Accessibility links

Жаңа еңбек кодексінде қай жақтың құқы көбірек жазылады?


«Жаңа еңбек кодексінде жұмыс берушілердің емес жұмыскерлердің құқы көбірек жазылған». Астанада қаңтардың 5 күні заң жобасының Қазақстан парламентінің сенатында талқылауында Республикалық кәсіпкерлер одағының төрағасы Азат Перуашев осындай пікірін жеткізді. Ал, республикалық кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев мүлде қарама-қайшы пікірді ұстанады. Мәжілістен өткен заң жобасы сенаттан кейін президенттің қол қоюына жолдануы тиіс.

Қазақстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсованың мәліметінше, қазір Қазақстанда жұмыс істейтіндер саны орта есеппен 7 миллион 200 мыңға жетті және олардың 63 пайызы жалдамалы жұмысшылар екен.

25 жастағы Мәлік Төлепберген Астанада аула сыпырушы болып істейді. Жаңа еңбек кодексі жасалып жатқанын естіген ол бірінші кезекте заңда жұмыс беруші емес жұмыскердің құқы сақталуы керек деген пікірін білдірді:

- Менің еңбекақым өте аз. Заңға өзгеріс енгізсе деп ойлаймын. Бірақ, біздің құқымыз сақталсын. Мына Астанада бәрі қымбат. Бастықтардың құқы бәрібір сақталған. Оларда билік бар. Ақша да бар. Ал бізге еңбек керек, ақша керек. Біздің ақшамыз көбірек болса, салық та көбірек түспей ме?

Бұған мүлде қарама-қайшы пікірді жұма күні парламентте республикалық кәсіпкерлер одағының төрағасы Азат Перуашев айтты:

- Қазіргі талқыланған осы еңбек кодексі мына жұмысшы құқықтары жағынан маңызды бірнеше қадам жасағалы отыр. Жұмысшылардың құқын кеңейтеді. Бірақ, кей кезде бұл құқықтар жұмыс беруші құқықтарымен, мүддесімен сәйкес келмейтін болды. Мысалы, кез келген мәселеде осы жоба бойынша жұмыс беруші жұмысшылармен ақылдасуы керек. Бір бабын қарағанда, мысалы, өндіріс төмендесе жұмыс беруші не жұмысшыларды қысқарту керек, не жұмыс күнін қысқарту керек. Бір жағынан дұрыс. Бірақ, жобаға салсақ, тіпті осы мәселе бойынша жұмыс беруші жұмысшылармен ақылдасуы керек. Менімше, қалай болса да бұл ішкі жұмыс мәселесі. Сондықтан оны жұмыс берушінің қарауына қалдыру керек.

Ал, кәсіподақ ұйымдары елде еңбекақы мөлшері әлі де кішкентай екенін айтып отыр. Тұрғындар зейнет жүйесімен толық қамтылмаған. Жұмысқа қабілеті бар 8 миллион адамның тек жартысына жуығы ғана зейнетақы жинақтау қорларымен жұмыс істейді деген мәлімет бар. Және олардың тек 2 миллионы ғана қорларға тиесілі жарналарын уақытылы төлеп келеді.

Республикалық кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашевтың айтуынша, бұл заңда мейлінше тепе-теңсіздікті сақтауға тырысу керек:

- Бұл еңбек кодексі дегеніміз - еңбек конституциясы деп айтамыз. Сондықтан екі жақтың да құқығы бірдей болу керек, жұмыс берушінің де, жұмысшының да, кәсіподақтардың да. Қазіргі заң жүйесінде жұмыс берушінің құқығы жоғары тұрады. Жұмыс беруші мен жұмысшының арасына да тепе-теңдік ешқашан болмайды. Қай заңменен оны қалыптастырып биік қойсақ та, бәрібір жұмыс беруші жұмысшыдан биік тұрады. Еңбекақыны сол береді, жұмысты кейін жәрдемақыны жұмыс беруші жасайды. Сондықтан, бұл жерде ешкімге жоғары құқық берудің керегі жоқ. Егер де жұмысшының жағдайы болмаса ұжым қалай дамиды, экономика қалай көтеріледі?

Бастапқыда қолданыстағы еңбек кодексі халықаралық талаптарға сай болсын деп президент Назарбаев жаңа еңбек кодексін жасауға бастамашы болды. Кейін заң жобасына Қазақстан парламенті мәжілісінде көптеген өзгертулер енгізілді. Енді жоба сенатта талқыланып жатыр. Содан соң, парламент заңды қабылдаған соң, тәртіп бойынша, ол президенттің қол қоюына жіберіледі.
XS
SM
MD
LG