Accessibility links

Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қор құрылды


Сәрсенбі күні Алматыда биыл ақпанда қасақана өлтірілген оппозиция көсемдерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек «Алтынбек Сәрсенбайұлы» атындағы қор құрылғандығын жариялады. Сонымен қатар ол осы қордың қолдауымен 1986 жылғы қазақ жастарының Мәскеудің өктемшілдік, озбырлық саясатына қарсы көтерілісінің қыр-сырына арналған «Желтоқсан 86» деген 10 томдық кітаптың тұсаукесерін өткізді.

«Алтынбек Сәрсенбайұлы» атындағы қоғамдық қор өздерін жариялағанмен әзірге ресми тіркеуден өтпеген ұйым. «Нағыз Ақ жолдық» Болат Әбілов «әрине, бұл қорға біз де қамқоршымыз» десе де, «бұл қордың құрылтайшылары жеке тұлғалар» дейді Рысбек Сәрсенбайұлы:

- Қордың құрылтайшылары Алтынбектің жары – Салтанат Атушева, мен, сосын менің інім – Жеңісбек.

Ал қордың мақсаты туралы Рысбек мырза: «Бір-ақ сөзбек айтатын болсақ, қордың мақсаты – қоғамның дұрыс қалыптасуына, дамуына жәрдемдесу. Ал оның атқаратын міндеттері – бұл социологиялық, саяси қоғамды тану жөніндегі зерттеулерді жүргізу, сондай-ақ қазақ тілінің дамуына септесу, қазақ баспасөзінің, шын мәніндегі еркін баспасөздің дамуына жәрдемдесу» дейді. Сонымен қатар ол «бұл қордың негізгі бағыты қайырымдылық шаралары болғанмен, саясатқа да тыс болмас» дейді.

- Қор ешқандай саяси мақсат көздемейді. Саясатқа жұмыс істеу керек деген жоспары жоқ. Бірақ, өмірдің өзі - саясат, өмірдің өзі кез келген адамды, саяси ұйымды, кез келген қорды саясатқа араластырып жібереді. Ал ондай жағдайларды елдің мүддесі үшін, адамдардың мүддесі үшін, адамдардың құқығын қорғау үшін, адамдардың еркін ақпарат алуы үшін, сөз бостандығына, демократияға қысым жасалмауы үшін қор тарапынан белгілі бір қадамдар жасауға тура келетін болса, қор оған да дайын, - дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Осы қайырымдылық шаралары ретінде бұл қор сәрсенбі күні «Желтоқсан 86» деген 10 томдық кітап шығарғанын мәлімдеп, осы кітаптың тұсаукесер рәсімін де өткізді. Ол жайлы Рысбек мырза былай дейді:

- Мынау желтоқсан оқиғасының ақиқаты, шындығы толық айтылған жоқ. Мына жарық көріп отырған 10 кітап арқылы біз толыққа жуық қамтыдық деп есептейміз. Бұл кітап алдағы уақытта тағы да жалғасын табады. Бұл кітаптарды шығару кезінде көптеген қиындықтар болды. Баспаханалар алғысы келген жоқ. Өйткені, анау тың тыңдап жүретін «салпанқұлақтар» барлық әрекетті байқап отыр. Және оны біз жасырып-жапқан жоқпыз. Кітаптың шығарылатынын біз ашық жария түрде қолға алдық. Бұл туралы бұрындарда айтылып жатты. Сондықтан бұл кітаптың, әсіресе, мынау құжаттар бөлігін жариялануына кедергі жасалды. Баспаханаларға ескерту жасаған, олар «басамыз» деп келісіп тұрған жерінен бас тартып, әр түрлі сылтаулар айта бастады. Кейбірулері жүрексініп, әр түрлі сөзбұйдаға салып, екі кітап – 8-ші, 9-шы томдар, орысша құжаттар жинағы – басылуы кешікті. Бірақ, бүгін кешкісін қолға тиеді деп отырмыз.

Айта кетерлігі, Рысбек мырзаның айтуынша, бұл қор өздерін көпшілік алдында бірінші рет жариялап отырса да, бұған дейін Алтынбек Сәрсенбайұлының мақалаларының, сөйлеген сөздер жинағының екі кітабын шығарыпты. Одан басқа бұл қор «Шаңырақ» ықшам ауданының баспанасыз адамдарына аз да болса қол ұшын беріп, кемтар, мүгедек балалар үйіне де аздаған көмек беріп үлгеріпті. Осы бағыттағы қайырымдылық шараларды жалғастыра бермекпіз дейді қор жетекшісі, әрі Алтынбектің ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы.
XS
SM
MD
LG