Accessibility links

Ресей Үндістанмен байланысын дамытуға тырысуда


Ресей президенті Владимир Путин өзінің қырғи қабақ соғыс кезіндегі дос болған Үндістанмен екі жақты қарым-қатынасын жақсарту мақсатында Нью-Делиде жүр. Путиннің бұл сапарында сонымен қатар азаматтық ядролық технология мен қару сату мәселесі де тұр. Бірақ, Совет Одағы құлағаннан бері Үндістан экономикалық алып ел деңгейіне көтеріліп, Құрама Штаттар да Нью-Делиге стратегиялық әрі экономикалық жағынан жақындай бастады.

Бейсенбі күні президент Путин өзінің Үндістан астанасына екі күндік сапарын бастап, тікелей премьер министр Манмохан Сингпен келіссөздерге барды. Бұл сапардың салтанатты түрдегі шарықтау шегі жұма күні Үндістанның Республика күні мерекесіне Путин құрметті қонақ ретінде қатысумен айшықталады. Бірақ, сапардың мәні - Путиннің Мәскеу мен Нью-Дели байланыстарын кеңейтіп, дамытуға тырысуында жатыр. Лондондағы “Чатем Хауз” зерттеу орталығындағы Ресейдің сыртқы саясаты бойынша сарапшысы Юрий Федеровтың айтуынша, Үндістан қарқынды дамып жатқан ел, Мәскеуге Нью-Делидің жеке дара назарын аударуы оңайға түспейді:

“Үндістан көпвекторлы саясатты қолдайды, Ресей Үндістан үшін маңызды әріптес және әзірге жалғызы емес. Үндістан оған қоса Құрама Штаттармен, сондай-ақ, Қытаймен әріптестік байланыстар құруға тырысуда. Үнді-Қытай қарым-қатынасы дамып жатыр”.

Қырғи-қабақ соғыс күндерінде Мәскеу Нью-Делиге тұтынушы ретінде арқа сүйей алған. Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Иванов сол жағдайда Құрама Штаттар, Франция және Израйлмен бәсекелестік артып тұрған шақта оны сақтап қалу үшін жұмыс істеп жатыр. Қорғаныс министрі Иванов Үндістан астанасына Путиннің алдында келіп, әскери саладағы бірқатар келісімдер мен жобаларға қол қойды. Онда тараптар бірігіп алдыңғы қатарлы қырғи ұшақтар жасау, тасымал ұшақтарын бірлесе дамыту, Миг-29 жабдықтарын жеткізу мен оған қосымша танкілер мен қанатты зымырандарды дамыту жағдайлары қарастырылған. Бейсенбі күні “ИТАР-Тасс” ақпарат агенттігі жазып отырғандай, Иванов Үнді-Ресей байланыстары өзгергенін мойындайды. Оның сөзіне қарағанда, екі ел сатушы мен сатып алушының ғылыми және өндіріс ынтымақтастығынан жаңа әскери техникалық ынтымақтастық деңгейіне ауысты.

Бірақ, Үндістанның талаптары Ресейдің тәжірбиесінен асып түсе бастады деген алаңдаушылық бар. Сарапшы Федеровтың айтуынша:

“Үндістан көп жағдайда алдыңғы қатарлы технологияларға қызығушылық танытады, ал Ресей технологиясы соншалықты алға шықпаған, көбісі Совет кезінен қалған”.

Путиннің Үндістан жетекшілерімен тағы бір негізгі келіссөздерінің бірі азаматтық ядролық технология турасында болмақ. Ресей қазіргі таңда Үндістанда екі ядролық зауыт салып жатыр. Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Иванов өздерінің бұл сапар барысында көбірек атом реакторлары жөнінде келісім-шарт жасау үмітін білдірген. Бұл жөнінде Ресей президенті Владимир Путин де бейсенбі күнгі баспасөз мәслихатында атап өтті:

“Біз Үндістанның Кудамкуламдағы ядролық зауыты жобасының аяқталуына аса маңыз беріп қараймыз. Біздің сондай-ақ, бейбіт мақсатта пайдаланылатын ядролық энергетика саласындағы екі жақты ынтымақтастықты дамыту ойымыз бар” -деген Ресей президенті Путин.

Ал, Құрама Штаттар жақында Үндістанға ядролық жабдықтар сату жөніндегі эмбаргосын алып тастады, әрі президент Джордж Буш АҚШ Үндістанға алдыңғы қатарлы жабдықтар сатуға дайын деп мәлімдеді.

Бұл жағдайда Путиннің қолында Үндістанға ұсынатындай басқа карта бар. Яғни, Үндістанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінен тұрақты орын алу үшін берген өтінішіне Ресей қолдау танытпақ. Қауіпсіздік Кеңесінің вето қою құқы бар мүшесі Ресей егер ұйым кеңейсе, Үндістанға қолдау танытатын болады. Сонымен қоса, Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері - Құрама Штаттар, Қытай, Британия мен Франция елі екені белгілі.

Өз кезегінде, Ресей Үндістанмен ынтымақтастығын дамыту үшін Қиыр шығысындағы Сахалин аймағындағы кең көлемді мұнай-кен орындарына барлау жүргізу үшін Үндістан инвесторларын шақыруы мүмкін.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG