Accessibility links

Aлматыда баспасөз өкілдеріне елдегі коррупцияны әшкерелемек болған кәсіпкерді қарулы топ ұстап әкетті


Қаңтардың 16-сы күні Алматыда «Қарағанды-Нан» компаниясының атқарушы директоры Игорь Усатов қамауға алынды. Сейсенбі күні журналистермен жүздесіп арнайы мәлімдеме жасамақ болған Усатовты «Алматы» қонақ үйінің алдында автоматпен қаруланған белгісіз біреулер ұстаған. Кейіннен оқиға орына жеткен Алматы полицейлері ешқандай түсінік бермей отыр. Ал Усатовтың серіктестері болса, бұл әрекет Қазақстанның құқық қорғау орындарының арнайы тапсырмасымен болып отыр, оның мақсаты қаітардың 16-сына белгіленген баспасөз мәслихатын болдырмаудың әрекеті, деп түсіндіреді.

Қаңтардың 16-күні «Алматы» қонақ үйінің алдында күндізгі сағат екі кезінде қамауға алынған ағайынды Игорь және Дмитрий Усатовтарды үстіне азаматтық киім киіп, бетперде тағынған, қолдарында автоматы бар азаматтар ұстап, қолдарын қайырып жеке меншік нөмірлі автокөлікке әкеліп тыққан. Оқиға болған жерге келген «Азаттық» тілшісіне ағайынды Усатовтардың ұсталғанын көзімен көрген олардың адвокаты Оксана Капранова:

«Кім екендері белгісіз бұл азаматтар Усатовтардың қандай мақсатта қамауға алынғаны туралы ешқандай құжат көрсетпеді және өздерін таныстырған да жоқ. Ешкіммен сөйлестірмейді, осы жерде тұрғанымызға 1 сағат болды», деді.

Оқиға орнына қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен адам құқығын қорғаушылар келіп жетті. Алайда олар Усатовтардың қандай себеппен қамауға алынғанын біле алмады. Жиналған топ Усатовтар отырған машинаның жолына тосқауыл қойып, жолдарды жауып тастады. Усатовтардың жақтастары мен азаматтық киімдегі қарулы азаматтар арасындағы тартыс екі сағаттан астам уақытқа созылды. Кейіннен қолы қайырылып көлік ішінде отырған Усатовтардың кішісі Дмитрий Усатов босатылды.

Ал «Қарағанды-Нан» компаниясының өкілі Александр Перегрин осы жерге жиналған жұртшылыққа өзінің көз алдында Игорь Усатовтың қалтасына есірткі салу әрекеті жасалғанын жеткізді. Мұны екі қолы қайырылып машина ішінде отырған Игорь Усатовтың өзі де растады.

Өткен жылдың қазан айының 23-і күні Алматыда «Қарағанды-Нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері арнайы мәлімдеме жасаған еді. Онда олар серіктестік төрағасы Николай Усатовқа дәйексіз айыптар тағылып, ҚР қылмыстық істер кодексінің 88-бабының «а» тармағы, яғни «қастандықпен кісі өлтіруге қатысу» деген бап бойынша іс қозғалғандығы туралы айтқан еді. Мәлімдеме жасаған «Қарағанды-Нан» кәсіпорнының өкілдері бұл айыптың негізсіз екендігін алға тартып, «рейдерлік тәсіл арқылы біреулер Усатовтан кәсіпорынды тартып алуға әрекеттеніп жатыр, рейдерлік шабуылға жоғары билікте отырған шенеуніктердің қатысы деп ойлаймыз», деген болатын.

Ал қаңтардың 16-күні осы жайттарға қатысты алматылық БАҚ өкілдерімен жүздеспек болған «Қарағанды-Нан» компаниясының өкілдері, өткен жылдың желтоқсан айының 28-і күні Астанада Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері ақша бопсалаушылар тобын құрықтағандығын жарияламақ болыпты.

«Олар Усатовтардан 300 мың АҚШ долларын талап еткен. Олар ақша қолға тиген жағдайда «Қарағанды-Нан» компаниясының президенті Николай Усатовқа қарсы қозғалған қылмыстық істің тоқтатылатындығын айтқан», - дейді Александр Перегирин.

А.Перегрин әлгі құрықталғандар тобында үкіметтің канцеляриясында жұмыс істейтін жоғары шенді шенеунік пен Ішкі істер министрлігінің тергеу комитетінің жетекшілігімен жақын қарым-қатынасы бар тағы бір шенеуніктің және Қарағанды облыстық прокуратурысының өкілдері болған деп отыр.

«Олар қажетті ақша белгіленген мерзімде табыс етілмейтін болса Усатовтарды кезекті қорқыту-үркітудің күтіп тұрғандығын айтқан», - деді Александр Перегирин.

Осындай деректерді жариялап, құзырлы орындардан көмек сұрамақ болған «Қарағанды-Нан» компаниясының өкілдері қаңтардың 16-күні түс ауа «Алматы» қонақ үйі алдында жоғарыдағыдай жағдайға тап болды. Арада біраз уақыт өткенде оқиға орнына келген полиция ақпарат құралдарына бұл жағдайға байланысты ешбір түсінік бермеді.
XS
SM
MD
LG