Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.01.2007 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген газеттердің бірі Шиелі өңірінде кемтар балалар көбейгендігін мәселе етіп көтеріпті. Тағы бір басылымда Капустин Яр, Азғыр полигондарының зардабын Батыс Қазақстандықтар әлі күнге дейін тартып келе жатқандығы жазылған.

Қызылорда облысының Шиелі өңірінде құбыжық балалардың туылуы жиілегендігі туралы мақала «Жас Алаш» газетінде жарық көріпті. «Қызылорда облысы – экологиясы ауыр аймақ. Тартылып жатқан Арал, жер-жаһанды улап жатқан Байқоңыр өңірі бар. Бұл аз десеңіз, Шиелідегі кен орнында уран ашық түрде өндіріліп жатыр. Газетте жарияланған құбыжық балалардың суреттері осы уран өндірісін құрбандары» делінген мақалада. «Таяуда жүргізілген ғылыми зерттеулердің қорытындысына сүйенсек, швед балаларымен салыстырғанда Қызылорда облысы балаларының денсаулығында 800-ге жуық зиянды өзгерістер, ауытқушылықтар бар екендігі анықталыпты. Соңғы 7-8 жыл ішінде бір ғана Шиелі ауданында 4-5 сиам егізі туылғаны тіркеліпті. Осы ауданда 500-ден аса мүгедек бала тіркелген. Бұл ресми түрде мойындалған деректер ғана. Бір ғана Шиелі ауданында сәбилерде ортан жіліктің іштен туа шығып кетуі күрт көбейген. Егер балалардың денсаулығын жаппай тексеріп шығар болса, бұл көрсеткіштердің еселеп артуы кәдік» деп жазды «Жас Алаш» газеті.

Ал бұл уақытта Капустин Яр, Азғыр полигондарының зардаптарын Қазақстанның батыс өңіріндегі тұрғындары тартып келе жатқандығы «Литер» газетінде айтылған. «Қазақстан мен Ресей шекарасындағы Капустин Яр полигоны алты миллион гектарға жуық аумақты алып жатыр. 1946 жылы іске қосылған бұл полигонда 11 ядролық жарылыс ауада жүргізіліп, басқа да ірі бомбалар мен зымырандар сыналған. Жалпы қортындысында, Батыс Қазақстан облысы аймағына 31 мың тонна ядролық заттар шөгіп қалған. Капустин Ярдан бөлек, бұл аймақта 13 жыл бойы Азғыр атом полигонында 17 жер асты ядролық жарылыстары жүргізілген. Азғырдағы сынақтар не мақсатта жасалғаны әлі күнге дейін құпия сақталып отыр» делінген мақалада. «Енді соның зардаптарын жергілікті тұрғындар тартып келеді. 2003 жылы Батыс Қазақстанның бір ауданында екі аяғы мен бір қолы жоқ қыз дүниеге келген. Ал 2006 жылы бір ауылда көзінің қарашығы жоқ қыз туылыпты. Мамандардың мәліметтері бойынша, Батыс Қазақстанның алты ауданында табиғи ауытқулармен туылған 1600 бала өмір сүріп жатыр. Ал бұл аймақта полигонның ықпалын 30 мыңға жуық тұрғын көрген» деп жазды «Литер» газеті.

Қазақстанда ауру балалар санының көбеюіне біліксіз дәрігерлердің де үлесі бары «Время» газетіндегі мақалада айтылыпты. «Қарағандыдағы балалар инфекциялық ауруханасы үш жыл бойы қатарынан балаларға сальмонеллез ауруын жұқтырып келген. Бұл уақыт аралығында қауіпті вирустың өзіндік штаммы пайда болыпты. Аталған вирус ауруханада жұққан деген күдік ауру балалардың анализін зерттеу барысында туындаған. Зерттеу кезінде вирустың жұғу мекені Қарағандыдағы балалар инфекциялық ауруханасы екендігі анықталған. Облыстық денсаулық сақтау департаментінің бастығы Мәжит Шайдаровтың айтуынша, бұл жағдай аталған ауруханада эпидемиолог-маманның жоқтығынан болып отыр» делінген «Время» газетіндегі мақалада.

Ал «Түркістан» газеті болса Қазақстандағы жетім балаларды кімдер асырап жатыр деген сауалға жауап іздепті. «Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, 1999 жылдан бері Қазақстаннан шетелге 6014 бала асырап алуға берілген. Олардың 5308-ін АҚШ азаматтары өз қамқорлығына алыпты. Қазақстандағы жетімдердің 90 пайызға жуығы американдық ата-аналардың асырауына беріледі екен» деп жазды «Түркістан». «Таяуда Парламент қабырғасында «Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға қосылу және оны ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған. Бірақ еліміздің бала асырау жөніндегі ең басты «импортері» - АҚШ бұл конвенцияға қосылмаған. Содан болар, бір топ депутат аталған заң жобасына қарсы шығып, талқыға түскен құжзат кері қайтарылды» деп жазды «Түркістан».

Ал осыдан біраз жыл бұрын Түркиядағы жер сілкінісі кезінде жақындарынан айрылған қазақстандық Ремзи Мамышева 12 жылдан соң отанына оралғандығы «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде баяндалыпты. «90-жылдардың соңында алты жасар Ремзи шешесімен бірге Түркияға барған. Ал он жасында Түркияда болған жер сілкінісі салдарынан шешесінен айрылған. Апаттан аман қалған Ремзиді өгей әкесі Стамбулдағы балалар үйіне өткізеді. Содан бері Ремзи Қазақстанның әртүрлі мекемелеріне хат жазумен болыпты. Сондай хаттардың бірі 2005 жылы министрліктің біріне түсіп, бір жылдан соң Ремзи Оңтүстік Қазақстан облысындағы ата-әжесіне оралды. Қарт кісілер немересінің аман оралғандығына шүкіршілік айтып отыр» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG