Accessibility links

Қытайлық кәсіпорын Қазақстан арқылы өтіп Ресейдің батысына дейін созылатын автожол салуды ұсынып отыр


Қытайлық компания Қытайдан басталып Қазақстан арқылы өтіп Ресейде аяқталатын автожол салмақ. Бұл туралы «China Road Bridge Corporation» компаниясының өкілдері Астанада өткен Қазақстанның көлік министрлігінің өкілдерімен кездесуінде хабарлады. Қытайлықтар үшін бұл жол өз тауарларын Еуропаға жеткізуге ыңғайлы. Қазақстан үшін транзиттік түсімдермен жол жөндеуге ыңғайлы. Бірақ, қытайлық компания жұмсаған қаржысын Қазақстан бюджетінен өтеп алмақ.

Қазір Қазақстанның көлік министрлігінің өкілдері жолмен көпір салатын Қытайдың «China Road Bridge Corporation» компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатыр. «Оңтүстік-Батыс» халықаралық көлік дәлізін дамыту үшін Батыс Еуропамен Батыс Қытайды қосатын автожол салынбақ. Қытайдың Ляньюньган мекенінен бастау алып Ресейдің Санкт-Петербург қаласында аяқталатын бағыт ұзындығы сегіз жарым мың шақырымға созылады деп көзделді. Жол Қытайдың Үрімші мекенін басып өтіп Ресей астанасы Мәскеуге дейін созылады. Әлбетте жолдың 2700 шақырымы Қазақстан арқылы, оның ішінде Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе қалалары арқылы өтуге тиіс, деп хабарланады. Қытай компаниясы өкілдерімен келіссөзге қатысқан Қазақстанның көлік министрлігінің комитет төрағасы Дулат Көтербековтың айтуынша Қазақстан үшін бұл жол тиімді. «Біріншіден, транзиттік көлік салығы ел бюджетіне түседі, екіншіден, жол жөнделеді», дейді ол. Көтербековтың айтуынша жорамал бойынша жолдар бірінші және екінші категорияға сай болатындай өзгертіледі:

- Бірінші категория деген ол 4 жолақ, 2 бір жаққа, 2 қайтадан. Сонда ол біріншіден қауіпсіздікке байланысты. Екінші категория дегеніміз, 9 метр болады жол ені. Сонда ең үлкен машина «КамАЗ», бір айнасынан екінші айнасына дейін 2,5 метр, сонда 3 машина еркін сияды.

Көлік министрлігінің комитет төрағасы Дулат Көтербековтың айтуынша қытайлықтар өз қаржысын қайтарып беруді сұрап отыр:

- Олар айтады Қазақстан жолдарына ақша салайық сосын ертең Қазақстан қайтарып береді бюджеттен деп. Қайтарып бермесең олар айтады мынау біздің жолымыз деп, сосын біз территориямызды қалай береміз?

Осы жобаны қаржыландыру мәселесіне «Қазына» қоры жауапты. Бірақ «Қазына» қорының маманы Саясат Нұрбектің айтуынша әзірге бұл жоба туралы ақпарат берілмейді:

- Осы жобамен айналысатын маманымыз қазір іс сапарда, келгесін мәлімет береміз.

Осы сияқты жобаларға қатысып жүрген Қазақстандық экономист Арыстан Есентүгеловтың айтуынша бұл жобаны Қазақстан қаржыландыратыны дұрыс:

- Егерде сенің территорияңның үстінен жол салса біріншіден, жұмыс орны ашылады. Екіншіден, территория арқылы өткізгені үшін ақшасын аласың. Үшіншіден, сол жолмен өзіңде жүк тасисың.

Кейбір экологтар жол салу экономикаға тиімді болғанымен қоршаған ортаға кесірін тигізеді деген. Көлік министрлігінің комитет төрағасы Дулат Көтербековтың айтуынша бұл проблема бар, бірақ оны шешуге болады:

- Біріншіден, бұл бар жолдар. Ол текқана жөндеу. Бәрібір барлық жерде машиналар жүріп жатыр. Текқана экологияға байланысты үлкен қалаларда айналып өтетін жол жасау керек, қаланың ішінен өтпесін деп. Мынау үлкен жүк машиналары негізінде Ақтөбенің, Қарағандының, Көкшетаудың ішінен өтеді.

Қазақстандық экономист Арыстан Есентүгеловтың айтуынша экологиялық мәселені шешу үшін, келісім-шартқа арнайы талап жазу керек:

- Келіссөздердің әңгімесі. Егерде талап қойсаң, экологияны бүлдірген кезде айыппұлың шығынан бірнеше есе артық болса жақсы. Осы уақытқа дейін экологиялық талапты бірде бір контрактқа қойған жоқпызғой. Сонымен оларды ұстай алсаң, қытайлар орындайды.

Қазақстан жолдарын жөндеуге кететін сома орта есеппен 2 миллиард 300 миллион доллар болатындығы есептелді. Жоба авторларының айтуынша бұл дәліз арқылы Ресеймен Қытайдың сыртында Өзбекстан мен Қырғызстан арқылы Оңтүстік Азия елдеріне жетуге болады. Осылайша бұл жоба Еуропа, Азия, Ресей, Қытай және Қазақстан елдерінің саудасына септігін тигізеді деп хабарланады.
XS
SM
MD
LG