Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.28.2006 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген тәуелсіз басылымдар, Қазақстанда болған 2006 жылдың ең айтулы оқиғалары мен жыл қорытындысын жариялапты. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде Қазақстандағы ұлтаралық қатынас жайы сөз болған.

«Жас Алаш» басылымы 2006 жылғы айтылған ең жағымды сан - Қазақстанда қазақтардың саны 9 миллионға жетуі, - деп жазады. Ал, жылдың ең масқара оқиғасы ретінде газет сот орындаушыларының Алматы маңындағы Бақай ауылын жермен-жексен етуін атапты. «Биліктің дүмбілез әрекеттерінің кесірінен Шаңырақта адам қаны төгілді. Атыраудағы түріктер мен қазақтар арасындағы төбелес, Ақтаудағы қала әкіміне наразылық акциясы, Шелектегі бұзақылық – осының барлығы елдің ішкі саясатында елеулі кемшіліктердің бар екенін, билік пен халық арасында диалог дұрыс жүріп жатпағанын көрсетеді» деп жазады «Жас Алаш» газеті.

«Тасжарған» басылымы, 2006 жылғы Қазақстан Президентінің шетелдерге сапарына баса назар аударыпты. Апталықтың жазуынша, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік, ресми, жартылай ресми, барлығы 20 рет шетелге сапарға шығыпты. «Президенттің жаппай шетелдерді аралауы, Қазақстанда мықты сыртқы саяси ұстанымының жоқ екенін көрсетіп отыр. Брюсселде сурет көрмесін ашу, АҚШ-қа сапары барысында лоббистік фирма өкілдерімен кездесу секілді шаралардың Қазақстанның сыртқы саяси мақсаттарына еш әсері жоқ» деп жазады «Тасжарған».

«Экпресс-К» газеті өтіп бара жатқан жылда әлемдік аренада Қазақстанның рейтингісі біршама өсті деген баға беріпті. «Оған Қазақстан экономикасының тұрақты және қарқынды дамуы, сондай-ақ, валюта қорларының біршама көбеюіне ықпал еткен, макроэкономикалық саясаттың дұрыс жүргізілуі ықпал етті. Яғни, түрлі халықаралық агенттіктердің экономикалық көрсеткіштер бойынша жүргізетін зерттеулері қатарында Қазақстанның рейтингісі жоғарылап келеді. Ал, посткеңестік кеңістікте рейтингісі үнемі өсіп отырған жалғыз ғана мемлекет – Қазақстан» деп жазған «Экспресс-К» газеті.

«Қазақстанның маңызды жетістіктерінің бірі - елдегі этносаралық және конфессияаралық келісімнің нәтижелі жүзеге асырылуы» деп жазады «Ана тілі» апталығы. «Қазіргі таңда алуан сипаттағы мәдениеті бар Қазақстан ішкі дүрбелеңнен бойын аулақ салып, ұлтаралық және конфессияаралық татулықты, ішкі саяси тұрақтылық пен келісімді сақтай отырып, қоғамды жаңғырту жөніндегі реформаларды дәйекті жүргізген Еуразия өңіріндегі бірден-бір ел. Ал, Қазақстанда тұрып жатқан, оны өз Отаны деп есептейтін барлық халықтардың береке-бірлігі – қазақтың кең пейілінің арқасы» деп жазады «Ана тілі» басылымы.

Ал, «Свобода слова» апталығы 17 қараша күні Алматы облысы Шелек ауылында қазақ және ұйғыр жастары арасында болған төбелеске байланысты мақалалар топтамасын жариялапты. Болған оқиғаға және оған байланысты баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларға сараптама жасаған газет тілшілері, бұл төбелесті қандай сипатта деп бағалауға болады және жастар арасындағы бұзақылықтың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көпшілікке тарағаны жөн бе еді деген сауалдарға жауап іздейді. Сондай-ақ, «Шелекте болған бұл оқиға, билік тарапынан идеалға, тіпті саяси спекуляция тақырыбына айналған ұлтаралық келісімге сызат түсіп отырғанын көрсетеді» деп жазады «Свобода слова» апталық басылымы.
XS
SM
MD
LG