Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.27.2006 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген баспасөз беттерінде, Қазақстанның Парламент Сенатында «Ойын бизнесі туралы» заң жобасы талқыланғаны туралы сөз болады. Сондай-ақ, кейбір басылымдар Республика Бас прокурорының орынбасары Ілияс Бақтыбаевтың, елге әкелінген рулі оң жақтағы автокөліктер техникалық мүмкіндігі жеткенше қолданыста болатыны туралы мәлімдегенін жазыпты.

«Экспресс-К» басылымының, жазуынша елде түрлі ойын мекемелерінің саны соңғы уақытта күрт өсіп барады. Сондай-ақ, құмар ойындарға құмартушылар саны да көбейуде. Сондықтан, Қаржы министрі Наталья Коржованың айтуынша, қоғам қауіпсіздігін арттырып, жастарды құмар ойындарға құнығудан сақтандыру үшін, ойын бизнесін реттеуді қатаңдату қажет. Бірақ, министрдің пікірінше, елде ойын бизнесіне мүлде тиым салуға да болмайды. Ал, ойынханалар мен ойын автоматтарын, белгілі зоналарға көшірудегі басты мақсаттардың бірі Қазақстанда туризмді дамыту, - деп жазады «Экспресс-К».

«Известия Казахстан» басылымы, ойын мекемелерін белгілі бір аймаққа көшіру, әлеуметтік әділетсіздікке әкеліп соқтырады деген сенатор Светлана Жалмағамбетованың пікірін келтіреді. «Казиноға бай адамдар барады, яғни бұл зоналарда тек соларға арналып инфрақұрылым жасақталады. Сондықтан, Шортанды қаласындағы демалыс аймағына келуге табысы төмен жандардың мүмкіндігі болмай қалуы мүмкін», - деп қауіптенеді сенатор. Бірақ, қаржы министрі Наталья Коржованың айтуынша, қазіргі таңда, демалушылардың әлеуметтік мәртебесіне назар аударудан гөрі, Бурабай аумағында өркениетті демалыс түрлерін ұйымдастыру мәселесі алдыңғы орында тұр, - деп жазады «Известия Казахстан».

«Айқын» газетінің жазуынша, талқылау барысында Сенат депутаттары казинолар орналасатын аймақтардың ауқымын кеңейтті. Егер, бұрын ойынханалар шоғырландырылатын резервациялар ретінде Қапшағай су қоймасының оң жақ жағалауы мен Шортанды қаласы ғана белгіленсе, сенаторлар оны Шортанды ауданы мен Қапшағай жағалауы деп ұлғайту туралы шешім қабылдады. Яғни казино иелеріне өз бизнестерін тек Бурабай жағасында ғана емес, Шортанды ауданындағы өзге көлдердің де жағалауында дамытуға мүмкіндік берілмек. Осы өзгерісті заңдастыру үшін Сенат заңжобасын Мәжіліске кері жолдады, - деп жазады «Айқын».

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, «Ойын бизнесі» туралы заң жобасы келесі жылдың 1 сәуірінде, яғни белгіленген мерзімнен 9 ай бұрын күшіне енеді деп жоспарланып отыр. Алайда, сенаторлардың пікірінше, бұл осы саладағы кәсіпкерлер үшін біршама ауыр болуы мүмкін. Дегенмен Қаржы министрі Наталья Коржованың айтуынша, өзге мемлекеттерде жабылған ойын мекемелерінің Қазақстанға ағыл¬мауы үшін осындай қадам жасалып отыр,-деп жазады «Егемен Қазақстан».

Рулі оң жақтағы көліктер туралы ешкім арнайы заң жобасын жасаған жоқ. Бұл туралы сейсенбі күні Бас прокуратурадан мәлімдеді деп жазады «Экспресс-К». Әзірге, тек үкімет деңгейінде жұмыс тобы, рулі оң жақтағы көліктерді елге әкелуге тиым салу жөнінде жоба дайындап жатқаны белгілі. 13 қараша күні Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Ішкі Істер Министрлігі, Жол полициясы комитетінің төрағасы Өмірзақ Түсімов 2007 жылдың басынан бастап рулі оң жақтағы көліктерді елге әкелуге, 2009 жылдан бастап пайдалануға тиым салу туралы бастама көтерген болатын.

Осы уақытқа дейін, елге әкелінген рулі оң жақтағы көліктер техникалық мүмкіндігі жеткенше қолданылатыны туралы шешім, қабылданды. Бұл туралы республика Бас прокурорының бірінші орынбасары Ілияс Бақтыбаев мәлімдеді,- деп жазады «Литер». Ілияс Бақтыбаевтың айтуынша, меншік иелерінен көліктерді ешкім тартып алайын деп жатқан жоқ. Бас прокурордың бірінші орынбасары, рулі оң жақтағы көлік, жыл сайын өткізілетін техникалық тексеру нормаларына сай болса, жүре беруіне болатынын атап көрсетті, - деп жазады «Литер».
XS
SM
MD
LG