан деген баға береді. «Махамбетке сан рет темір тордың ар жағына отырғызамыз деп қорқытқан», дейді ол.

«Қазақстанның Отаншыл жастар одағының» бірінші хатшысы Махамбет Әбжан сот үкімі шығар алдындағы соңғы сөзінде алған бағытынан қайтпайтындығын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG