Accessibility links

Халықаралық сарапшылар Қазақстанға азаптауды жоюға бағытталған пәрменді жұмыстар атқаруды ұсынады


Азаптауды жою жөніндегі қауымдастық өкілі доктор Мэтью Прингл шетелдік сарапшыларға Қазақстан үкіметін және түзету мекемелерінің басшыларын ескертпей-ақ сондағы адамдармен сөйлесуге мүмкіншілік жасауды сұрады. Бұл тілегін ол Астанада Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілі Болат Байқадамовпен кездесуінде айтты. Осылайша Мэтью Прингл Қазақстанда азаптауға бақылау жүргізетін мекеме ұйымдастыруды ұсынады. Ал, жергілікті омбудсмен өкілі болса бұл жұмысты жүргізуге адам да, басқа да ресурстар жетіспейтінін айтады.

Азаптауды жою жөніндегі қауымдастық Қазақстанды өткен жылы жазда күшіне енген Біріккен Ұлттар Ұйымының азаптауға қарсы конвенцияның факультативтік хаттамаларына қосылуға шақырды. Қазақстан 1998 жылы Азаптауға қарсы конвенцияны бекіткенімен оның екі хаттамасына әлі қосылған жоқ. Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің бас сарапшысы Александр Топольдың айтуынша, егерде Қазақстан осы құжатқа қосылса, шетелдік сарапшылар Қазақстан үкіметін және түзету мекемелерінің басшыларын ескертпей-ақ, сондағы адамдармен сөйлесуге мүмкіншілік алады. Азаптауды жою жөніндегі қауымдастық өкілі доктор Мэтью Принглдің сұрағаны да осы дейді Александр Тополь.

Топольдың айтуынша, шетелдік сарапшы Қазақстанда азаптауға бақылау жүргізетін мекеме ұйымдастыруды ұсынып отыр.

«Бірақ, бізде бұл жұмысты жүргізуге адам және басқа да ресурстар жетіспейді», - дейді Александр Тополь.

Ресми мәлімет бойынша, Біріккен Ұлттар ұйымының азаптауға қарсы комитеті Қазақстанға адам құқықтарының сақталу деңгейін көтеруіне қатысты 16 ұсыныс жасады. Қазақстан тек 3 ұсынысты орындаған дейді елдегі үкіметтік емес ұйымдар. Ал, Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішевтің пайымдауынша, бұл пікір шындыққа жанаспайды.

«Негізінен, азаптауға қарсы комитет ұсыныстыры міндетті емес. Ұсыныстардың 10-нан астамы орындалған, заңдарға өзгерістер енгізілген», - деді Т.Әбішев.

Алматы облысындағы Тасқарасу ауылының ақсақалы Мырзақан Исабеков, бұрын тергеушілер азаптауды қолмен жасаса, қазір олар адамның психикасына қысым жасайды дейді:

«Бұрын бізде осы адамдарды ұрып-соғатын. Қазір ондай нәрсе жоқ дейді сол изоляторға түскен балалар. 10-15 тәулік жатқандар айтады, бұрын ұратын, ал қәзір ұрмайды, қамаймын деп қорқытады дейді».

Бұрын тергеуші болып істеген, Қазақстандағы халықаралық құқық академиясының президенті Марат Сәрсембаевтің пікірінше, істі болғандарды азаптау оқиғаларының болғаны рас және бұған екі себеп бар:

«Кейбір тергеушілердің кәсіби біліктілігі төмен. Екінші жағынан, асығады. Куәларды тапқанша, сараптама қорытындысын күткенше, адамды қинап жіберіп, тездетіп жіберейік деген жайттар болады».

Сәрсембаевтің пікірінше, полиция қызметкерлерінің кейбіреуі криминалистика деген ғылымның пайдасын біле бермейді. Ал, адам құқығы жөніндегі ұлттық орталық жетекшісі Вячеслав Калюжныйдың айтуынша, қылмыстық кодекске бұрын болмаған азаптау ұғымы кіргізілген.

«Бірақ, адам құқықтарын бұзған тергеушілердің әрекетін азаптау ұғымына кіргізу қиын. Әдетте, оларға лауазымын шектен тыс пайдаланды деген айып тағылады», - дейді Вячеслав Калюжный.

Ұлттық орталық мамандары түсіндіргендей, бұл жағдайда айыпты азаптаудағы баптардағыдай қатты жауапқа тартылмайды. Әрине, сондықтан азаптауға қатысты істер аз қозғалады дейді мамандар. Бас прокуратураның ресми мәліметі бойынша, Қазақстанда 2001 жылдан бері кісі азаптаған жауапты адамдарға 4 қылмыстық іс қозғалған. Ал, үкіметтік емес ұйымдардың мәліметінде, азапталғандардан түсетін шағымдар бұдан әлдеқайда артық екені жазылған.
XS
SM
MD
LG