Accessibility links

Ауған соғысына қатысқан қазақстандық азаматтар ардагер ретінде хұқықтық мәртебеге ие болуды көздеп отыр


Кеңес әскерінің құрамында кезінде Ауған жеріндегі соғысқа қатысқан қазақстандықтар өздеріне «соғыс ардагері» деген хұқықтық мәртебе берілгенін қалайды. Ауған соғысына қатысқандардың пікірінше, бұл мәселе Парламент қарауында 10 жылдай уақыт талқыланып келеді, бірақ әлі біржақты шешімін тапқан жоқ. Сондықтан, қазіргі кезде Мәжілісте талқыланып жатқан «Ардагерлер туралы» заң жобасының жұмыс тобында Ауған соғысына қатысқан жауынгерлер Одағының мүшелері де жұмыс істеуде.

Ауған соғысына қатысқандардың бірі, үшінші топтағы мүгедек Тойбаев Дүйсенбек заңды тұрғыда «соғыс ардагері» деп танығанда ғана, қоғам мен билік өкілдерінің ауған соғысына қатысушыларға деген көзқарасы өзгереді деп санайды.

«Мүгедектігім үшін жәрдемақы алу үшін жыл сайын арнайы комиссиядан өтуім керек. Ал комиссиядан өту үшін, мүгедек екенімді дәлелдеп арнайы госпитальға жатып шығуым керек. Осының бәріне жүгіруге жүйкем шыдамайды. Арнайы жеңілдіктер болса, мұның барлығы болмас еді. Ал кезінде Ауғанстанда жүргенде сүзек, бауыр қабынуы секілді инфекциялық аурулармен сырқаттанғандар, бүгінде мүгедектік ала алмай отыр. «Ауғандықтардың» ішінде ең көп қиналып жүргендер де солар. Егер бізге «соғыс ардагері» деген мәртебе берілсе, онда Ұлы Отан соғысының ардагерлері секілді әлеуметтік кепілдіктерге ие болар едік. Ал қазір, заңмен қорғалмағандықтан, шенеуніктерге де өтініш жасап бара алмайсың. Өйткені, олардың айтатын жауабы белгілі, біз сендерді онда жіберген жоқпыз дейді. Ал мемлекет бізге оң көзқарас танытатын болса, онда қоғамның да, билік өкілдерінің көзқарасы да өзгереді», - дейді Дүйсенбек Тойбаев.

Парламент Мәжілісіндегі «Ардагерлер туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Валерий Котович «Ардагерлер туралы» заң жобасында бұл мәселе қарастырылып жатқанын айтады.

«Бүгінде Мәжілісте «Ардагерлер туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобы айналысып жатыр. Ауған соғысына қатысушылардың жеке категория беру туралы тілегін біз ескеруге тырысамыз. Жұмыс тобының соңғы отырысында ардагерлер категориясын талқылаған кезде, Ауғанстандағы және өзге де аймақтық әскери қақтығыстарға қатысушылар деген категорияны бөліп қарастырдық. Яғни, «ауғандықтардың» бұл тілегін біз ескердік. Бірақ бұл әлі жұмыс тобының отырысында ғана. Бұғанға дейін бірқатар қаржылық шығындар қарастырылғандықтан, үкімет бұл заң жобасын Парламентке кері қайтарған болатын. Депутаттар ауған соғысы ардагерлері үшін материалдық жеңілдіктер алу мәселесін шешуге күш салады», - деді депутат В.Котович.

Ал, ауған соғысына қатысқандардың бірі, запастағы генерал-майор Мұрат Қалматаев ардагерлер туралы заң жобасы Парламент қарауында 10 жыл бой талқыланып келе жатқанымен, әлі күнге жобаға депутаттар тарапынан қажетті көңіл бөлінбей отырғанын айтады.

«Сөйлескен кезде әр депутат, иә өте маңызды, біз ауғандықтар туралы ойлауымыз керек деп айтады да. бірақ, қол қою керек болса, дауыс беру керек болса, ол сөздерін ұмытып кетеді», - дейді «Нұр-Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Мұрат Қалматаев.

«Азаттық» радиосына берген сұхбатында Ауған соғысы ардагерлерінің Алматы қалалық Одағының төрағасы Марат Әбдішүкіров, көршілес Қырғызстанда Ауған соғысына қатысушылардың Кеңес өкіметі кезіндегі материалдық жеңілдіктері сол қалпында сақталғанын алға тартты.

«Кедей мемлекет саналатын көрші Қырғызстанда Кеңес дәуіріндегі жеңілдіктер сақталған. Ал бізде барлық жеңілдіктер мемлекеттік жәрдемақымен алмастырылды. Шілде айынан бері 6000 теңгеге жуық жәрдемақы алудамыз. Оның өзінде Президент жарлығымен жәрдемақылар мөлшері көтерілді. Оған дейін 2200 теңге болған. Барлық жеңілдіктер осы ақшамен алмастырылды. Бұл тіпті қоғамдық көлікке де жетпейді. Ауғанстанға барған әрбір алтыншы жауынгер кемтар болып оралды. 90 пайыздайы сүзек, іш сүзегі, бауырдың қабынуы ауруларына шалдықты. Қазір сол аурулар асқынып, кемтарлар саны көбейіп барады. Оларға өмір сүретін қаражат керек. Сондықтан, ауған соғысы ардагерлерінің материалдық жағдайы өз алдына жеке әңгіме», - дейді Марат Әбдішүкіров.

Ауған соғысы Ардагерлерінің төрағасы Шәріпбай Өтегенов, Мәжілістегі «Ардагерлер туралы» заң жобасымен айналысып жатқан жұмыс тобында Ауған соғысы ардагерлеріне хұқықтық мәртебе беру арқылы, материалдық жеңілдіктерге қол жеткізу қарастылып жатқанын хабарлады.

«Келесі аптада өтетін жұмыс тобының отырысында, ақшалай есептерін көтереміз. Қанша ақша кететінін есептейміз. Қазір біз мәртебе беру мәселесін көтеріп жатырмыз. Моральдық жағына мән бергеннен кейін, Үкімет материалдық жағына да мән беретін шығар деген үміттеміз», - деді Ш.Өтегенов.

1979-1989 жылдар аралығында Ауған соғысына Қазақстаннан жалпы саны 22 мың 269 жауынгер қатысқан. Қазір елде ауған соғысына қатысқан 17800 адам тұрады.
XS
SM
MD
LG